Әскерге баруға баулитын үйірме

Әскерге баруға баулитын үйірме
ашық дереккөз
Әскерге баруға баулитын үйірме
Отанды қорғау, оған адал қызмет ету – әрбір азаматтың парызы. Әсіресе, ер жігіттердің Отан алдындағы борышын өтеу – абыройлы әрі міндетті іс. Әйткенмен, соңғы жылдары бірқатар бозбалалар әскер қатарына баруға құлшыныс таныта бермейді. Балаларды жастайынан әскери өмірге құлшындырып, Отан алдындағы перзенттік парызын сезіндіру мақсатында Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс- шараларды өткізетін облыстық орталықтың «Жас сарбаз» үйірмесі жұмыс істейді. «Жас сарбаз» үйірмесінің курсанттарына әскери қызметті таныстыру мақсатында әскери кафедра мен бөлімдерге саяхат ұйымдастырылып тұрады. Жақында ғана М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әскери кафедрасына саяхат жасалды. Оқу орнындағы жастарды әскери қызметтің қыр-сырын меңгертіп, тәртіппен қызмет ету шараларын үйретіп жүрген ұстаз Абу Мұхтар Кенжеғалиұлымен университеттің алғашқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі Досым Сейтжанов үйірмеміздің курсанттарына арналған саяхатымыздың өз деңгейінде өтуіне үлкен үлес қосты. Облыстық орталықтың «Жас сарбаз» үйірмесі оқушылардың бойында өз еліне деген махаббатын қалыптастырып, оның мүддесі үшін аянбай еңбек етіп, барын сала қызмет етуге тәрбиелейді. Әскери тәртіппен әрбір тапсырылған істі тиянақты әрі уақтылы орындауға бейімдейді. Уақытты ұтымды пайдаланып, ілім үйренуге де, еңбек етуге де үлгерудің жолдарын үйретеді. Сонымен қатар, шапшаң қимылдап, ширақ болуға машықтандырады. Физикалық жаттығулармен қатар, ой зеректігіне баулуда да тиімді тәсілдерді қолданамыз. Сол арқылы жеткіншектің бойында патриоттық тәрбие қалыптастырып, батылдыққа, байқампаздыққа және қырағылыққа тәрбиелейміз. Біздің курсанттарымыз болашақта өз елін, жерін жат пиғылдылардан қорғауда жаудан қайтпас батыр және Отанының тыныштығы мен игілігі жолында аянбас еңбекқор болып шығары анық. Мұндай тәлім-тәрбиені тек дәріс барысында ғана берумен шектелмей, әскери қызметтің барысын көрсетіп, қару-жарақ түрлерімен де т аныстырып отырамыз. Оны арнайы әскери кафедраларға және әскери бөлімдерге апарып, көрсетіп, ондағы жауынгерлермен, сарбаздармен бетпе-бет сұхбаттастырып, ашық пікіралмасумен жеткізуге тырысамыз. Мұндай саяхаттар арнайы жасалған жоспарға сай жиі өткізіліп тұрады. Курсанттарымыз университеттің әскери кафедрасына жасаған саяхаттан алған әсерлерін өз орталығымызда өткен сабақта ортаға салып, айтып, өз араларында әскери қызметтің қызығы мен жауапкершілігін талқылады. Мұндай іс-шараларымыз әлі де жалғаса береді.

Жалғас ИСАХОВ,

Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың «Жас сарбаз» үйірмесінің жетекшісі.

Ұқсас жаңалықтар