Қазақ ғылымының қамқоршысы

Қазақ ғылымының қамқоршысы
ашық дереккөз
Қазақ ғылымының қамқоршысы
Қоғамда басшылық жұмыстарды жауапты атқарып жүрген нәзікжандылар аз емес. Сондай көшбасшылық қабілеттің иесі, «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері – Дария Қожамжарова. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің ректоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Дария Пернешқызы 1962 жылы 22 шілдеде Тараз қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген.1979 жылы №5 Жамбыл Жабаев атындағы қазақ орта мектебін, 1984 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша үздік бітірген. Университет қабырғасында жүргенде танымал ғалымдар Манаш Қозыбаев, Салық Зиманов, Мәмбет Қойгелдиев, Серік Құрманғалиев, Карл Байпақов секілді танымал ғалымдардан сабақ алды. Ғалымға деген қызығушылығы оянып, ғылым жолына түсті. Дария Қожамжарова 1984 жылы Жамбыл педагогикалық институтында оқытушы болып еңбек жолын бастады. Республикалық ғылыми кеңестің шешімімен университетте үздік оқыған 150 студенттің ішінен 3 студентті іріктеп, өздерінің жергілікті жерлеріне оқытушылық қызметке жібереді. Олардың ішінде Дария Пернешқызы да бар еді. Осылайша, жауапкершілігі мол жас ғалым студенттер алдында лекция оқыды. Ғылым жолына түскен ұстаз жас болса да, өзінің сағаттарын қызықты сабаққа айналдыра білді. Тарих кафедрасында бес жыл еңбек ете жүріп, озат ұстаздар санатына қосылды. 1989 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университетінің тәжірибеден өтуші ізденушісі болып, ғылымға бет бұрды. Екі жыл ізденуші, сосын аспирант атанды. Сол уақытта ғылыми жетекшісі аталған университеттің сол кездегі ректоры Тоқтар Садықов болды. Ол кезде зерделі аспиранттарды мықты ғалымдар тәрбиелеп, олардың ғылыми жұмысына жетекші болған. Дария Қожамжарова 1995 жылы «1925-1929 жылдардағы қазақ ауылдарындағы әлеуметтік және саяси мәселелер» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Бұл диссертацияның негізгі мақсаты – ашаршылық жылдарындағы қазақ ауылдарының тарихын қамту болған. Кандидаттық жұмыс кеңестік кезеңде басталып жазылғандықтан, ғылыми ықпалды күш оған мүмкіндік бермей, тақырыпты ауыстыруға тура келеді. Дария Пернешқызы диссертация тақырыбын ауыстырғанмен, ашаршылық жылдарындағы қазақ ауылдарының жағдайын бәрібір қамтуға күш салады. Ғылым кандидаты атанған ол 1995- 2001 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Тарих» кафедрасының доценті атанса, 2001 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Педагогика факультеті деканының орынбасары ретінде жемісті еңбек етті. 2001-2010 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Саясаттану және әлеуметтану» кафедрасының меңгерушісі, аталған университеттің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық, Жаратылыстану-әлеуметтану ғылымдары, Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеттерінің деканы қызметтерінде де абыройға бөленді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Тәрбие жұмыстары және қоғаммен байланыс жөніндегі проректоры қызметінде де жаңаша қырынан танылды. 2010 жылы Дария Қожамжарова «Патшалық Ресейдің оңтүстік Қазақстанды жаулап алуы: әскери-отарлық әкімшілікпен жергілікті халық арасындағы қатынас» тақырыбында ХІХ ғасырдың басындағы жағдайларды қамтыған докторлық диссертациясын Алматыда абыройлы қорғап, ғылыми ортадан жақсы баға алған. Сол кездегі Патшалық Ресейдің қазақ даласына қысымшылығы болғанын тарих жоққа шығармайды. Бірақ, кеңес одағы кезінде ондай ақпараттарды айтқызбайтын. Коммунистік партия саясаты идеологияға да, ғылымға да кері әсер етті. Сондықтан, Дария Пернешқызы да докторлық жұмысында осы мәселені тегіс қамтыды. Дария Қожамжарова М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры қызметінде де шебер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көзге түсті. 2013 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры болып тағайындалып, бұл қызметінде де абыройға бөленді. Аталған бес жыл ішінде ол басқарған университет жан-жақты даму үстінде болды. Үздік оқытушылар мен студенттердің шет мемлекеттермен байланысы артты. Оқу орнына университет мәртебесінің берілуіне тікелей ықпал етті. Мұның өзі Дария Қожамжарованың іскерлігін көрсетсе керек. Университет студенттерінің білім мен ғылымға, өнер мен спортқа, шығармашылыққа кеңінен көңіл бөлуіне назар аударды. Олардың бірқатарын ректордың гранттарымен ынталандырып отырды. Дария Пернешқызы қазақтың арда өнері айтысты да кеңінен қолдады. Университет қабырғасында жүрген жас айтыскерлерге 100 пайыздық және 50 пайыздық жеңілдіктер жасады. Тіпті, облыстық жас ақындар айтысында бас жүлдені өзінің жеке қаражатынан тігіп жіберген жомарттығына да куә болған едік. Нәтижесінде, Дархан Әбдіманат, Дидар Апбасов секілді сол кездегі студент айтыскерлер қазіргі таңда елімізге танымал айтыскерлерге айналды. 2008- 2012 жылдары ІV шақырылған Тараз қалалық мәслихатының депутаты ретінде тұрғындардың өзекті мәселелерін жиі көтеріп, елдің нағыз жанашыры ретінде танылды. Сондықтан болар, 2012 жылы V шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына түскенде жоғары қолдауға ие болды. Төрт жыл бойы елдің аманатын арқалап жүріп, сайлаушылардың көңілінен шықты. 2016 жылы VІ шақырылған облыстық мәслихаттың депутаты және облыстық мәслихаттың құқықтық тәртіп, әлеуметтік- мәдени салалар, гендерлік саясат және қоғамдық ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы ретінде жақсы қырынан көрінді. Дария Пернешқызы үш мәрте Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына ие болып, мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталған. Дария Қожамжарова «Ы.Алтынсарин», «ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 20 жыл» медалімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Сондай- ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Жыл патриоты – 2017» номинациясының, Жамбыл облысы әкімдігінің «Көшбасшы әйел – 2017» номинациясының иегері атанды. Дария Пернешқызы 250-ден астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік мақалалардың, 6 монографияның, 5 оқу- әдістемелік құралдың авторы. Өзі де үш ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйіп отыр. 2018 жылдың 18 мамырында Дария Қожамжарова жоғары оқу орындарының ректорларын тағайындау жөніндегі Республикалық конкурстық комиссияның шешімімен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің ректоры қызметіне сайланды. Дария Қожамжарова қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін зерттеп, танытуда көп еңбек сіңірді. 1916 жылғы ұлт- азаттық көтеріліс туралы монографиялар жазғанмын. Басқа да маңызды монографияларым бар. Ғылымдағы белсенділігімді ескере келе Ұлттық Ғылым Академиясының толық мүшесі болып сайладым. Оның бәрі ғылыми ізденістің, ұйқысыз күндердің жемісі деп есептеймін», – дейді ғылым. Бүл күнде Дария Қожамжарова М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетін абыройлы басқарып келеді. Ол өзінің Таразда бастаған бастамаларын Шымкентте де жүзеге асырып, жаңа идеяларымен ерекшелене білді. Соның нәтижесінде аталған университеттің қол жеткізген қомақты табыстарыда бар. Аталған университеттен жас айтыскерлер, талантты ақындар шығып келеді. Олар республикалық, халықаралық байқауларда жүлде алып жүр. Осы жетістіктердің бастауында Дария Пернешқызының іскерлігі тұр. Қазіргі таңда Дария Пернешқызы VІІІ шақырылған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты ретінде де жақсы қырынан танылуда. Аталған мәслихаттағы жастар мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы. Сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін ешқашан ұмытқан емес. Дария Қожамжарова Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезінің, «Amanat» партиясының барлық съездерінің делегаты. Қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі жоғары. Ол қайда жүрсе де, туған жерін ұмытқан емес. Жыл сайын Тараз қаласында әкесі Пернеш Қожамжаровқа арнап, шахматтан турнир өткізіп, өзге де спорттық жарыстарды ұйымдастырып келеді.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар