«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақтың қасиеті

Қазақтың қасиеті
ашық дереккөз
Қазақтың қасиеті
ӘР ХАЛЫҚТЫҢ ҚАСИЕТ ТҰТАР МҰРАСЫ БОЛАДЫ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫМЕН БІРГЕ ЖАСАСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАРА ДОМБЫРАСЫ – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ. МЫСАЛЫ, БАУЫРЛАС ҚЫРҒЫЗ ХАЛҚЫ ҚОМУЗЫН, ӨЗБЕК ХАЛҚЫ СЫРНАЙЫН ҚАЛАЙ ҚАДІРЛЕСЕ, ҚАЗАҚ ДОМБЫРАСЫН СОЛАЙ ҚАСИЕТТЕЙДІ. ТҮРІК СЕРИАЛДАРЫНДА ӨЗДЕРІНІҢ ҰЛТТЫҚ АСПАПТАРЫН ҚАТТЫ ҚАСИЕТТЕЙДІ. ТҮРІК ҰЛТЫНЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ АСПАБЫНЫҢ БІЗДІҢ ДОМБЫРАҒА ҰҚСАСТЫҒЫ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫ ҮШІН ОРТАҚ ЕКЕНДІГІН ДӘЛЕЛДЕЙДІ. АЛ, ҚОБЫЗДЫҢ ТАРИХЫ ОДАН ДА ТЫМ ӘРІДЕН БАСТАЛАДЫ. Ендеше «домбыра харам» деп жүргендердің ойы арам, санасы надан демеске ләжіміз жоқ. Астаналықтар қазақтың қос музыкалық аспабын ұлықтауда үлкен игілікті іс жасапты. Өткен жылы республикалық «Күй анасы» қорының бастамасымен қаланың күй өнерінің патшайымы Дина көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысқан жерінде «Күйшілер аллеясы» ашылыпты. Ұзындығы бір шақырымға жететін аллеяның бойындағы көрнекіліктер күйге деген құштарлығыңды арттырады. Аллеяның сол жақ қапталында күйші Дина Нұрпейісованың алып ескерткіші бар. Қарсы алдыңнан қақпасына «Күйшілер аллеясы» деп жазылған жазу да жарасып тұр. Оның бір қапталына домбыраның, екінші қапталына қобыздың мүсіні қойылыпты. Сәл қадам бассаңыз маңдайшаларына «Қазақтың күйшілері және күйші-композиторлары» деп жазылған инсталляциясын көресіз. Онда Ұлы Даладан шыққан Қорқыт бабамыздан, Кетбұғыдан жалғасқан, кешегі Құрманғазы, Тәттімбет, Дайрабай, Сейтек сияқты дарабоз күйшілермен қатар Кеңес дәуіріндегі және Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағалы бергі 200-ге тарта күйшілердің, күйші-композиторлардың есімдері қашалып жазылған. Негізінен өмірден өткендерінің ата-тегі тізілген. Солардың қатарында Жамбыл облысы, Талас және Сарысу аудандарынан шыққан қобызшы Ықылас Дүкенұлы мен Боранқұл Көшмағамбетұлының есімдерінің де жазылуы басқаны қайдам, мені ерекше мақтаныш сезіміне бөледі. Ықылас Дүкенұлы 180-ге, ал Боранқұл Көшмағамбетұлы 95-ке толар еді. Бірақ олар өлген жоқ, домбыраның құдіреті оның есімдерін қазақпен бірге жасауға нәсіп етті. Сәтін салса қазан айының 20-сынан бастап Құрманғазы, Жамбыл, Дина ескерткіштерінің маңайында жеті рет «Күй жәрмеңкесін» өткізу жоспарланып отыр. Оған Астанадағы танымал күйшілер қатысып, атақты күйшілердің, күйші-композиторлардың шығармаларын шалқытпақшы. «Өнер – ортақ» деген осы. Осындайда Әулиеата өңіріндегі Ықыластың ескерткіші маңайында да, тіпті Жамбыл бабаның ескерткіші маңында, Талас, Сарысуда биылғы жылы туғандарына 180 және 95 жыл толатын күйшілеріміз Ықылас пен Боранқұлдың шығармаларын өнерпаздарымыз насихаттап, шығармашылық жәрмеңке өткізсе, ол қазақ өнеріне деген құрмет болмас па еді. Қазақпен бірге жасасып келе жатқан, қазақтың бойтұмарына айналған домбыраның қасиеттілігін бүгінгі ұрпағы түсінер еді. Жақында ғана туыстас ноғай халқының «Домбыра» деген әнін естідім. Оны өзіміздің « Алатау серілері» этнографиялық ансамблі орындады. Әнде көмейіне қорғасын құйып құртамын деген Шыңғысханның жоспары жүзеге аспай, халқымен бірге жасасып келе жатқан домбыра жайлы тамаша сөздер бар. Әттең, ұлы өнерді ұлықтамай жүрген ұрпақтың пайда болғаны көңілімізге қаяу түсіреді. Бірақ, қазақ барда домбыра мәңгі жасайды. Өйткені, қазақтың домбырадан басқа жанын түсінетін, тағдырын қоңыр үнімен айтатын басқа кім бар?! Ана бір жылдары «Ұлытау» этнографиялық ансамблі Америкаға барып өнер көрсетті. Өзіміздің Димашымыз әлемді аралағанда домбырасымен күй тартып, ән салып қазақтың кім екенін танытып жүр. Домбыраны бүкіл әлем біледі десек, артық емес. Сондықтан, домбыраның қадірін білсін деп Астанадан осы мақаламызды да жазып оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көріп отырмын.  

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

Ақпарат саласының үздігі, халықаралық «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері.

Астана қаласы

Ұқсас жаңалықтар