Бизнес өрісі кеңейіп келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында кәсіпкерлік саласын дамыту бағытын назардан тыс қалдырған емес. Ол өз сөзінде экономикалық саясаттағы кәсіпкерлердің рөлін атай келе: «Экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күші – шағын және орта кәсіпкерлік болуы тиіс», – деді. Президент «Азамат – бизнес – мемлекет» үштағанын терең қайта құру арқылы бизнесті дамытуға жаңа серпін беруді тапсырды. Мемлекеттің кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі саясатын жүзеге асыра отырып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы бизнеске, оның ішінде кәсібін жаңа ашқандарға мемлекеттік қолдау көрсетудегі жұмысын белсенді жалғастыруда. Қор құрылған кезден бастап Қазақстан бойынша жалпы несие сомасы 11,4 триллион теңге болатын 197 мыңға жуық бизнес жобаны қолдады.
Кәсіпкерлікті ынталандыру ел экономикасы дамуының серпінді ілгерілеуіне ықпал етеді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің нәтижесінде отандық тауарлар мен қызметтер өндірісі дамып, халықты жұмыспен қамту саны артып, тауарлар импорты азая бастағаны байқалады.
Осыған байланысты «Даму» қорының облыс бойынша аймақтық филиалы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарта отырып, мемлекеттен қолдау алып, бүгінде өңірде сәтті жұмыс істеп, ел экономикасын дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпорындарда баспасөз турын ұйымдастырды.
Бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсету – өңірдің ғана емес, тұтас елдің кәсіпкерлік секторын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Баспасөз туры аясында «Жамбыл облысындағы шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтіп, онда аймақтық филиал директоры Бақытжан Исаков журналистерге нәтижелерді баяндады.
Филиал директорының сөзіне сүйенсек, бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бастап өңірде «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» аясында 250,76 миллиард теңгеден астам несие сомасына 4769 жобаға және «Кепілдендіру» құралы бойынша жалпы несие сомасы 73,1 миллиард теңгені құрайтын 4371 жобаға «Даму» қорының 38,3 миллиард теңгеден асатын кепілдігі берілген.
Оның ішінде жыл басынан бері «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы бойынша – 15,5 миллиард теңгеден астам несие сомасына 540 жоба, нақтырақ айтар болсақ, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 13,8 миллиард теңгеге 537 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 1,7 миллиард теңгеге үш жоба, «Кепілдендіру» құралы бойынша жалпы несие көлемі 12,8 миллиард теңгені құрайтын 500 жобаға 7,1 миллиард теңгеге кепілдік берілген.
– Айта кету керек, қордың кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде берілетін қызмет түрлері тегін. Жоғарыда аталған бағдарламаларды жүзеге асыру барысында «Даму» қоры ашылған уақытынан бастап 4 мыңнан астам кәсіпкерге қолдау көрсетті. Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша біз 540 жобаға қолдау білдірдік. Тағы бір мәселе, бізде аудандық деңгейдегі ұсынылатын барлық кәсіп түріне қолдау бар. Ал, қалада болатын болса ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, медицина, білім беру саласына қатысты кәсіпкерлердің жобасы мақұлданады. Одан бөлек, қазіргі уақытта біздегі барлық бизнес процестер автоматты түрде жүзеге асырылады. Егер кәсіпкер біздің қордың қойған талаптарына келісер болса, үйден шықпай-ақ «Онлайн Даму» платформасы арқылы өтінім берсе болады. Сонымен қатар, субсидиялау болса да, кепілдендіру шарттары болсын, барлығына электронды түрде қол қоюға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, біз қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге қаржыны дұрыс бағытта пайдаланып жатқандығы жөнінде біліп отыру үшін мониторинг жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырады, – дейді Бақытжан Оразқұлұлы.
Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері бизнесін дамытуға мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау алған кәсіпорындарды аралады.
Журналистер «Даму» қорының бағдарламаларына қатысқан кәсіпкерлердің нақты бизнес-кейстерімен танысып, жеке кәсіпкерлік иелерінен жеңіл несие алу, субсидиялау арқылы қарыз жүгін жеңілдету, кепілдік алу секілді құралдарды қалай пайдаланғандары туралы жан-жақты ақпарат алды. Сондай-ақ, бизнесті қолдау мен дамытудағы өзекті мәселелер жайлы біліп, кәсіпорын басшыларымен әңгімелесті.
Әуелі «Асылбаева А.Д.» жеке кәсіпкерлігінің – KhanFitness тренажер залының жұмыс барысымен таныстық.
Ең үздік фитнес-технологиялардың басын қосқан және жоғары деңгейдегі жайлы заманауи спорт кешенінің басшылығы «ForteBank»-тен жылдық 14 пайызбен ғимарат салуға және жабдық сатып алуға несие алған.
Жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидия алып, кәсіпорын үшін несие мөлшерлемесі 8,4 пайызды құрайды.
Жеке кәсіпкерліктің атқарушы директоры Абзал Нұрмаханның айтуынша, фитнес залының ашылғанына сегіз айға жуық уақыт болған. Мұнда онға жуық жаттықтырушы, әкімші, гардероб қараушы және техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта саламатты өмір салтын ұстанатын 200-250 келуші үздіксіз жаттығуда. Демалыссыз жұмыс істеп, сапалы қызмет көрсететін фитнес залындағы заманауи құрал-жабдықтар италиялық өнімдер.
Әрі қарай, «Neuro Vita» медициналық орталығына атбасын тіредік. Мұндағы жұмыстармен таныстырған орталық бас дәрігерінің орынбасары, невропотолог Илмира Амалбаеваның сөзінше, былтыр ашылған. Орталықтың эндокринология, неврология, кардиология, медициналық оңалту, анестезиология бойынша ересек тұрғындарға стационарлық, амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуге медициналық лицензиясы бар. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында медициналық орталыққа негізгі құрал-жабдықтарды сатып алу үшін «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамынан жылына 19,5 пайызбен несие беріліп, оның 13,5 пайызын «Даму» қоры субсидиялайтын көрінеді.
Ал, «BDA TRADE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алкогольсіз сусындар, минералды су және бөтелкедегі лимонадтар өндірісін іске қосқан. 2022 жылы компания «Қазақстан Халық Банкінен» айналым қаражатын толықтыруға жылына 19,5 пайызбен несие алған.
Жоба «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бағдарламасы аясында субсидияланды. Енді кәсіпорын үшін несие бойынша пайыздық мөлшерлеме бес пайызды құрайды.
Серіктестіктің бас директор көмекшісі Салим Шадимановтың берген мәліметіне сүйенсек, кәсіпорын қазіргі таңда минералды газдалған сусын және газдалған лимонад өндірумен айналысады. Кәсіпкерлікте екі бригадир, алты әртүрлі жұмыс істейтін жұмысшылар және бас технолог жұмыс істейді.
Қорыта айтқанда, кәсібін өрге домалатамын немесе кәсіп ашамын деген әрбір кәсіпкерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлері өте көп. Ал, осы мүмкіндіктерді құр жібермей, тиімді пайдалана білу – әр кәсіпкердің қаперінде болуы тиіс. Сонда ғана ұтымды кәсіпкерлік құрылып, ел эконмикасы айтарлықтай алға жылжитыны сөзсіз.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді