Тазалық туған жерден басталады

Тазалық туған жерден басталады
ашық дереккөз
Тазалық туған жерден басталады
Тазалық тектілік негізі екені белгілі. Оған қоса әрбір саналы адам өз маңайын таза ұстауға міндетті. Алайда, осыны көп адамның ескере бермейтіні өкінішті. Еліміздің әр аймағында қазір тазалықтың екі айлығы өтіп жатыр. Соған сәйкес әр аптада сенбілік жұмыстары жүргізіліп тұрады. Аталған шараны Шу ауданы тың серпінмен атқарғанды жөн көріп, тұрғындарды тазалық жұмыстарына сайыс арқылы ынталандыруды көздеді. Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Таза мекен» атты тазалық жарысы ұйымдастырылды. Аудан орталығында өткен шараны аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев ашып, жарысқа қатысушылардың сауапты істеріне сәттілік тіледі. – Ортақ үйіміз – өз қаламыздың тазалық жұмыстарын жарыспен жүргізу үлкен іс-шара. Бұл жас ұрпаққа үлгі, көше тазалығымен айналысатын жандарға құрмет, туған өлкеге деген махаббат. Әрі сенбілік, әрі жарыс болған іс-шараға қатысуға бел буған сіздерге алғыс білдіремін. Сонымен қатар, сайыстарыңыздың сәтті өтуіне тілектеспін. Туған жерді таза мекенге айналдырайық, – деді Найман Кенжеханұлы. Мұнан кейін жарысқа қатысуға өтінім берген 5 адамнан құралған 13 топ Төле би ауылдық округінің әкімі Азамат Ошанов ұсынған көшелерге түсіп, қоқыстарды сұрыптап жинауға кірісті. Айналасы 2 сағат ішінде 21 көшеден 195 қап қоқыс жиналып, барлығы 1 тонна 909 килограмм қоқысты жүк көліктеріне тиеді. Ұйымдастырушылар әрбір топтың жинаған қоқысқа толы қаптарын таразыға тартып, жеңімпаздарды анықтады. Төле би ауылында тұңғыш рет өткізілген жарыста С.Шәкіров атындағы орта мектептің жас ұстаздары бірінші, М.Әуезов атындағы орта мектептің тобы екінші, Бірлік ауылының тобы үшінші орын алып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар, барлық қатысқан топтарға бағалы сыйлықтар берілді. Бір айта кетерлігі, бұл жарыста бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері, жеке кәсіпкердің тілді дамыту орталығы мамандары белсене қатысты. Сондай-ақ, Төле би ауылындағы білім ошақтары, оның ішінде М.Әуезов атындағы орта мектеп ерекшеліктерімен көзге түсті. Олар жарысқа 3 топ қатыстырып, біркелкі киім үлгісімен келді. Сыртқы бейнелерімен олар ортақ бір мақсатқа жұмылғандарын байқатты. Ұйымшылдықтарымен өзгелерді де сүйсіндірді. – Шу аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен тазалық бағытында жыл басынан бері 70 іс-шара өтіп, оған мыңнан аса жас қамтылған. Оның ішінде республикалық «Киелі табиғат» акциясы ұйымдастырылып, жастар Баласағұн қалашығында тазалық жұмыстарын жүргізді, – дейді орталық директоры Ғани Қойбағаров. Қоршаған ортаның тазалығын сақтап, Табиғат-Ананы қорғау мақсатындағы көпшілік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Оған тұрғындар да өз үлестерін қосатындарын айтуда.  

Байжан ЕМБЕРДІ,

журналист.

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар