Өрт сөндіру көлігін жүргізу – өнер

Өрт сөндіру көлігін жүргізу – өнер
ашық дереккөз
Өрт сөндіру көлігін жүргізу – өнер
Өрт сөндіру қызметі туралы сөз қозғалса, әдетте тек өрт сөндірушілер мен олардың жұмысы туралы жиі айтылады. Алайда, кезекші қарауылдың құрамында қызыл жалынмен күресетіндер тек олар ғана емес, сонымен қатар көбіне елеусіз қалып қоя беретін, бірақ өртті жоюға тікелей қатысатын жандар да аз емес. Өрт сөндіру автокөлігін жүргізушінің міндеті тек өрт сөндірушілерді шақырту орнына жеткізу ғана емес, шындығында оның жауапкершілігі біле білсеңіз ұшан-теңіз. Өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері «қызыл қанатты» темір тұлпарларын үнемі жауынгерлік дайындықта ұстап, өрт және басқа да төтенше жағдайларды жою кезінде аталған техниканы ұршықша иіру солардың тікелей жұмысы. Жеке құрамды оқиға орнына жедел жеткізу, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған құрал-жабдықтар мен ең бастысы – суды дер кезінде бере білу де солардың міндеті. Міне, осындай еңбектің соңында қарапайым жүргізушілер тұратындығын біреу білсе, біреу біле бермейді. Сонымен қатар, жүргізушілер автокөлікті тек жүргізіп қана қоймай, техника бұзылған жағдайда оны өз қолдарымен жөндей білулері де керек. Міне, соның барлығын олар шебер атқаруға дағдыланған. Сондықтан, гаражға кіргенде, сіз оларды тіпті машинаның астында жөндеу жұмыстарын атқарып жатқан жерінен жиі ұшыратуыңыз ықтимал. Өрт сөндіру машиналарын жарамды жағдайда ұстау, ол өз алдына жеке тақырып. Оларға ешнәрсені де кейінге қалдыруға болмайды, техниканы жөндеуге немесе жабдықты ауыстыруға ол өзі үлгеруі тиіс. Себебі, өрт сөндірушінің ең басты құралы – су болса, оны жеткізетін техника. Ал, техниканы жүргізетін – жүргізушілер. Әрдайым көлікті жарамды күйде ұстау – бірнеше жанның өміріне төнген қауіпті жою деген сөз. Осынау бір көзге көрінбейтін, бірақ күнде бетпе-бет ұшырасып, айқасқа түсетін отты майданның тағы бір жауынгерлері – өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілеріне бір сөзбен қысқаша осылай баға беруге болады. Бүгін біз өз саласының майталман мамандары, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушілерін тілге тиек етпекпіз. Олар бір қарауылда бірге жұмыс атқарады және кез келген сәтте бір-бірін қолдауға дайын тұратын азаматтар. Мәселен, жүргізуші-қызметкер, аға сержант Ербол Жарқынбеков азаматтық қорғау органында 2021 жылдың шілде айынан бастап қызмет атқарады. Ол бұған дейін республиканың Қарулы күштерінде 10 жыл қызмет еткен. Ербол Жетпісбайұлы азаматтық қорғау органында аз ғана жыл қызмет еткеніне қарамастан, өзінің кәсіби шеберлігімен және ерекше жоғары жауапкершілігімен өзгелерден дараланып келеді. Тағы бір жүргізуші-қызметкер, азаматтық қорғау аға сержанты Жансерік Құдайбергенов азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдың наурыз айынан бастап қызмет атқаруда. Осы уақыт аралығында Жансерік Жақанұлы өзін тек жақсы қырынан көрсетуде және өрттерді сөндіру мен түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жою барысында бірнеше рет өзінің кәсіби шеберлігін көрсеткен жан. Сондай-ақ, азаматтық қорғау аға сержанты Еркін Қанат та осы салада төрт жылдан аса уақыт кәсібіне адал қызмет атқарып келе жатқан жандардың бірі. Аз уақыт ішінде Еркін Қанатұлы өзін өте жауапты және еңбекқор қызметкер ретінде көрсете білді. Бір сөзбен айтқанда, өрт сөндіру көлігін тәжірибелі жүргізушілер – өртті сәтті сөндірудің басты кепілінің бірі екенін уақыт көрсетіп келеді.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар