«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аудан әкімі лауазымына кандидат ұсынылды

Аудан әкімі лауазымына кандидат ұсынылды
ашық дереккөз
Аудан әкімі лауазымына кандидат ұсынылды
Елімізде биыл алғаш рет аудан және облыстардағы маңызы бар қала әкімдерін халық сайлайды. Сайлау 5 қараша күні өтеді. Бұл сайлау пилоттық жоба ретінде жүзеге аспақ. Яғни, сайлау барлық облыстың қала аудандарында емес, мәслихат бекітіп берген жерлерде ғана өтеді. 5 қарашада елімізде 42 аудан мен үш қала әкімі сайланатын болады. Саяси науқан аймақтағы Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарында да өтеді. Осыған орай бүгін «Amanat» партиясы Жуалы аудандық филиалының кезектен тыс 41-ші конференциясы өтті. Конференция жұмысына партия облыстық және аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері, сонымен бірге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров пен партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қатысты. Партия жиынының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының Жуалы ауданы бойынша көрсеткіштерінің және ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқанында сайлаушылардан түскен аманаттардың орындалу барысы туралы аудан әкімінің есебі болса, екінші мәселе «Amanat» партиясы» қоғамдық бірлестігінен Жуалы ауданының әкімі лауазымына кандидатура ұсыну туралы. Өз сөзінде Мұқаш Зұлқайнарұлы Мемлекет басшысы айтқан үш жыл ішінде орындалуы тиіс экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза есеп берді. Жарыссөзге облыстық саяси кеңестің мүшесі Ермек Абдиваитов шығып, республикалық деңгейде тұрғындар бірінші кезекте медициналық қызметтің сапасын көтеру мәселесін қозғайтынын, яғни халықтың міндетті медициналық жарналардың өз денсаулығын жақсартудағы тиімділігін әлі де сезіне алмай жүргенін, ауылдық жерлердегі ауруханалардың заманауи жабдықтармен қамтылуын сұрайтынын айтты. Жарыссөзге шыққан «Нұрлыкент» бастауыш партия ұйымының төрайымы Сандуғаш Тәуекелова негізінен «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-3-ші бабына сәйкес, «Amanat» партиясы» қоғамдық бірлестігінен Жуалы ауданының әкімі лауазымына кандидат ұсыну үшін аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаевқа сөз кезегі беріледі. Зиядхан Рымбекұлы Жуалы ауданы әкімдігіне Жалғас Мұртазаны ұсынып, кандидаттың өмірбаянымен таныстырды. Конференция делегаттары З.Бүрлібаевтың ұсынысына қолдау білдіріп, Жалғас Мұртазаның кандидатурасы қабылданды.  

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар