Білмегенге маржан

Білмегенге маржан
ашық дереккөз
Білмегенге маржан

Қаржылық сауаттылықты арттыратын кітаптар

Қаржылық сауаттылықты меңгеру кез келген адам үшін маңызды. Табысқа кенелу үшін ең алдымен ақша жинау концепциясы, инфляция және тағы да басқа экономикалық терминдердің не екенін де білуіміз керек. Ендеше, қаржылық сауаттылықты арттыратын кітаптар легін назарларыңызға ұсынамыз.

Бодо ШЕФЕР.

«Қаржылық бостандыққа жетелейтін жол»

Бодо Шефер – атақты бизнес тренер. Ол өз кітабында жетістікке жету психологиясы туралы сыр шертеді. Кедей мен бай адамдардың арасындағы ойлау жүйесіндегі айырмашылықты көрсетеді. Кітапта қаржылық қиындықтарды жеңу жолы мен депозитке, акционерлік қорға ақша салу әдісі көрсетіледі. Кітаптағы ерекшелік – қарапайым халық үшін өте түсінікті тілмен және мысалдармен келтірілген.

Р.КИЙОСАКИ.

«Ақша ағынының еселенуі»

Автор кітапта әлемдік капиталдың бөлінуі мен жұмсалу сырларымен бөліскен. Неліктен инвесторлардың дағдарысқа ұшырайтынын, тәуекелсіз қалай табысқа кенелуге болатынын айтады. Кітапты жадына түйген адам қаржы эрасында өзін-өзі жоғалтып алмайды.

Дж.КЛЕЙСОН.

«Вавилондағы ең бай адам»

Кітап 1926 жылы жарық көрді. Алайда, кітаптағы оқиғалар Ежелгі Вавилон тарихынан сыр шертеді. Тіпті, сол замандағы қаржылық тактикалардың әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтпағанын көруге болады.

Д.ТРАМП.

«Мәміле жасау өнері»

Дональд Трамп кітабында жылжымайтын мүліктермен жұмыс істеу әдісі, бизнес серіктестермен және мемлекет басшыларымен байланыс орнату жүйелері туралы көп ақпарат берген. Әрине, Америка нарығы отандық нарықтан әлдеқайда алыс. Бірақ бұл кітап арқылы Трамптың өмірінен алынған тактикаларды өз кәдеңізде жарата аласыз.

В.САВЕНОК.

«Қызым үшін жинаған миллион. Кезеңдік жинақтау жоспары. Бизнестегі табиғи заңдылықтар»

Автордың ерекшелігі – болашаққа негізделген жоспарларды алға тартады. Қаржы құралдарын қалай қолдану керек, инфляциядан зардап шекпеу жолдары сияқты мәселелерді қаржыгер ретінде оңай түсіндірген.

А.ПАРАНИЧ.

«Жеке қаржылық жоспар. Нұсқаулық»

Экономикалық тәуелсіздікке жету үшін қаржылық жоспар керек. Андрей Паранич ақшаны қайда, қалай жұмсау керек деген қарапайым сұрақтарды ашып түсіндіреді. Қарыздар мен несиелік құлдықтан құтылу жолын көрсеткен.

Д.ГОЛДИ, Г.МЮРРЕЙ.

«Инвестициялық жауап. Қаржылық болашағыңды қалай қорғау керек?»

Өте қысқа да нұсқа жазылған кітап. Авторлар капиталды жинау жолдарын таныстырады. Акция мен облигация туралы кеңінен ақпарат беріп, тиімділігі мен қауіптерін көрсеткен. Қаржы бойынша көптеген ақпараттар білуге болады.

Д.КОНАШ.

«Сақтау және көбейту. Ақшаны сауатты басқару»

Дмитрий Конаш – сәтсіздік пен жетістікті қатар сезінген атақты инвестор. Теориялық білімнен бөлек онда практикада кездесетін оқиғалар туралы көп жазылады. Осы кітаптан жеке портфель құру, оны дамыту тәсілдері туралы ақпарат алуға болады.  

Интернет материалдары негізінде дайындаған

Мақпал САМАТҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар