Сыбайлас жемқорлықтың салдары ауыр

Сыбайлас жемқорлықтың салдары ауыр
ашық дереккөз
Сыбайлас жемқорлықтың салдары ауыр
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік- экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Біздің ел – тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған бірінші және бірден-бір мемлекет. Мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмыстарының нәтижесі мен тиімділігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері Президенттің жеке бақылауында. Сыбайлас жемқорлықтың өзекті мәселелері, оның пайда болуы, онымен күрес жүргізудің қылмыстық-құқықтық құралдары қызу пікірталас тудыруда. Сыбайлас жемқорлық сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі сәйкесті буындарды тұншықтырып, олардың қалыпты, заңды қызмет жасауына кедергі келтіреді. Ал, іс жүзінде бірқалыпты дұрыс қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына, оның мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қабілетті. Сондықтан да, мемлекеттік басқару жүйесін қорғау, оған қылмыстық қолсұғуды болдырмау ең маңызды мәселе. Өйткені, мемлекеттік аппарат қоғамды басқару жүйесінің қажеттілігі, ондағы әртүрлі процестердің реттеушісі. Жалпы, сыбайлас жемқорлықпен күресу жеке адамдардың немесе жекелеген топтың ғана емес мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы. Осыны шынайы орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан дүниесін ұдайы таза, адал ұстауы тиіс. Сонда ғана олар қарапайым халықтың сенімін ақтап, қоғамның тежеусіз дамуына үлес қосқан болар еді. Сыбайлас жемқорлықтың көптеген түрлері, яғни көріністері бар: парақорлық, тамыр- таныстық, қоғамдық ресурстар мен қорларды заңсыз бөлу және қайта бөлу, қоғамдық ресурстарды жеке мақсатта заңсыз иемдену, заңсыз жекешелендіру, саяси құрылымдарды заңсыз қолдау және қаржыландыру, бопсалау, жеңілдікті несиелер, тапсырыстар беру, әйгілі «блат» (қоғамдық ресурстарға қол жеткізу үшін жеке байланыстарды пайдалану). Мұның қай түрі болмасын, ауыр қылмыс һәм заң бойынша жазаланады. Осыған орай, 2023 жылғы 29 тамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының «Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдарды көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы қабылданды. Құжат осы жылдың 15 қыркүйегінде күшіне енді. Бұл ретте бұйрықтың басты міндеті – қазақстандықтарды парақорлыққа қарсы белсенді күресуге шақыру. Қазақстандықтар ақшалай сыйақының болуына қарамастан, жемқорлық туралы хабарлауға құлықсыз. Мұның басты себептері – қорқыныш және жұмыс орнынан босатылу қаупі. Бірақ биыл қолданысқа енгізілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдар қылмыстық іс жүргізу және еңбек кодекстеріне сәйке с мемлекеттің қорғауында болады, сонымен қатар «қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен де қорғалады. Олармен арнайы келісім жасалып, сотта хабарлаушының қорғалуына кепілдік беріледі. Қорыта келгенде, сыбайлас жемқорлықпен күрес кез келген мемлекет үшін өзекті проблемалардың бірі. Барлық елде оның трансұлттық сипаты танылып, оған қарсы экономикалық, құқықтық және басқа да шаралар қолданылуда. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.  

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ

 

Ұқсас жаңалықтар