Әлем жаңалықтары

Әлем жаңалықтары
ашық дереккөз
Әлем жаңалықтары

Израиль армиясы құрлық операциясына дайын

Израиль армиясы Газа секторындағы құрлық операциясына дайындықты аяқтады, бұған әскерлердің қозғалысы мен орналасуы дәлел. Бұл туралы Израильдің мемлекеттік қоғамдық телеарнасы KAN мәлім етті. Хабарламаға сәйкес, бірнеше күннен бері Газа секторы мен Израиль арасындағы шекаралық аймақта Израиль әскерилері мен палестиналық қарулы топтар арасында қақтығыс тіркелмеген. Телеарна атап өткендей, жердегі операция «еврей елді мекендерін қарулы палестиналықтардан тазартқаннан кейінгі соғыстың екінші кезеңі» болмақ. Еске салайық, 7 қазан күні Палестинадағы ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, елдер соғыс жағдайына көшкен болатын. Израиль-Палестина қақтығысы ушыға бастағаннан бері 3478 палестиналық пен 1300 израильдік, сондай-ақ, 13 журналист көз жұмды.

АҚШ пен Египет келісімге келді

Египет президенті Абдель Фаттах ас-Сиси Газа секторына гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктерін өткізу үшін Рафах бақылау-өткізу бекетін ашуға келісті. АҚШ президенті Джо Байден журналистерге жол жөнделіп жатқандықтан, көмек жұмадан кейін жететінін мәлім етті. Ол 20 жүк көлігі алғашқы бөлік екенін атап өтті. Жалпы, гуманитарлық көмек ретінде 150 көлік жіберу жоспарланған. АҚШ пен Египет арасындағы келісім президент Байденнің Израильге сапары кезінде орнатылды. Мысыр өз аумағы арқылы Газа секторына көмек енгізуге келісті. Джо Байденнің сөзінше, бұл уағдаластық бойынша Рафах өткізу пункті арқылы палестиналық анклавқа гуманитарлық жүк тиелген 20 шақты көлік енуі керек. ХАМАС пен Израиль арасындағы соғыс басталған күннен бері қоршауға алынған Газада жүздеген мың адам азық-түлікке, ауыз суға, отын мен дәрі-дәрмекке зәру болып отыр.

Ауғанстанға көмекке 19 миллион доллар қажет

Біріккен Ұлттар Ұйымының «Азық-түлік» бағдарламасы Ауғанстанда жер сілкіністерінен зардап шеккен ондаған мың адамға көмекке 19 миллион доллар жинау туралы өтініш жасады. Айта кетсек, бұл мемлекеттің батысындағы Герат провинциясында соңғы он күнде үш рет зілзала болды. Халықаралық ұйымдар мен Талибан үкіметінің мәліметінше, қуаты 6,5 балға жуықтаған жер дүмпулерінен 25 мыңдай үй қирап, 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 100 мыңдай тұрғын азық-түлікке мұқтаж болып отыр. Сондай-ақ, зілзаладан зардап шеккендерге баспана қажет, ал, қазір ең алдымен шатыр керек. Мұны ұйымның гуманитарлық істерді үйлестірушісі Кабулде өткен брифингте мәлімдеді.

Еуроодақта виза ережесі өзгереді

Еуропалық комиссия туристерге виза беру ережелерін қатаңдатуды ұсынды. Осылайша, ұйым Еуроодақтағы заңсыз көші-қон және қауіпсіздік мәселелерін шешуге ниетті. Қазіргі уақытта «кәрі құрлық» елдері 60 мемлекетпен визасыз режим туралы келісім жасасқан. Яғни, осы мемлекеттердің азаматтары Шенген аймағына 3 айға дейін емін-еркін кіріп-шыға алады. Еурокомиссия мүшелерінің айтуынша, визасыз режимге ие мемлекеттерде мигранттарға төлқұжаттар сатылатын заңсыз жағдай жиі тіркеледі. Сол елдің азаматына айналған кірмелер кейін Еуроодақ аумағына өтуге әрекет жасайды. Мәселен, былтыр осы мемлекеттерден Еуроодақтан уақытша пана сұраған 150 мың өтініш келіп түскен. «Бұл – шамадан тыс жоғары көрсеткіш», – дейді комиссия мүшелері.

Ескі су бөгеттері жөнделмек

Еуропа өзендеріндегі бөгеттердің сыры кетіп, қараусыз қалған. Сол себепті экологияға қауіп төніп тұр. Ал, оның шешімі – қайта жөндеу. Еуроодақ сарапшылары осылай дейді. Әсіресе, Испания мен Эстонияда мұндай мәселе жиі кездеседі. Мамандар ондағы судың сапасын жақсартып, өзен флорасы мен фаунасының жойылу қаупінің алдын алуға кірісіп кетті. Мәселен, өткен жылы Еуропада 330-дан астам бөгет жойылды. Мұның үштен бірі Испанияға тиесілі. Енді 2030 жылға қарай өзендердің 25 мың километр аумағын түрлі кедергіден босатуды жоспарлап отыр. «Бөгеттер судың сапасы мен жерасты суларының деңгейіне әсер етеді, каналдар мен жағалауларды тоздырады. Қоныс аударатын балықтар популяциясының азаюына, тіпті жойылуына әкеледі. Сондықтан, бұған назар аудару керек», – дейді мамандар.

Жасанды интеллект – дәрігерге таптырмас көмекші

Жасанды интеллект Ұлыбританияда дәрігерлер үшін таптырмас көмекші. Лондон университетінің өнертапқыштары ойлап тапқан технологияның ерекшелігі – жүргізіліп жатқан операцияны бейнежазбаға сол сәтте көшіреді. Нейрожүйенің көмегімен мамандар гипофиз ісігімен күресу үшін 200-ден астам операцияның бейнежазбасын талдаған. Жасанды интеллект негізінен бас, ми құрылымын көре алады. Ұлыбританияның ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары мұны теңдессіз технология деп санайды. Тіпті алдағы уақытта жасанды интеллект көмегімен операция сапасын жақсартуға мүмкіндік мол дейді.

Орбитаға зымырандар ұшырмақ

SpaceX алдағы жылы орбитаға 144 зымыран ұшырады. Бұл туралы компания өкілдері мәлімдеген. Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін СпейсХ-тің 74 зымыраны ғарышқа жіберілген. Сондай-ақ, адамды Айға қондыратын жаңа зымыранның сапары да сәтімен іске асып жатыр. Компанияның негізін қалаушы Илон Масктың айтуынша, Айға бағыт алған Starship техникалық жағынан миссиясын орындауға толық дайын. Әлемдегі ең үлкен, ең қуатты зымыранның ұзындығы – 122 метр.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар