Талап-тілектер ескерусіз қалмайды

Талап-тілектер ескерусіз қалмайды
ашық дереккөз
Талап-тілектер ескерусіз қалмайды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданына жұмыс сапарын Көктал ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден бастады. Әуелі Ербол Шырақпайұлы жергілікті тұрғындарды облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен сан саладағы нәтижелі жұмыстар, мәселелер мен алдағы жоспарлармен таныстырып өтті. Ауылдық округ әкімі Серік Қайпулдаевтың айтуынша, ауыл тұрғындары ауыз сумен, газбен толық қамтылған, орта мектеп пайдалануға берілген, мәдениет үйі жөндеуден өткен. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жол да 100 пайыз жөндеуден өткен. Ауыл Таразға жақын болғандықтан, тұрғындар арасында жұмыссыздық мәселесі жоқ. Ербол Шырақпайұлы инвестиция тарту бойынша аудан әкімімен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды. «Көктал, Бурыл, Құмжота, Мырзатай тұрғындары қалаға автобуспен қатынаймыз, бірақ Мәмбет батыр көшесінде аялдама жоқ. Айдаладан түсіп қалғандай боламыз. Оның үстіне, ол жерде жаяу жүргіншілер жолағы жоқ, соған қарамастан, полиция қызметкерлері жолдан өткендерге айыппұл салады. Одан соң Бурылда жарық өшіп, шамдарымыз күйіп кеткен болатын. Сөйтсек, оның тендерін Павлодардағы бір кәсіпкер ұтып алыпты. Ал, ол келісімшарт бойынша жеткізуге екі ай уақытым бар дейді. Сонда Таразда жарықшам жоқ па? Біз екі ай бойы жарықсыз отыруымыз керек пе? – деді ауыл тұрғыны Жамбыл Айтуов. Аймақ басшысы аялдама мәселесі бойынша аталған аумаққа арнайы баратынын жеткізіп, тендерге қатысты келісімшартта көрсетілген жеткізу уақытын қысқарту мәселесін қарастыратынын айтты. – Ең алдымен ауылды көтеруіміз керек. Ол үшін бірінші мақсат – өндірісті көбейтіп, кәсіпкерлікті дамытып, халықты жұмыспен қамту. Әулиеата өңірінің потенциалы өте жоғары, мүмкіншілік мол. Сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалану маңызды, – деген облыс әкімі жиыннан соң көкталдықтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Мұнан соң Ербол Шырақпайұлы Мырзатай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Облыс басшысының айтуынша, аталған ауылдық округте 2 жылда 24 жоба іске асырылған. Ал, ауылдық округ әкімі Асхат Оспанәлиев ауылдағы оң нәтижелі жұмыстарды атап өтті. 163 шаруа қожалығы бар округ сумен, газбен, жолмен қамтылған. Мал басы да айтарлықтай артқан. Былтыр 19, биыл 6 азамат қайтарымсыз грантқа ие болған. Кездесу барысында тұрғындар бірқатар мәселе көтерді. – Ауылда қоқыс үлкен проблема. Тұрмыстық қоқысты ғана алып кетеді, қалғанын ешкім шығармайды. Көшеміз лас. Айына әр үй 500 теңгеден төлесе де, қоқыс толық тазартылмайды. Одан бөлек, қайтарымсыз грант үшін қанша рет жүгірдім, балам жұмыссыз, еш нәтиже жоқ. Талай жылдан бері жүріп жер де ала алмадым. Жер сұрап барсаң ауыл әкімі сылтау айтып шығарып салады. Балабақшамыздың жағдайы да мәз емес, балалардың орындықтары сынып, тозған, – деді тұрғын Гүлмағира Әлиасқарова. Ауыл әкімінің айтуынша, қоқысқа жауапты «Әмзеев» мекемесімен келісімшартта тек тұрмыстық қалдықтарды шығару ғана көрсетілген екен. Облыс басшысы тұрғын тарапынан айтылған барлық мәселені жауаптыларға жан-жақты зерделеуді тапсырды. Жиын барысында мырзатайлықтар «Ауыл аманаты» жобасының игілігін қашан көретіндеріне алаңдаушылық білдірді. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов жобаға былтыр ауданның төрт елді мекені енсе, биыл тағы екі елді мекен енетінін жеткізді. Ал, Мырзатай ауылдық округіне алдағы жылға жоспарланып отыр екен. Басқосудан соң Ербол Шырақпайұлы тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Мұнан соң облыс әкімі аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен жан- жақты танысып шықты. Алдымен Сарыкемер ауылындағы 5 қабатты 60 пəтерлі тұрғын үйлердің (№ 1, № 2, № 3, № 4 ) құрылысы мен және тұрғын үйлерге тартылған газ жүйесімен, көпқабатты үйлер маңындағы каналды бетондау мәселесімен танысты. Мердігері «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерінің айтуынша, №1 үй 70, №2 үй 50, №3 үй 40, №4 үй 20 пайызға аяқталса, инфрақұрылым құрылысы 80 пайызға тәмамдаған. Облыс басшысы жаңа тұрғын үйлерге балалар алаңшасын салу мәселесін кешенді түрде ұйымдастыруға басымдық беріп, жұмыстың сапалы аяқталуын жіті бақылауда ұстауды тапсырды. Мұнан соң Сарыкемер ауылындағы 250 келушіге арналған орталық аудандық емханасына атбасын бұрып, материалдық-техникалық базамен, медицина қызметкерлерінің жұмысымен толық танысты. 3 блоктан және лабораториядан тұратын заманауи емхана жылына 330 мың келушіні қабылдауға қауқарлы. Іссапар барысында Сарыкемер ауылындағы қуаты 2х16000 кВА «ВЛ-35 кВ 35/10 кВ ҚС 2 тізбекті желі 35 кВ құрылысы» нысаны да әкім назарынан тыс қалмады. Мердігері — «АСБ Электромонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90 пайыз аяқталған. Дегенмен, нысанды биыл аяқтау үшін қаражат тапшылығы туындаған. Аймақ басшысы аталған мәселені назарына алатынын жеткізді. Ербол Шырақпайұлы Сарыкемер ауылындағы Байзақ аудандық білім бөлімінің Н.Киікбаев атындағы мектеп- гимназиясына да атбасын бұрды. Аталған білім ошағында бүгінгі таңда 2170 бала білім алуда. 1-сыныптың өзіне 300 оқушы келген. Биылғы түлектерінің 70 пайызы грантқа оқуға түскен білім ошағындағы оқушылардың ғылыми, спорттық жетістіктерімен жеке- жеке танысып шыққан облыс басшысы бала орнының тапшылығына қатысты мәселені де назарына алды. Сапар барысында аймақ басшысы облыстың тарихи-мәдени ескерткішінің бірі – Байзақ датқа кесенесіне соғып, баба рухына Құран бағыштады.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар