Сыбайлас жемқорлық саны азаймай тұр
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдау мақсатында күні кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өңір аумағында жемқорлық фактілерінің алдын алу мақсатында жиын өтті. Басқосуда ең әуелі сөз тізгіндеген облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Байболаттың айтуынша, облыс көлемінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сондай- ақ іс-қимыл жұмыстары көңіл көншітерлік емес. Ол өз сөзінде облыс аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу шаралары 4 бағытта жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. – Бұл бағыттар бойынша әр аудан мен әр басқармаға 13 тапсырма және 36 қосалқы тапсырма қарастырылған. Тапсырмалардың барлығы арнайы ақпараттық жүйеге енгізіліп, есебі жүргізілуде. Талдаудың нәтижесінде есепті кезеңде 57 тапсырма орындалмай отырғаны белгілі болды. Оның ішінде, Меркі ауданының әкімдігі 16, денсаулық сақтау басқармасы 8, дене шынықтыру және спорт басқармасы 21, Шу ауданының әкімдігі 7, сондай-ақ табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы 5 тапсырманы орындамаған. Бұдан бөлек, бекітілген кестеге сәйкес, ішкі талдау жұмыстары тамыз айына дейін жүргізілуі керек. Кейбір басқарма тарапынан бұл жұмыстардың уақытында орындалмағаны анықталып отыр. Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру яғни, ақпараттандыру бағытында Меркі және Байзақ аудандары ең аз қаражат бөлген. Осылардың негізінде басты бағыттағы жұмыстарды тиісті деңгейде орындамаған басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің жауапкершілігін қарауды ұсынамыз, – деді Ерлан Байболат.
Бұдан кейін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Дәурен Омаров жергілікті атқарушы органдармен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 92 ішкі талдау жүргізілгенімен, маңызды жемқорлық әрекеттерді және оның тәуекелдерін жоюға бағдарланған тәуекелдер анықталмағанын жеткізді. Айтуынша, аталған департамент өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын «Жасыл Ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен жер, білім салаларында жүргізген. Нәтижесінде «Жасыл Ел – Таразда» 8 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған.
Ал, жер саласында бос жер учаскелері туралы ақпараттардың интернет-ресурстарында толық жарияланбауы, аукцион арқылы сатып алынған жер учаскелері алып-сатарлық объектілеріне айналғандығы, жер Кодексінің талаптарына қайшы келе отырып, конкурсты айналып өту арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру фактілері, жер комиссияларымен жер беру құқығын алу кезінде негізсіз бас тарту сынды тәуекелдер анықталған. Ал, білім саласында 100-ден аса заңбұзушылық орын алып, мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы 207 миллион теңгені құраған. Бүгінгі таңда бұл қаражаттың 55 миллион теңгесі мемлекетке қайтарылған.
Аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы кез келген деңгейдегі әрбір басшы тиісті алдын алу шараларын қатаң қадағалауға алып, жұмыла күресуге шақырды. Облыс әкімі жауаптылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалардың талапқа сай орындалуына мүдделік таныту қажеттігін баса айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін нақты атап өткен болатын. Өздеріңізге белгілі, кейінгі жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы көптеген реформалар жарияланды. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар жүйелі болғаны дұрыс. Сол себепті, мемлекеттік мекемелерде қызметкерлердің теріс әрекетке бармауының алдын алу маңызды. Әсіресе, білім мен денсаулық сақтау салаларында ішкі және сыртқы талдау жұмыстарына айрықша көңіл бөлу қажет, – деген Ербол Қарашөкеев бірқатар аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
«Таңымыз нұрлы, шуақты болсын!»
- Бүгін, 06:21
«Қасиетті қара шаңырақта жемісті еңбек ете беремін»
- Бүгін, 06:11
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




