«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балаларға бақыт сыйлаған «Ботақан»

Балаларға бақыт сыйлаған «Ботақан»
ашық дереккөз
Балаларға бақыт сыйлаған «Ботақан»
Білім әлемінде мектепке дейінгі мекеменің де маңызы бөлек. Балабақшаға барған баланың тәрбиесі мен талпынысы басқаша болады. Бөбекжай бақшасы – маңызы бөлек тәрбие ошағы. Балаларға қуаныш сыйлаған сондай мектепке дейінгі мекеменің бірі «Ботақан» балабақшасы. Ашылғанына 13 жыл болған білім ошағын қазіргі таңда жас маман Толқын Нұрмаханбетова басқарады. Аталған бөбекжай бақшасындағы 12 топта 265 бала білім алуда. Екі жыл бұрын бала саны азая бастаған екен, бөбекжай меңгерушісі бір жарым жастағы бүлдіршіндерге топтар ашу арқылы бұл мәселенің шешімін тауыпты. Балабақшада психолог, логопед мамандарға арналған бөлмелер бар. Спорт залы мен өнер залы бүлдіршіндерге қызмет көрсетеді. Медициналық кабинет, ұлттық кабинет талапқа сай безендірілген. «Ботақан» балабақшасы жыл басынан бері қалалық байқаулардың 8 жүлдесіне қол жеткізіпті. Атап айтқанда, «Ана, әже және мен» қалалық байқауында Самал Қадырова шәкірті Альбина Қазымовамен бірге жүлделі үшінші орынды иеленіпті. Қалалық «Қызыққа толы сәттер» байқауында Салтанат Сыздықбаева екінші жүлдені иеленсе, «Балаларға базарлық: кітап бұрышы» байқауында тәрбиеші Жұлдыз Аманова үшінші орынға лайық деп танылды. Аталған балабақша бүлдіршіндері тіл маманы Назерке Әнетованың жетекшілігімен қалалық «Қазақшаң қалай, балақай?» байқауында ІІ орынды олжаласа, «Өнерлі бала» қалалық байқауында музыка жетекшісі Әйгерім Айтжанның жетекшілігімен ІІІ жүлдеге қол жеткізсе, қалалық «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» қалалық байқауында Фарида Қаратаеваның белсенділігімен жүлдегерлер қатарынан көрініпті. Балабақшаның 5 маманы педагог зерттеуші біліктілігіне ие болған. Атап айтқанда, тәрбиешілер Майра Байдыханова, Гүлжанар Қалышова – өз істерінің шебері. Тәрбиешілер Бұлбұл Нұржаубаева, Роза Закирова, дене шынықтыру жетекшісі Айша Бекболатова туралы да осындай жылы лебізді айтуға болады. Әдіскер Айнұр Тіленшиева, мейірбике Сағыныш Мақұлбекованың еңбек өтілі – 13 жыл. Яғни, осы бөбекжай бақшасы ашылғалы бері осында еңбек етеді. Әдіскермен бірге топтарды араладық. Үш жастағы бүлдіршіндерге арналған орыс тобына білікті маман Жанар Аюпова тәрбиеші. Оның да бүлдіршіндерге үйретері көп. Гүлжан Қаржаулова жетекшілік ететін «Қызғалдақ» қазақ тобының да қызығы таусылмайды. Тәрбиешінің көмекшісі Бейсенкүл Ташенованы да қарбалас жұмыс үстінен кездестірдік. Гүлжан Қаржаулова тәрбиелеп жатқан бүлдіршіндер бізге хорменен ән орындап берді. Төрт жастағы бүлдіршіндер тобының тәрбиешісі Ұлжар Телеубаеваның да білім саласына сіңірген еңбегі ерен. Асханашы Айгүл Шымырбаеваның пісірген тамағы өте дәмді. Бүлдіршіндердің көңілінен шығады. – Біздегі жұмыс барысы осындай. Ел болашағы – балаларды тәрбиелеу жолында аянып қалмаймыз. Мақтаулы мамандар мен тәрбиешілер жеткілікті. Жақында «Ашық есік» күнін өткізіп, ата-аналармен байланысты нығайта түстік. Бөбекжай бақшасының кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлжайна Қанатқызы да ашық есік күніне, балалардың дұрыс тамақтануын қадағалауға ерекше атсалысады. Ата-анамен байланыс жасауға ерекше назар аударамыз, – дейді әдіскер Айнұр Тіленшиева.  

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар