Құмар ойын құрдымға құлатады
Сөздері сан ұрпаққа сабақ болған Шәкәрім Құдайбердіұлының «Құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге» деген өлең жолдарындағы құмарлық бүгінде қоғамға қауіп төндіріп отыр. Қысқа өмірдің қадір- қасиетін түсінетіндер болғанымен, өкінішке қарай, бағамдай білмейтін жандар да жетерлік. Солардың бірі – құмар ойынның құрсауында қалғандар. Өкініштісі, олар ойынға қалай шырмалып қалғандарын өздері де аңғармайды. Құмар ойындардың өркениет етек жайған кезден бастап пайда болғаны ешкімге құпия емес. Құмарлықты ауытқушылыққа жатқызуға болмас. Шығыста да, батыста да құмар ойынға әуес адамдар саны көп болып тұр, оған үкімет те, діндарлар да, тіпті, басқа тыйымдар мен ырымдар да тоқтау бола алмаған. Кейде, көңіл көтерейін деген күдіксіз ниеттің арғы жағында құмар ойынға тәуелділік жатуы мүмкін. Ондай ойыншы өз тағдырына өзі қожа бола алмайды. Оның бүкіл өмірі ойынға айналады, мұны енді адам психологиясындағы ауытқушылық деп атауға болады.
Қазір Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 миллион теңгеден асады. Ал, елімізде он жұптың жетеуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен. Ойынға құмарлық тез дамуы мүмкін. Адам бір күн ішінде ойын ауруымен ауырып қалуы, бір аптада бүкіл байлығынан айырылып, одан біраз уақыт өткенде өзіне қол жұмсауы ықтимал. Бүгінде не көп, ойдан құрастырылған, шынайы өмірге түк қатысы жоқ түрлі ойындар көп. Біреудің пайда табуы үшін ойдан шығарылған мұндай ойындар мән-мағынасыз болса да адамды өзіне елітіп әкететін қауқары бар.
Айталық, карта ойындарының компьютердегі баламасы, рулеткалар, ойын автоматтары – бәрі де ойын казиносының компьютерлік нұсқалары. Осы ойындарға тәуелді болудың жолдары бір-біріне өте ұқсас, сондықтан қайсысы болсын қауіпті, дейді психологтар. Ал, белгілі психолог Лимана Қойшиеваның айтуынша, құмар ойынға тәуелді болудың алғышарты көп. Мейірім мен қамқорлықтың жетіспеушілігі, отбасындағы қарым-қатынастың күрделілігі, қатыгездікпен астасқан әсіре талапшылдық пен астамшылдық. «Психолог ретінде ойынға байланған, одан шыға алмай жүрген талай баламен әңгімелестік. Сонда лудомандар, яғни құмар ойынға тәуелділер алғашқы ойындарын ең алдымен, өз үйлерінде көргенін айтады. Көбі ата-анасы немесе олардың достары құмар ойынды қалай құныға ойнағанын бақылаған. Міне, тәуелділіктің бір ұшы үйдегі тәрбиеде дейтініміз сондықтан. Бала өзінің көріп-білгенін қайталайтыны секілді, әке-шешесінің құмарта ойнағаны баланы бейжай қалдырмайтынын аңғарамыз», – дейді ол.
Жас балаларды былай қойғанда, халық назарында жүрген шоу-бизнес өкілдері де құмар ойынға беріліп, қолындағы барынан айырылған жағдайлар аз болған жоқ. Құмар ойынның қызығына батып, қасіретін тартқандардың бірі «Жігіттердегі» Бағлан Әбдірайымов. Әнші ойынханаға бас-аяғы 200 мың АҚШ доллары қарыз болып қалғанын ашық айтады. «Ұтамын» деген үмітке алданып, берешекке белшесінен батқан Бағланның бағына құмар ойын арқылы бай болу жазылмапты. Ойынханада тәуліктеп отырамын деп әнші көптің сенімінен де айырылғанын жасырмайды. Сол бір қателігі өзегін өртегені сонша, өнер иесі «Ақ пен қара» атты кітап шығарып, құмар ойынға берілген кезі мен басынан өткенін баяндап, көпшілікке ұсынды. Онымен қоймай, тәуекелге бел байлап, тағы да қарызданып-қауғаланып «Zero» атты құмар ойын жайлы фильм түсірді.
Аталмыш кино халыққа төнер қауіптің алдын алу мақсатында түсірілген еді. Құмар ойынның құрығына түскен тағы бір өнер жұлдызы «Нұрлан мен Мұрат» тобындағы Нұрлан Әмір. Ойынханаға барғышт ап, құмар ойынды әдетке айналдырған кезін еске алған әнші басынан өткенімен бөлісті. «Бір құмарланғаннан кейін сені ештеңе қызықтырмайды. Үй шаруасы, ата-анаң, әйелің де назарыңнан тыс қалады. Ойынханаға баруға асығып тұрасың», – дейді әншінің өзі. Өнер жұлдызы құмар ойынның жолында Алматыдағы 105 мың доллар тұратын екі бөлмелі пәтері мен 50 мың доллардың автокөлігін тәрк еткен. Әншінің тура жолдан тайып, ащы суға салынуына да құмар ойын себеп болған. «Досты жоғалтасың, қызғаныш сезімі өршиді, адамдарды жек көре бастайсың. Ортаны керек етпей қоясың», – дейді Нұрлан.
Шоу-бизнес өкілдері ғана бұл тәуелділіктен зардап шегеді дей алмаймыз, құмар ойынның арқасында қарызданып, екі рет ажырасуға мәжбүр болған 30 жастағы Ерланды анасы тіпті үйден қуып жіберген екен. Бұл туралы бағдарлама да түсірілген болатын. Бала-шағасы, әйелінің қасында отыру керек атпалдай азаматтың көше кезіп кеткені жақындарының жанына бататыны анық.
«Мені ол бала әбден шаршатты. Несие алып оның қарыздарын жаптым. Құмар ойынға тәуелділігін тыймаған соң тіпті үйден қуып жіберуге мәжбүр болдым. Басқа амалым болмады. Елдің бәріне қарызбыз. Баласы мен келіншегі оны тастап кетті. Енді не істейтінімді білмеймін. Ең мықты деген мамандарға алып бардым. Қалай көмектесетінімді білмеймін. Айтқан кезде «Жарайды, ана. Жақсы» деп кетеді. Екі күннен кейін қайтадан құмар ойынға салына бастайды», – дейді Ерланның анасы.
Лудомандар құмар ойынға құюға ақша таппай ұрлық жасап, заңсыз әрекетке де барып жатады. Мәселен, осыдан 2 ай бұрын облысымызда ауылдастарының 19 бас жылқысын ұрлаған күдікті ұсталды. Қаракемер ауылының 36 жастағы тұрғыны бұл әрекетке құмар ойынға құныққаннан барған болып шықты. Ол әуеліде жайылымда жүрген алты бас ірі қараны қолды қылған. Араға 10 күн салып тағы 13 жылқы ұрлаған. Арасында бәйге, көкпарға қосып жүрген құны 2,5 миллион теңгеге бағаланатын аттар да болған. Ер адам түнделетіп Меркі ауданындағы базарға бара жатқан жерінен ұсталған. Ол кінәсін толық мойындап, ауылдастарының 10 миллион 400 мың теңгесін өндіріп берді және 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Құмар ойын ке сірінен отызында орда бұзбақ түгілі, қырқында қамал ала алмайтын масыл, бойкүйез буын өсіп келеді. Ойрандалған отбасы, жолдан тайған жастар қатары көбеюде. Сондықтан, бұл мәселеге бұдан әрі көз жұма қарауға болмайды. Еңбекқор, ұстамды, нәпсісін тыя алатын ертеңгі ел жастарын тәрбиелегіміз келсе, қоғам болып қозғау салатын уақыт жетті. Қалалар тұрмақ, ауылдарда да күнделікті дүкендерде, сауда орталықтарында, тағы да басқа мекемелерде, ойын автоматтарының маңайында үймелеп тұрған адамдарды жиі көретін болдық. Бұл – біріне бизнес, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс. Соған қоса, ол қазақ қоғамының тамырына балта шабатын, қасіретті әрекеттердің бірі. Тек қазақ қоғамының ғана емес, адамзаттың індеті, дерті.
Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді