Әлеуеті мол әулет

Әлеуеті мол әулет
ашық дереккөз
Әлеуеті мол әулет
Бір ауданға, өңірге жақсы қасиетімен танымал болған азаматтар бар. Олардың бастамасымен жергілікті жерлерде талай игі істер жүзеге асып келеді. Сондай әр қадамы тағылымға толы азаматтың бірі – қордайлық Талғат Нүсіпбаев болатын. Заман ағымын ерте түсініп, алғашқылардың бірі болып «Қордай – Балдырған» жекеменшік балабақшасын ашқан ол көпшіліктің алғысына бөленіп еді. Өзінің отбасына, перзенттеріне ізгілік нұрын себе білген Талғатты бүкіл аудан қадірлейтін. Қазіргі таңда Талғат Нүсіпбаев бақилық болғанымен, ұрпақтары оның жарқын да ұлағатты істерін жалғап келеді. Ізін басқан ұлдары Бекежан мен Нұржан елге жасаған қайырымды істерімен ел ішінде сый- құрметке бөленуде. Осынау үлгілі әулеттің анасы Мира Нүсіпбаева да ұзақ жылғы ұстаздық ұлағатты еңбегімен ерекшеленген жан. Талғат екеуі тәрбиелеген перзенттер де тағылымдылығымен қуантып келеді. Үлкен ұлы Бекежан қауіпсіздік саласының полковнигі болса, Нұржан танымал кәсіпкер. Міне, осындай ұлағатты ұлдар әулеттің ғана емес, өңірдің мақтаныштары. Осы екі перзент биыл Қордай ауданының орталығынан жекеменшік орта мектеп ашып, әкенің ұлағатты ізін жалғап отыр. Ұлдарының осындай елдің азаматы болып қалыптасқанына анасы Мира қуанып, мерейі өсіп жүреді. Мира апай бұл күнде балдан тәтті немерелерін ойнатып, бақытқа кенелуде. Аталған мектеп мыңдаған жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан сайын аталған білім ошағының ашылуына себепкер болған Талғат Нүсіпбаевтың абыройы мен есімі қордайлықтардың арасында биіктей түсетіні анық. «Талғат Бақтыбайұлы – төңірекке тағылымын көп таратқан азамат. Міне, «Әке көрген оқ жонар», демекші перзенттері Бекежан мен Нұржанның игі істері, жарқыратып жекеменшік мектеп ашуы – үлкен іс. Біз Нүсіпбаевтар әулетінің тағылымды істерін таратып айта жүреміз. Жақсылыққа құштар әулеттің талай ізгі істеріне куә болып келеміз», – дейді Жамбыл облысының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай.  

Есет ДОСАЛЫ

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар