Кенен әндері қалықтаған күн

Кенен әндері қалықтаған күн
ашық дереккөз
Кенен әндері қалықтаған күн
«Халқыңа адал қызмет етпесеңіз, Абырой, атақ шіркін келер ме оңай?», – деп толғанған саңлақ Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» ХІ республикалық дәстүрлі әншілер байқауы «Баласағұн» орталық концерт залында өтті. Байқау «Дала фольклорының мың жылы» арнайы жобасын жүзеге асыру, қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтің шығармашылығын жаңғыртуды көздейді. Сондай-ақ, өнер мерекесі Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның 55 жылдығына арналды. Байқауға республикамыздың барлық облыстарынан 18 бен 35 жас аралығындағы 26 дәстүрлі әнші қатысып, бақ сынады. І кезеңде үміткер ережеде көрсетілген К.Әзірбаевтің кез келген екі әнін, ІІ кезеңде жеребе бойынша бір ән және қалауы бойынша бір ән орындады. Байқаудың қазылар алқасының құрамына әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Стамғазы төрағалық жасады. Сондай-ақ, дәстүрлі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ардақ Балажанова, Ардақ Исатаева, кәсіби музыкант, халықаралық конкурстардың лауреаты, Президент кубогінің иегері, «Кенен Ата» қорының төрағасы, Кенен Әзірбаевтың немересі Мұхтар Әзірбаев, әнші Әріпбай Мұсапанов қазылар құрамынан табылды. Кененнің «Шырқа, даусым!» әнімен ашылған байқауда облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева үміткерлерге сәттілік тіледі. Мұнан соң К.Әзірбаевтің «Ойжайлау» әнін «Бақытты болашақ» мектебінің «Желдірме» дәстүрлі әншілер ансамблі орындады. Конкурстың екінші кезеңіне 13 өнерпаз жолдама алып, өнер көрсетті. Филармонияның 55 жылдығына орай «Ән кемеңгері – Кенен» атты гала-концертке елімізге танымал өнер шеберлері Рамазан Стамғазы, Ардақ Балажанова, Ардақ Исатаева, Оңал Азаматова, Айгүл Мақашева, Мерей Абуева, Қазақ ұлттық өнер университеті «Эстрадалық ән» факультетінің 1-курс студенті Ержан Максим мен конкурс лауреаттары, қазақ ұлт-аспаптар оркестрі қатысты. Байқаудың жабылу салтанатына облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен қатысып, Кенен Әзірбаев әндерінің жас толқынмен жаңғыруы қазақ музыкасына қосылған үлкен олжа екенін айтты. Сондай-ақ, ол бас жүлдегерге тағайындалған 1 миллион теңгелік сертификатты Алматы облысынан келген Нұрсұлтан Елемесовке тапсырды. Жүлделі бірінші орын Түркістан облысынан келген Мағжан Сатыбалдыға берілсе, жүлделі екінші орындар қарағандылық Мадияр Өмірғали мен қостанайлық Жасұлан Өтемұратовқа бұйырды. Жүлделі үшінші орындарға жамбылдық Аида Срайл мен астаналық Алуа Бауыржанқызы лайық деп танылды. Бұл жүлдегерлердің барлығына қомақты қаржылай сыйлық берілді. Сондай-ақ, «Кенен ата» қорының арнайы жүлдесі жамбылдық Мерей Абуеваға берілді. Дипломант атанған 7 өнерпаз 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Іс-шара аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы мен Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің жылжымалы көрмелері ұйымдастырылды.  

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар