Жол жөндеу жұмыстары қарашада аяқталады

Жол жөндеу жұмыстары қарашада аяқталады
ашық дереккөз
Жол жөндеу жұмыстары қарашада аяқталады
Қазіргі таңда Тараз қаласында бірқатар көше жолдарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Күн суыта бастағанда жолдардың жөнделіп жатқанына, көлік кептелісін тудырып тұрғанына талай тұрғын наразы пікір де айтып жүр. Ал, жөндеу құрылыстарының сапасы бөлек әңгіме. Міне, осындай екіұшты ойларға нақты жауап табу үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Өңірлік коммуникация қызметімен бірлесіп баспасөз турын ұйымдастырып, журналистерді құрылыс басына апарып, ондағы жағдайды баспасөз арқылы елге жеткізуді көздеді. Жол құрылысының сапалылығы турасында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтып, тапсырып жүр. Кезекті бір кеңесте Мемлекет Басшысы «Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі. Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек. Мердігерлер өздерінің кепілді міндеттемелерін қалай орындап жатыр? Жалпы, осы жұмысқа ұзақ жылдар бойы тек белгілі бір мердігерлер ғана қатысады. Бұл сұраққа Үкімет жауап беруі керек. Мемлекеттің тапсырысын орындаймын деп келген кез келген мердігердің басты міндеті – сапалы жұмыс. Сондықтан, оларға қойылатын талап та қатаң болуға тиіс» деген еді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қайта жаңғырту жобасымен жөнделіп жатқан Тараз қаласындағы Шостакович көшесінің сметалық құны 515 миллион теңге. Жалпы ұзындығы 2,5 километрді құрайды. Облыс әкімдігі жол басқармасының автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейтбековтің айтуынша, құрылысты мердігер «UNISERV» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр, техникалық қадағалаушы – «Қабылан эксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Яғни, бұл жөндеу «Жеңіс» саябағынан бастап Саңырақ батыр көшесіне дейін созылады. Құрылысты жүргізуші мердігер компанияның өкілі Майра Молдабаева жоба өтпелі болғандықтан биыл асфальттың бір қабаты, келер жылы екінші қабаты төселетіндігін айтты. Мердігер компания өкілі қайта жаңғырту құрылысын ауа райы суытпай тұрып аяқтап үлгеретіндерін айтып отыр. Тағы бір жөнделіп жатқан жол 15 шағынауданындағы №2, 3, 4, 5 көшелерде жүргізілуде. Ол жолдың 6 километр 600 метр ұзындығына қазір 317 миллион теңгеге «B-grass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орта жөндеу жұмыстарын атқаруда. Жоспар бойынша 25 қарашаға дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталуы керек. Бүгінде жөндеу жүргізіліп жатқан тағы бір жол Тараз бен Байзақ ауданының арасын жалғайтын Апатаев көшесі. Бұл жол орта жөндеуден өткізілуде. Жолдың ұзындығы – 3,5 километр, ал құрылыс жұмыстарының құны – 228 миллион теңге. Мұндағы жөндеуді жүргізуші мердігер – «РАУАН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл нысандағы жөндеу жұмыстарына 16 бірлік техника жұмылдырылған. Жобаның аяқталу мерзімі желтоқсан айына жоспарланған, алайда құрылысшылар алдағы 15 қарашаға дейін аяқтауды көздеп отыр. Дәл қазір мұндағы жұмыстың 35 пайызы орындалған. – Биыл облыста қайта жаңғырту бойынша 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Тараздың 15 шағынауданындағы тек 2, 3, 4, 5-көшелерінің жолын қазір салуымыздың себебі бұл жерлердегі коммуникация жұмыстары толық аяқталған. Басқа көшелерінде әлі коммуникация тартылып біткен жоқ. Жол салынғанда әрқайсысынан ауыр және жеңіл көліктердің қаншалықты жиі жүретініне қарай түрлі деңгейлерге бөлініп, соған қарай жобаланады. Жолдың алдымен негізі салынады, содан соң эмульсия құйылады, содан кейін асфальт төселеді. Жөнделіп жатқан жолдардың жұмыстары өз жоспарымен жүргізіліп келе жатыр. Сапалы болуын біз де бақылап отырмыз, – дейді Ерболат Оразбақұлы. Бір сөзбен айтқанда, Тараз қаласындағы қазір жөнделуіне байланысты жабылып тұрған жолдардың құрылыстары қарашада аяқталып, ашылады.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар