Әр сөздің салмағы бар

Әр сөздің салмағы бар
ашық дереккөз
Әр сөздің салмағы бар
Шариғатта білсең дұрыс айт, болмаса үндеме деп айтылады. Бұл жерден әр адамның сөзді абайлап айту қажеттігін меңзейді. «Он күнәнің тоғызы тілден» деген аят төңірегінде де біршама ойланғанымыз артық болмас. Бұл туралы бабаларымыз да тереңнен ойлап, ұзақ толғанған секілді. «Басқа бәле – тілден», «Бір елі ауызға екі елі қақпақ», «Үндемеген үйдей бәледен құтылады», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», деген мақал-мәтелдер әр сөздің маңызды екенін көрсетеді. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген сөздің мағынасы терең. Дін мемлекеттен бөлек болғанмен, қоғамнан бөлек емес. Асыл дінімізді таратушы имамдарда қоғамдағы жөнсіздіктерге алаңдайды. Шамалары келгенше жұртты ізгілікке шақырғанды мақұл көреді. Қазір не көп, той көп. Сол той мәдениеті мен әдебі дін өкілдерін де біраз ойландырған тәрізді. Біз оны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде ұйымдастырған «Асаба болу – өз ісің, Әдептен озбау – борышың» облыстық асабалар жиынынан аңғардық. Жиында «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұралы Бақытұлы мұсылман адамның әдебі тақырыбында айта келіп, Пайғамбардың ұрпақтары Хасан мен Хусейннің намаз оқитын сәттің алдында дәретін қате алып отырған кісіні қалай ойландырғанын айтып берді. Хасан сонда: «Көке, бізге де атамыз дәрет алуды үйретіп кетіп еді. Біз алайық, сіз қарап тұрыңызшы, дәретті дұрыс алады ма екенбіз» деп дәрет алуға кіріседі. Соңында әлгі адам: «Айналайындар, сендер өте дұрыс дәрет алдыңдар. Қателігі жоқ» деп балалар жөніне кеткенде, өз дәретін қате сіз а лған екен. Бұл жерден Хасан мен Хусейннің даналығын көруге болады. Егер үлкен кісіге бірден: «Көке, сіздің дәрет алуыңыз қате. Не істеп жатсыз?», десе, әлгі кісінің шамына тиіп қалар еді. Ал, керісінше бұлардың даналықпен жасаған ескертуінен әлгі кісі сабақ алды. Әдепті даналықпен түсіндіру деген осы», деді. Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріпбай Дәулетбаев адамзатқа ең алдымен білім керек екенін, исламның жолымен жаңылыспай жүру үшін де сауаттылық маңызды екеніне тоқталды. Өңір жастарын, сөз ұстаған асабаларын рухты болуға, ізгілікті таратуға құлықты болуға шақырды. Мұнан соң асабалар кезегімен сөз алып, тақырып аясында кең көсілді. Танымал асаба Бегалы Ысқақов: «Тойда былапыт сөздерден арылу маңызды. Асабаның былапыт сөз айтуы білімсіздік пен әдепсіздіктен шығады. Онан соң салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды пайдалану да маңызды. Бір кісі алтын тойын жасап, бәрін ұлттық құндылықтармен өткізгісі келді. Көкпар, бәйге, қазақша күрес, айтыс – бәрін жасамақшы болды. Бірақ, соңында есептегенде шығыны өте көп болып кетті. Сөйтіп, ұлттық сипатта өткізуден бас тартып, мейрамханада қатардағы той өтті. Көп нәрсе қаражатқа да тіреледі», деді. Берік Қалиев тойды ішкіліксіз өткізудің маңыздылығына тоқталды. Ол: «Қазір той өткізу десе, қожайынның көз алдына қымбат бағадағы әншілер елестейді. Оларды асаба көпшілікке «Алла маңдайынан сипап, таңдайынан сүйген» деп таныстырады. Онан соң кей әншілер дандайсымағанда кім дандайсиды? Қымбат әншіге шашылмай-ақ, барды ұқсатып, сол әулеттің өнерлі адамдарына ән айтқызып та той өткізуге болады. Асаба Нұғман Сүлетай да өз ойын ортаға салып, жұртты тағылым мен тәрбиеге шақыру бағытындағы маңызды пікірлерімен бөлісті. Асаба Берік Жарымбетов «Бұрын жоқшылықпен күре ссек, қазір тоқшылықпен күресіп жүрміз» де се, жас асаба Әлішер Шәкіртов тойда ерлі- зайыптылардың билегенін назарға алып, шектен шыққан анайы көріністерге жол бермеуге күш салып жүргенін айтты. Басқосу барысында асабалар мешіт өкілдері Тараз қаласындағы мейманхана иелерімен де кездесу өткізіп, мүмкін болса халал той жасауды көбейтуді ұсынды. Бұл ұсыныс мешіт өкілдері тарапынан қолдауға ие болды. Нұралы Бақытұлы қорытынды сөзінде: «Адам үш түрлі жағдайда діннен шығады. Біріншісі, Алланы бір жаратылысқа ұқсатса, екінші, ғайбат айтқан сөзімен, үшіншісі шариғатқа қарсы ісімен діннен шығады. Сондықтан, мұсылман адам сөзі мен ісіне абай болғаны жөн. Сондықтан, асабаларға артылар салмақ бірнеше есе ауыр. Осыны назарда ұстаңыздар», деді.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар