Дайындық барысы пысықталды
Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап, биыл қыркүйек айына дейін газды тұрмыста қолдануға байланысты 69 жазатайым оқиға орын алып, 179 адам уланып, 9 адам қайтыс болған. «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарын техникалық қызмет көрсетуге шарт жасаспай пайдалануға тыйым салынады. Заңда ішкі газ құрылғыларын орнату бәсекелестік ортада болғандықтан және оны тиісті аттестациялары бар ұйымдар жүргізетіні көрсетілген.
Қазіргі таңда облыс бойынша техникалық қызмет көрсету шарты 30 пайыз орындалған.
Бұл туралы облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Мәулен Қожақов басқарма және «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының бірлескен отырысында мәлімдеді.
Сонымен қатар, жиында тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығына техникалық қызмет көрсету туралы мәселесі жан-жақты қаралды.
Отырыста әуелі сөз алған «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының өндірістік-техникалық бөлім басшысы Абыл Юсупов тұтынушының техникалық қызмет көрсету шартын жасасу кезіндегі міндеттеріне және техникалық қызмет көрсету шарттарына кеңінен тоқталды.
Бөлім басшысының айтуынша, мамандандырылған ұйымдар жүргізетін пәтерлердегі газ жабдықтары мен газ тұтыну жүйелерін үнемі тексеріп отыру және техникалық қызмет көрсету – ақауларды уақытында анықтап, төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Көп жағдайда қайғылы жағдайлар газ қондырғыларының дұрыс жұмыс істемеуінен болады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, газ тұтынатын жүйелер мен газ жабдықтарының иелері техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасасуға міндетті. Өйткені үйдегі 50 пәтер иесінің 49-ы келісім жасаса да, біреуі келіспесе де, қауіпсіздік кепілдігі жоқ.
Заңнамаға сәйкес, техникалық қызмет көрсету туралы келісім өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында сертификатталған кез келген мамандандырылған ұйыммен жасалуы керек.
«Мамандандырылған ұйымның қызметкерлері пәтерлерде немесе үйлерде газ қондырғыларының жарамдылығын тексермейді. Ал, мұндай жауапсыз тұрғындар өздеріне ғана емес, жақын адамдарына, үйде тұратын адамдарға да қауіп төндіреді. Газ жеткізушісі пәтерлерде газ қондырғыларының жарамдылығын және оны пайдалану қауіпсіздігін растамайды», – дейді Абыл Рахманбердіұлы.
Жиын барысында, сондай-ақ, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері де айтылып, қатысушылар ұсыныс-тілектерін ортаға салды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді