Шетелден тауар тасыған...

Шетелден тауар тасыған...
ашық дереккөз
Шетелден тауар тасыған...
Бір әулеттің тірегіне айналған Пернебек Дайрабаевтың есімі жуалылықтарға жақсы таныс. Ақсақал адал еңбектен абырой табу арқылы жастарға ұлағатты жолды көрсете білді. Ұзақ жыл бойы аудан деңгейінде сауда саласында басшылық қызметтерде болғанда адалдығымен, жан-жақты ұйымдастырушылық бейімімен танылды. Сол кездегі аудан басшыларының көзіне түскен жас жігіт Дайрабаевтың сауда саласында жаңа тынысы ашылғандай болды. Аудандық тұтынушылар қоғамының сол кездегі төрағасы Николаий Барковтың сенімді мамандарының бірі болды. Жігерлі де жас кезінде Пернебек Дайрабаев аудандағы ауылдардың дүкендерін жұрттың қолы жете алмай жүрген тауарларға толтырып тастады. Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы ауылындағы ауыл шаруашылығы өнімін дайындау кеңсесі Жамбыл және Түркістан облысынан жиналған 360 тонна балды Жапонияға жөнелтіп, небір қат тауарларға қарық болған. Бельгия, Чехославакия елдерімен де байланыс орнатқан. Басқа ауыл тұрғындарының түсіне де кірмейтін бағалы заттар Жуалы ауданындағы дүкендерде молынан тұрған. Ташкентке жылына 12 миллион дана жұмыртқа өткізіліп, печенье мен конфеттің сан алуан түрін алдыру кезінде де Пернебек Дайрабаев үлкен еңбек сіңірді. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Дайрабаев Қазақстан тұтыну қоғамының Құрмет грамотасымен, өзге де сауда саласына қатысты құрылымдардың Құрмет грамотасымен марапатталған. Еңбек ардагері және Кеңес тұтыну кооперациясының үздігі атанды. Еңбектің еленгені осы болса керек. Бүгінде Тараз қаласында тұратын олар жұбайы Тәжікүл екеуі 8 перзентті тәрбиелеп өсірді, «Алтын алқа» иегері Тәжікүл әже де балажан, ақкөңіл, салмақты кісі еді. Бұл күнде бақилық болғанымен, отбасы құндылығының асыл маржандарын перзенттерінің бойына сіңіріп кетті. – Әр отбасы – қоғамның байлығы. Шаңырақ көтерген әрбір жас отбасылық өмірге жауапкершілікпен қараулары тиіс. Сонда отбасылық құндылықтардың дамуы жолында жақсылықтар көп болады. Қазіргі таңда көптеген отбасыларда мәселелер жоқ емес. Жастардың ажырасуы жиілеп кетті. Оның себебін іздеп, жас отбасылардың беріктігіне мән беретін уақыт жетті. Жас отаудың қалыптасып кетуіне біз, ақсақалдар да жауаптымыз. Көпшілікке бата берер шағымызда осындай жауапкершіліктерді ұмытпағанымыз жөн, – деп пікір білдірді Пернебек ақсақал.  

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар