Ауылға алғыс жауған күн
Республика күні қарсаңында Байзақ ауданында бірнеше нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Соның бірі – Бәйтерек ауылдық округінің Базарбай елді мекенінде ашылған спорт алаңшасы. Аталған іс-шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев қатысып, ауыл тұрғындарын спорт алаңының ашылуымен құттықтады. Шағын футбол алаңшасының құрылыс жұмысына аудандық бюджеттен 7,5 миллион теңге бөлінген. Оның құрылыс жұмысын «Мүгедек» Арқалық қалалық ерікті мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі жүргізген.
Нысанның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, елді мекенде салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор серпін беретініне сенім білдірді. Ал, Базарбай ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Талант Сәрсенбаев айтулы іс-шараның маңыздылығына тоқтала келе, нысанды іске қосуға үлес қосқан аудан басшылығы мен мердігерге алғысын білдірді.
Жаңа спорт алаңының лентасын аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев пен ардагерлер алқасының төрағасы Талант Сәрсенбаев қиды. Ақ жаулықты әжелер тәттіден шашу шашты. Бұдан кейін шағын футбол алаңшасында Республика күніне арналған турнир басталып кетті.
Бұдан бөлек, ауданда Темірбек ауылдық округіне қарасты Сарыбарақ елді мекенінде «Ардагерлер аллеясы» ашылды. Аталған аллеяның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков қатысып, «Жомарт түлек» жобасы аясында ауыл түлектерінің демеушілігімен беріліп отырған аллеяның ашылуымен құттықтады.
Аллеядағы тұғыртасқа ауылдан шыққан ел азаматтарымен қатар, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер, еңбек және Ауған соғысы ардагерлерінің есімдері қашалып жазылған. Бұл жарқын іске үлестерін қосқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы, ауылдық округ әкімінің грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді.
Айтулы іс-шарада айрықша еңбек сіңіргендердің есімдері еленіп, ауыл түлегі Мақсат Аязбаевқа ауылдастары ат мінгізді, құрмет көрсетілді.
Ардагерлер аллеясының лентасын аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, ауыл қариялары Нұрпейіс Байысбеков пен Елемес Есімов қиды. Тұғыртаста есімдері жазылған тұлғаларға арнап гүл шоқтары қойылып, рухтарына Құран бағышталды.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында Сарыкемер мен Қостөбе ауылдық округтерінде «Асар» жобасы аясында аз қамтылған, көпбалалы екі отбасы баспаналы болды. Жалпы «Асар» жобасы аясында бүгінге дейін Байзақ ауданында 46 тұрғын үй салынып, қоғамның осал топтарына берілген болатын.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді