Ел аумағындағы екі орталықтың бірі Таразда ашылды

Ел аумағындағы екі орталықтың бірі Таразда ашылды
ашық дереккөз
Ел аумағындағы екі орталықтың бірі Таразда ашылды
«Өзбекстан мен Қазақстандағы былғары және былғары бұйымдары бойынша жоғары оқу орындарының әлеуетін арттыру» REILEAP жобасы аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Shoe Center» білім беру орталығы ашылды. REILEAP жобасының мақсаты – былғарыдан жасалған бұйымдарды жобалаудың жаңа әдістерін үйрететін орталықтар құру арқылы Өзбекстан мен Қазақстандағы былғары өнеркәсібін жаңарту. Орталықтың ашылу салтанатына Грекия, Италия, Түркия, Румыния және Өзбекстаннан келген жобаның шетелдік серіктестері және ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қауымдастығы, былғары және аяқ киім өнеркәсібі кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Орталық Эразмус+ бағдарламасының толық қаржыландыруымен заманауи құрылғылармен жабдықталған. Орталық тренерлері, яғни кафедра оқытушылары мен студенттері Грекия, Италия, Түркия, Румыния елдерінің жоғары оқу орындарында 2 апталық курс негізінде біліктілігін арттырған. Жуырда «Shoe Center» білім беру орталығының ашылуына орай аталған университетте халықаралық форум өтті. Дөңгелек үстел басында жиналған шетелдік қонақтар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы жоба аясында атқарылатын жұмыстар жайлы сөз қозғады. Жобаның үйлестірушісі – Крит техникалық университетінің өкілі (Грекия) Николаос Билалис REILEAP жобасы өнеркәсіпті дамытуда, бірлесіп жұмыс істеуде маңызды екенін айтты. «Былғарыдан жасалған бұйымдардың инновациялық технологиялары» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттердің серіктес жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруға мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Дөңгелек үстелде Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова бірнеше елдің басын біріктіре отырып жұмыс істеуге бағытталған жобаның маңызы зор екенін айтты. «Ғылым мен білімде шекара жоқ» деген Шолпан Алтынбекқызы шетелдік қонақтарға Дулати университетінің тарихы мен даму жолы туралы айтып берді. REILEAP жобасы аясында екі орталық Өзбекстанда, екі орталық Қазақстанда ашылып отыр. Оның бірі Дулати университетінде болса, екіншісі Әуезов университетінде. Орталықтар былғары және былғары бұйымдарын шығаратын компаниялар үшін жаңа қызметтер ұсынады.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар