Жұмыспен қамту шаралары жүйелі орындалып келеді

Жұмыспен қамту шаралары жүйелі орындалып келеді
ашық дереккөз
Жұмыспен қамту шаралары жүйелі орындалып келеді
Президентіміздің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы еліміздің қоғамдық өмірінде басты оқиға болып табылды. Өйткені, бұл – жаңа міндеттер, жаңа үміттер, жаңа жетістіктерге ұмтылыс. Жолдауды еліміздің биылғы және алдағы дамуы мен өркендеуінің тыңғылықты түрде әзірленген жоспары деуге негіз бар. Онда қол жеткізген жетістіктеріміз бен шешілуі тиіс мәселелердің бірде-бірі ұмыт қалмаған, қоғамды толғандырып жүрген жағдайлардың барлығының жөн-жобасы айқындалып, оларды оңтайлы шешудің жолдары көрсетілген. Президентіміз экономикамыздың барлық саласын қамти отырып, әр салада атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді. Соның ішінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы бойынша да біз өзімізге бекітілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарып келеміз. Жалпы, мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын, соның ішінде Президенттің Жолдауындағы әлеуметтік мәселелерді іске асыру Жуалы ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан негізгі үш бағытта жүзеге асырылуда. Олар – халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға жәрдемақылар төлеу және мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету. Мемлекетіміздің ең пәрменді әлеуметтік саясаты өнімді еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын жасақтау болғандықтан, Президенттің Жолдауларында халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Жолдауға сәйкес, халықты жұмыспен қамту бағытындағы жаңа саясат тетіктері белгіленіп, оны жүзеге асыруда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша аудан халқының саны 50 мың адамды құраса, жұмыс күші – 27 мың адам. Жұмыспен қамтылған халық саны – 25,8 мың, оның ішінде жалдамалы жұмысшылар 16,2 мың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 9,5 мың адамды құрап отыр. Жұмыссыздар саны 1,2 мың адам, жұмыссыздық деңгейі – 4,5 пайыз. Негізі халықты жұмыспен қамту мәселелері 2022 жылдан бастап Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Жоба аясында биыл аудан бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 3719 адамды тарту жоспарланып, 1397 адам белсенді шараларға тартылды. Жоспар 37,5 пайызға орындалды. Сондай-ақ, жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 3129 адам болса, есепті кезеңге 1072 адам жұмысқа орналасып, жоспар 34,2 пайызға орындалып отыр. Сонымен қатар, Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында электронды еңбек биржасына енгізілетін жұмыс орындарының жоспары 189 орын болып бекітілсе, оның ішінде тұрақтысы 131 орынды құрады. Есепті кезеңге барлығы 19 жұмыс орны құрылып, жоспар 10 пайызға орындалса, оның ішінде 7 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл бағыттағы жобалар жаңадан басталды және жергілікті жұмыссыздарды жобаларға жұмысқа тарту бойынша тиісті іс-шаралар жалғастырылуда. Әлеуметтік жұмыс орындарына 110 адамды жолдау жоспарланып, есепті мерзімге 83 адам жолданды. Жастар тәжірибесіне 230 түлекті жолдау жоспарланып, бүгінде 33 адам жолданды. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 639 адам тарту көзделсе, әзірге 404 адам жұмыспен қамтылды, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 50 адамды қамту қажеттілігі бар, қазіргі таңда 15 адам жұмыс істеуде. Ал, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасында белгіленген 2 адам жолдамаға ие болды. Зейнетке дейінгі азаматтарды қолдау бағытында қолға алынған «Күміс жас» жобасымен 69 адамды қамту көзделіп, оның 47-сі жұмыстарын атқаруда. Жалпы субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан 563 жұмыскердің ішінде «е – HR» жүйесінде 252 адамның электронды еңбек шарттары рәсімделіп, тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасқандар - 488 адам, «е – HR» жүйесінде 251 адамның электронды еңбек шарттары рәсімделді. Бұл бағытта іс-шаралар жалғасуда. Биыл 4 айда өңірде жұмыс берушілермен жарияланған вакансияларға тұрақты жұмыс орындарына жалпы 488 жұмыссыз азамат орналастырылды, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 43 адам, электрондық еңбек биржасы арқылы 445 адам. Бүгінде қайтарымсыз гранттар әлеуметтік осал топтарды қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі. Биыл аудан бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына яғни, 73 адамға Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 100,7 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып, бүгінде 18 адам 24,8 миллион теңгенің гранттарын алды. Сондай-ақ, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша онлайн оқыту курстарына 335 адам қатысып, 197 адам оқуларын аяқтап, тиісті сертификаттарын алды. Ел Президентінің Жолдауына сәйкес, биыл жастардың кәсіпкерлік бастамашылықтарына 2,5 пайызбен микрокредит беру қаралып отыр. Осы мақсатта ауданда 19 адамға 95 миллион теңге көлемінде микрокредит беру жоспарға енді. Несие беру наурыз айында басталып, бүгінде ауданда құны 104 миллион теңгені құрайтын 23 жоба қабылданып отыр. Әзірге олардың жалпы құны 64,3 миллион теңге құрайтын 14 жобасы мақұлданды. Есепті мерзімде аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша 2675 адамы бар 482 отбасының өтініштері оң шешімін тауып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Халықты жұмыспен қамту бағытындағы маңызды шаралардың бірі – жастарды жұмыспен қамту. Президент өз Жолдауында да бұл мәселеге айрықша тоқталды. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес, аз қамтылған отбасыларына жәрдемақылар төлеу бағытында да түбегейлі оңды өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасын енгізу басталды. Бұл карта әлеуметтік мәртебесіне қарай кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы әрбір азаматқа ақпарат берудің құралы. Яғни, азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы». Осы карта әлеуметтік көмек алатын азаматтарға тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады. Қорыта айтқанда, Жолдау жүктеген ауқымды міндеттерді өз құзыреті шегінде жүзеге асыру біздің басқарманың басты міндеті болып қала бермек.  

Нұрбол КӘРІБАЙҰЛЫ,

аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар