Екі адамды ажалдан құтқарған азамат

Екі адамды ажалдан құтқарған азамат
ашық дереккөз
Екі адамды ажалдан құтқарған азамат
Өз өмірін өртке қарсы қызметпен байланыстыруға шешім қабылдаған кез келген өрт сөндірушіні батыр деуге болады. Өйткені, олар күн сайын өз өмірін қатерге тіге отырып, азаматтардың өмірін сақтап қалады. Бүгін біз облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға прапорщигі Бекмұрат Сұрабалдиевтің адам құтқару барысындағы ерлік істері туралы сөз қозғамақпыз. Еске сала кетсек, 3 қазанда түнгі уақытта Тараз қаласының «Қарасу» шағынауданындағы 4 қабатты тұрғын үйдің 4-ші қабатындағы пәтердің бірі өртке оранған болатын. Шақырту бойынша өрт орнына 14 техника мен 50 адам жедел жөнелтілді. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіруші-құтқарушылар үй тұрғындарын жедел эвакуациялауға кіріскен. Нәтижесінде баспалдақ арқылы 50 адам, оның ішінде 20 бала қауіпсіз орынға көшірілді. Өртті сөндіру және тұрғындарды құтқару барысында құтқарушы Бекмұрат Сұрабалдиев күйік алғандығына қарамастан өз өмірін қатерге тіге отырып, пәтерден екі адамды құтқарып алып шықты. Осылайша, Бекмұрат Мырзабекұлының жедел әрекетінің нәтижесінде екі тұрғын аман қалды, оның бірі әйел –улы түтінмен уланып ауруханаға жатқызылса, ал ер адам 2-3-дәрежелі күйік алды. Өзі де дене күйігін алған құтқарушы дереу ауруханаға жатқызылды. Ал, өзі «тілсіз жаудың» тырнағынан құтқарған азаматпен аурухананың бір бөлмесіне жатқызылған Бекмұрат Мырзабекұлы алған жарақатына қарамастан, жас жігіттің қозғалуына көмектесіп, көршісінің тезірек аяғына тұрып кетуі үшін тіпті қасықпен тамақтандырған кездері де болған екен. Иә, қарапайым өрт сөндірушінің осындай жанашырлық қасиетіне қалай сүйсінбейсің! Әріптестері болса Б.Сұрабалдиевтің өзінің 30 жылдық мінсіз қызметінде талай мәрте кәсібилігін көрсеткен ақкөңіл, жанашыр және досқа адал азамат екенін мақтан етеді. Бүгінде Бекмұрат Мырзабекұлы ұжым арасында үлкен құрметке ие және ол үлгілі отбасының отағасы, ұл-қыздары үшін ұлағатты әке, ал немерелерінің сүйікті атасы.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар