
Қалтамызда тамақтан артылған 500 теңге бар еді. Сол ақшаны бағымызды сынап, салып көрейікші деп, терминалдың ақша қабылдағыш тетігіне салдық. «Шайтан» деген ойын түрін таңдадық. 3 бірдей шайтанның суреті қатар түссе, салған 500 теңгең 5000 теңге болып қайтады, – деді Е.
Бұл жігіттің ойынға құмарлығы осылай басталған. Содан соң автомат терминалына 5000 теңге салып, 50000 теңге ұтыпты. «Бұл ойынға бірінші барған адамдарды сиқырлы құрылғы осылай арбай бастайды екен. Сан рет ұтылып барып, қомақты қаражатты қалтаға салатын кез де болады. Сол сәтте санада жалған үміт пайда болады екен. Ұтқан сайын ашкөзденіп, қалтаңдағы соңғы тиынды салып, одан да қағыласың. Содан соң достарыңнан, туыстарыңнан қарыз ақша сұрауға көшесің. Алдамшы сенімнің соңынан еріп, еріксіз қалайда әйтеуір тиын табудың түрлі амалын ойластырасың. Қалтаңда жоқ дүниені елден қарастырып, оны да әлгі айлакер құрылғыға құрдым қыласың. Бейне бір сиқырлы әлемде жүргендей боласың. Енді бір тәуекелмен қадам жасасаң, байып кететіндей сезінесің», дейді кейіпкер.
Сиқырлы әлемнің әлегіне түскен кейіпкеріміздің өзегін өкініш өртейді. Себебі, оның ойынқұмарлығының артында талай адамның көз жасы тұр. Бұл олардың адал еңбекпен тапқан дүниелерін тәрк еткен. Тіпті туыстарының көлігін, алтын, ақшасын ұрлап алып, осы құрылғыға тыққан.
Е. екі рет 500000 теңгеден ұтыс иеленген кезі де болыпты. Бұл ұтқан ақшалары елден алған қарыз ақшаға, ұрлаған заттарын қайтаруға жетпейтіндіктен, қайтадан сол құмар ойынға бас сұққан. Қолындағы бар ұтыстың бағасын біліп, өзін кері қайтаруға ерік-жігері жетпепті. Қарызын сұрағандардың сөзін елең қылмай, ойынның қызығына құмартып жүре берген. Ақыр аяғында соңынан заң өкілдері іздеу салып, қылмыстарын әшкерелеген. Арыз айтушылармен туыстары арқылы ортақ келісімге келіп, бүгінде қарыздарын қайтаруға әрекеттеніп жүр.
– Достарым былай тұрсын, туыс-бауырларыммен араласпай кеттім. Себебі, оларға қарауға бет жоқ. Өте ұятты болдым. Аллаға шүкір, бүгінде бауырларымның кеңдігінің арқасында бәрімен табыстым. Мені кешірді. Қолдан келгенше көмектесуге тырысады. Дегенмен, Алла мен ар алдында өзімді қатты кінәлі сезінемін. Мені кешіргендерді Алла жарылқасын, – дейді құмар ойын құрбаны қателесіп жүргендер сабақ алсын деген ниетпен.
Құмар ойынның арқасында бұдан да үлкен күнәлар жасап, абақтыға тоғытылып жатқандар да аз емес.
Жуырда құмар ойын үшін өз отбасын құрбан қылған қылмыскер сотталды. Сондай-ақ, өзі басқарып отырған банкті тонап, кассадан алған қомақты соманы ойынға тігіп жіберген азамат еркімен полиция қызметкерлеріне берілді. Білдей банкке басшылық жасаған жас жігіт осылай өз өміріне балта шапты.
Сонымен қатар, карта ойынына да үйін, көлігін тігіп жіберіп, шаңырағының шырқын бұзғандар да жетерлік.
Жалпы, адамның алдымен дүниесін, сосын өзінің басын жұтқан құмар ойындардың түр-түрі толып жатыр. Қазіргі таңда қолымызда ұстап жүрген смартфондарда да ақшаға ойнайтын ойындар көбеюде. Сол телефонды үйдегі бүлдіршіндер де ұстайды. Олардың да бұл құмар ойынға құмартпасына кім кепіл?
Нұржан ӘЛІШ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді