«Суретші» қойылымы жоғары бағаланды

«Суретші» қойылымы жоғары бағаланды
ашық дереккөз
«Суретші» қойылымы жоғары бағаланды
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры – еліміздегі беделді мәдениет ошағы. Театр мұны өздерінің толағай жетістіктерімен дәлелдеп келеді. Жақында Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай тұңғыш рет халықаралық көше театры фестивалі өтті. Оған Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен және еліміздің әр өңірінен 13 театр қатысты. Көше театрының талабына сәйкес қойылым ұзақтығы 15-20 минуттан аспауы тиіс. Жерлестеріміз көпшілік назарына француз жазушысы Жан Леон Жеромның «Шындықтың құдықтан шығуы» картинасының желісіне құрылған «Суретші» қойылымын ұсынды. Қойылымның инсценировкасын театр директоры Мәлік Ақүрпеков өзі жасап, актерлерді іс-әрекетке қойған. Осы 15-20 минуттық қойылымды аталған фестивальге келген көрермен қызыға тамашалапты. Белгілі театртанушы Амангелді Мұхан, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының академигі Бақыт Нұрпейісов бастаған қазылар құрамы да оң бағалаған. – Көше театры фестиваліне біздің ұжым ғана жаңа қойылым дайындап апарған екенбіз. Сондықтан да, өзге театр мамандары тарапынан жақсы пікірлер естіп, еңбегіміз еленіп қайттық. Бұл біздің театрда сапалы қойылымдар саны артып келе жатқанын, актерлер шеберлігінің өсу үстінде екенін көрсетті. Ең бастысы – көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп қайттық, – дейді аталған театр директоры Мәлік Ақүрпеков. Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры биыл Румыния, Қырғыз елдерінде өткен халықаралық театр фестивалінде де жоғары табысқа қол жеткізген. Бұл театр биылғы 88-маусымда да көрермен көңілінен шыға беретіні анық.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар