Сексен жылдан соң табылған зират

Сексен жылдан соң табылған зират
ашық дереккөз
Сексен жылдан соң табылған зират
Кешегі Ұлы Отан соғысы талай жас шаңырақты атпалдай азаматтарынан айырды. Жеңісті тойлағанымызға талай жыл өтсе де, қасіретке толы жылдардың зардабы ұмытылмайды. Қан майданнан оралмаған миллиондаған сарбаздың бірі– Әбділда Мақашев. Біраз жылдан бері туған жер топырағына оралмаған жауынгер боздақтардың қабірін іздеу қолға алынып жатыр. Әбділда Мақашевқа іздеу жүргізілгенін айтудан бұрын оның өмір жолына шамалы тоқталған жөн. Әбділда інісі Байділда екеуі майданға бірге аттанады. Сол кезде Әбділда – 20, Байділда – 8 жаста екен. Әбділда Курск майданында қатардағы жауынгер, артиллерия атқышы болған. Байділданың да Отан қорғау жолында аянбағаны анық. 1943 жылы 19 ақпанда ауыр шайқастан соң, Әбділда госпитальға түседі. Көп ұзамай ауыр жарақат салдарынан қаза болып, Курск қаласына жерленеді. Майдан даласында Байділда да ерлікпен қаза болып, оған да туған жер топырағы бұйырмайды. Бірақ, олардың қабірі қайда жатқандығы осы кезге дейін белгісіз болып келген. Міне, осы Әбділда мен Байділданы бірнеше жылдан бері жақын-туыс, бауырлары іздеп жүрген. Әсіресе, бірге туған бауыры Оразқұлдың баласы Нұрлан Мақашев ерекше іздеу салыпты. Нұрлан облыстың көлік саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Ресей әскери комиссарияттарымен жиі хабарласқан. Жақында Әбділда, Байділда Мақашевтарға Курск жерінен топырақ бұйырғаны белгілі болды. Әкесімен бірге туған бауырлардың қабірі 80 жылдан кейін табылғанына Нұрлан Мақашев бастаған бауырлары ерекше қуанды. «Өшкені жанып, өлгені тірілді» деген осы болар. Курск қаласында Нұрлан Мақашев бастаған бауырлар барып, әкесімен бірге туған жауынгер туыстарының қабіріне топырақ салып, құран бағыштап қайтты. Енді аталған марқұм жауынгерлер рухына арнап Таразда да ағайын-туыстың басын қосып, құран оқытпақшы. Біз де ел басына күн туғанда Отан қорғаған Әбділда мен Байділда Мақашевтардың ерлігінің алдында бас иеміз. Батырлар ерлігі – жас ұрпаққа үлгі.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар