Отан қорғау - мәртебелі миссия

Отан қорғау - мәртебелі миссия
ашық дереккөз
Отан қорғау - мәртебелі миссия
Бүгінгі таңда қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – әскерге бару жөнінде екіұдай пікір қалыптасқан. Осынау бітпейтін талас-тартыста бірі жақтаса, өзгесі жата кеп даттайды. Айналып келгенде, Отан алдындағы борышын өтеу кез келген азаматтың абыройлы міндеті екенін ескермей жатамыз. Ал, Отанға қызмет ету – әрбір азамат үшін міндетті әскери борышын өтеуден басталады ғой. Бұл ретте даңқты қолбасшы, Бауыржан Момышұлының: «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген ұлағатты сөзі әрбір жастың жүрегінен орын алса, құба-құп. Иә, қоғамда жиі талқыға түсетін әскер мәселесі туралы аз жазылған жоқ. Жалпы, ер азамат үшін «Әскер – өмір мектебі». Қазір күш салыстыратын емес, ақыл-ой жарыстыратын заман деп кесіп айтсақ та, қоғамға жүректі, елді қорғайтын азаматтар керек екенін мойындаймыз. Ал, біздің өңірде моральдық әрі физикалық тұрғыда әскерге баруға тастүйін дайын жалынды жігіттеріміз аз емес. Біз мұны өткен сенбі күні облыс орталығындағы жастар аллеясында өткен «Әскерге бару – азаматтық борышың» атты салтанатты жиында анық байқадық. Әскер қатарына шақырылған жамбылдық жастарды шығарып салуға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, жас сарбаздарға сәттілік тіледі. Ербол Шырақпайұлы өз сөзінде мемлекетіміздің берік қорғаны әскер қатарына қосылған бозбалалардың бұл қадамы замандастарына үлгі екенін жеткізді. «Ел Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев айбынды армия – ел егемендігі мен қауіпсіздігінің кепілі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қарулы Күштер қатарында болып, Отанды қорғау – мәртебелі миссия әрі жоғары жауапкершілік екенін жеткізді. Ендеше, әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір азаматтың борышы. Бұған асқан адалдық, жауапкершілік керек! Әскер қатарында болу – күш-жігерді, батылдықты, шыдамдылықты және Отанға адал қызмет етуді үйретеді. Облысымызда «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарында 13 мыңға жуық жастар қамтылған. Олар – тәртіп, жауапкершілік, Отанды қорғау сынды қасиеттерді үйреніп келеді, – деді облыс әкімі. Бұдан кейін, салтанатты жиынға қатысушылар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы «Барлау» тобының қоян-қолтық ұрыс көрінісін тамашалады. Бұл күні сондай-ақ Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының өнерпаздары жас сарбаздар мен олардың ата-аналарының назарына арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды. Айта кетейік, биыл біздің өңірден көктемгі шақыртуға 1500-ге жуық жас сарбаз азаматтық парызын өтеуге әскер қатарына жіберілді. Солардың қатарындағы 40 азамат бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Күзет қызметіне және Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің 35142 әскери бөлімдеріне мерзімді әскери қызметтерін атқаруға ниетті.  

Есен ӨТЕУЛІ

   

Ұқсас жаңалықтар