Төтенше жағдайларды болдырмау – басты назарда

Төтенше жағдайларды болдырмау – басты назарда
ашық дереккөз
Төтенше жағдайларды болдырмау – басты назарда
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Жақсылық Бекбергенов пен облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Жедел-құтқару жасағының басшысы Юрий Салагаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жалпы, аймақтың өртке қарсы қорғанысын облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің 25 өрт сөндіру және құтқару бөлімшелері қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, 2 мамандандырылған өрт сөндіру, 14 өрт сөндіру, 1 өрт сөндіру бөлімдеріне техникалық қызмет көрсету бөлімдері, 4 өрт сөндіру бекеті және 4 құтқару станциясы. Облыс бойынша тәулік сайын жауынгерлік кезекшілікте шамамен 130 өрт сөндіруші-құтқарушы, 30 бірлік арнайы өрт-құтқару техникасы қызмет атқарса, резервте 45 бірлік техника бар. – Осы жылдың 9 айында өрт сөндіру қызметінің бөлімшелерімен дабыл бойынша 3 мыңнан аса шығу тіркелді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 20,54 пайызға көп. Өрттерді сәтті сөндіруге және олардан келетін зиянды азайтуға әсер ететін маңызды факторлар өрт сөндіру бөлімшелерінің шақыру орнына бару уақыты болса, есепті кезеңде облыс бойынша өртті жою уақыты орта есеппен 38 минутты құрады, – деді Жақсылық Жарылқасынұлы. Өрт сөндіру бойынша жұмыстарды тиімді ұйымдастыру дағдылары өзара іс-қимыл қызметтерін тарта отырып, өрт-тактикалық оқу-жаттығулар мен практикалық сабақтар өткізу шеңберінде қалыптастырылып, бекітіледі. Өндірістік объектілердегі өртті сөндіру ерекшеліктерін зерделеу мақсатында облыс аумағында орналасқан өндірістік объектілердің тізімі, сондай-ақ, өндірілетін өнімдердің ерекшеліктері әзірленген. Биыл 9 айдың өзінде 62 өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілген және ірі объектілер мен адамдар жаппай жиналатын объектілерде өрт-тактикалық сабақтар өткізуге 232 шығу болған. Сонымен бірге, өрт сөндіру қызметінде Тараз қаласында күштер мен құралдарды жедел басқару орталығы және аудандық өрт сөндіру бөлімдерінде Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу жүйесі жұмыс істейді. «101», «112» желілеріне түскен барлық қоңыраулар ай сайын талданып, қорытындысы шығарылады екен. Осы жылдың 9 айында «101» желісіне 430 мыңнан аса қоңырау түссе, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға артқанын көрсетеді. Ал, «112» нөміріне келіп түскен бейінді емес бағыттағы қоңыраулар саны 240 мыңнан асқан. Ал, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Жедел құтқару жасағы – іздестіру-құтқару, биіктікте жұмыс атқару, сондай-ақ, террористік көріністер қаупі төнген кезде жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерді құтқаруға байланысты жұмыстармен қатар, облыстың су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бүгінде отрядта 74 құтқарушы бар. Жедел-құтқару жасағында құтқару бөлімшелері, сүңгуір-құтқару және кинологиялық бөлімшелері, сондай-ақ, автокөлікке, жүзу құралдарына қызмет көрсету топтары жұмыс істейді. Осы жылдың 9 айында жасақта атқарылған жұмыстар бойынша 919 жағдайға байланысты жедел ден қою жүзеге асырылған. Сонымен бірге, авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар барысында 216 адам құтқарылып, 59 қаза тапқандардың денесі табылған. Осы кезеңде Жедел-құтқару жасағы жол-көлік оқиғалары кезінде 38 апаттық-құтқару жұмыстарын өткізген. Юрий Константинович құтқару жасағының негізгі қызметтерін де айтты. – Отрядтың басты басымдықтарының бірі – су айдындарында қаза болудың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс жүргізу болса, құтқарушылар облыстың су айдындарында қысқы кезеңде мұз асты балық аулау әуесқойларымен, жазғы кезеңде су айдындарында шомылушылармен, демалушылармен және оқу орындарында сабақтар мен үнемі рейдтер жүргізді. Бұл ретте су айдындарында қауіпсіз жүріс-тұрыс және зардап шеккендерге көмек көрсету жөнінде жадынамалар таратылды, – деді. Сондай-ақ, қызметкерлердің біліктілік деңгейін арттыру мақсатында жалпы теориялық, медициналық, психологиялық, сүңгуір-құтқару, өртке қарсы дайындық бойынша тұрақты сабақтар өткізіледі. Қазіргі уақытта отрядтың қызметі кез келген төтенше жағдайларға уақытылы ден қоюға және адамдардың қаза болуына, тосын жайттарға жол бермеуге бағытталған.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар