Әрбір маманның қосар үлесі бар

Әрбір маманның қосар үлесі бар
ашық дереккөз
Әрбір маманның қосар үлесі бар
Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, заңды мүдделерді қорғауға және қазақстандықтардың әл-ауқатының деңгейін арттыруға жауапты. Мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырудың табыстылығы, азаматтардың өмір сүру сапасы, Қазақстанның дамуы мен өркендеуі көп жағдайда олардың нәтижелі жұмысына байланысты. Сондықтан ұжымда моральдық-психологиялық ахуал туғызу, сондай-ақ, мекеменің жалпы процесіне барлық қызметкерді қатыстыру үшін әрбір мемлекеттік мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымының құрылуы өте маңызды. Мемлекеттік мекеме қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитеті 1940 жылы 26 мамырда құрылып, содан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіподақтар ұжымдық шарттар арқылы еңбек қатынастары, еңбек жағдайлары мен еңбекақы төлеу, денсаулық сақтау және әлеуметтік кепілдіктерді сақтау мәселелерінде кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауды әрқашан жақтап отырады. Бүгінде «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету саласы қызметкерлері салалық кәсіподағының Жамбыл облыстық филиалы құрамында 336 мекеме мен ұйым бар. Ондағы кәсіподақ мүшелерінің саны – 7310 адам. Филиал бойынша әкімшілік пен кәсіподақ комитеті арасында 182 ұжымдық келісімшарт жасалды. 10 медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жұмыс кеңестері құрылды. Барлық әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерінде еңбекті қорғау бұрыштары мен сайланған еңбек қауіпсіздігі инспекторлары жұмыс істейді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілер күніне орай спорттық жарыстар, еңбек инспекциясы және жұмыс берушілермен бірлесіп дөңгелек үстелдер өткізілуде. Қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттырудың өзекті мәселелері бойынша ҚР Кәсіподақтар федерациясымен және Мәжіліс депутаттарымен онлайн кездесулер ұйымдастырылуда. Сала ардагерлеріне мерейтойлар мен мерекелерде, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы ауырған кәсіподақ мүшелеріне қаржылай көмек көрсетіліп келеді. «Мектепке жол» жалпыұлттық дәстүрлі қайырымдылық акциясы аясында облыстық филиал көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасылардың балаларына мектеп формасы, аяқ киім, киім-кешек, кеңсе тауарларын алуға қаржылай көмек көрсетті. Кәсіподақ комитеттері облыстық филиалмен бірлесіп кәсіби, халықаралық және мемлекеттік мерекелерге арналған мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп отырады. Кәсіподақ ұйымдары арасында үнемі «Үздік бастауыш ұйым», «Үздік аудандық ұйым», «Үздік ұжымдық шарт» байқаулары ұйымдастырылып келеді. Адал еңбегі және ұжым өміріне белсене қатысқаны үшін кәсіподақ белсенділері, әлеуметтік серіктестер және кәсіподақ мүшелері марапаттарға ие болады. Биыл «Қызмет» салалық кәсіподағының медальдарымен 4 адам, арнайы төсбелгімен 7 адам, барлық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен 45 адам марапатталды. Жамбыл облыстық филиалы кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын жақсарту бағытында тұрақты жұмыс атқарып келеді. Қазақстандағы тоғыз шипажаймен келісімшарт жасалды. 9 айда 184 адам шипажайларда жеңілдетілген жолдамалармен демалды.  

Ерлан САРУЗЕНОВ,

«Қызмет» «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері қоғамдық бірлестігінің «Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымы» филиалының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар