Жаңашыл ұстаз – жаңа заман айнасы

Жаңашыл ұстаз – жаңа заман айнасы
ашық дереккөз
Жаңашыл ұстаз – жаңа заман айнасы
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып, үйрететін абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Шәкірттері құрмет тұтып, бас иетін, қызығы мен қиындығы бірге жүретін мамандықтың иесі, ұлағатты ұстазымыздың бірі – Разила Аязбай. Разила Қыдырханқызының жалпы жұмыс өтілі 39 жыл болса, соның 32 жылын бастауыш сыныпқа білім берумен келеді. Бүгінгі таңда Тараз қаласындағы Қаратай Тұрысов атындағы мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет істейді. Педагог-зерттеуші бізге үнемі: Көк жүзінде алаулы Міндет емес – ай болу. Ең бастысы – қалаулы Кәсібіңе сай болу екендігін айтып отырады. Ол кісінің алға қояр талабы, алдына қойған мақсаты жоғары. Жалпы, ұстаздардың ғылымның соңғы жаңалықтарын күнделікті сабақтарында пайдалануда білім беру жүйесіндегі инновациялық технологиялардың орны ерекше. Жаңа педогогикалық технологиялар бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастырып, ақпаратпен жұмыс істей алу қабілетін туғызады. Жаңа таным құралдарын пайдалануға және ұйымдастыруға жағдай жасайды. Білім беруді ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етеді. Оқушылар өзіне қажетті ақпаратты жедел түрде алады. Білім сапасын арттыруға септігін тигізеді. Оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырады. Сондықтан Разила Қыдырханқызы да жаңа педагогикалық технологияларды жетік меңгерген. Ол өзінің таңдаған мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарайды, Ш.Амонашвилидің «Мұғалім өз сабағын сүймесе, оған өзі сүйсіне білмесе, ол шәкірт бойында да сүйіспеншілікті дарыта алмайды...» деген сөзін ұстанатын ұстаз. Себебі, әр сабағында оқушымен қарым- қатынасты, олармен сөйлеу мәнерін, сабақты ашып түсіндіру, оқушы бойына қызығушылық туғызып, оқушының жан-жақты болуына үлкен көзқараспен, сенімділікпен қарайды. Сонымен қатар, оқушылардың ойын жинақтай отырып, еркін, қысылмай сөйлеуіне жете көңіл бөледі. Кәсіби міндеті – бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан балалардың ақыл-ой ынтасын көтеріп, білімді игеруге ынтасы мен дағдысын қалыптастыру, ойлау қабілетін шыңдау, сөйтіп жан-жақты дамыған, жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын, білімді жас жеткіншектер тәрбиелеп шығару деп ойлайды. Жаңашыл ұстаз шәкіртке жан-жақты білім беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік ақпарат кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу – өзінің басты парызы деп санайды.  

Анар АТАБАЕВА,

Қ.Тұрысов атындағы №53 мектеп-гиназиясы бастауыш бірлестігінің жетекішісі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар