Шаттыққа толы шаңырақ

Шаттыққа толы шаңырақ
ашық дереккөз
Шаттыққа толы шаңырақ
Төңірегіне тағылым таратқан отбасының бірі – Шахановтар шаңырағы. Бұл отбасының ынтымағы мен бірлігі, берекелі тірлігі талайға үлгі. Отағасы Бейсетай Шаханов әуелі құрылысшы, ұзақ жыл көлік жүргізушісі болып еңбек етті. Кейіннен алыс аудандарда бірқатар кеңшарларда көлік жүргізушісі болды. Мұнан соң кеңшардың су тасуға арналған машинасын айдап, жұмыстың қиындығына шыдады. Қыстың ызғарында, жаздың ыстық шілдесінде ауырлықты еңсеріп, малшыларға ауыз су жеткізді. Кейбір тасымалмен су ішетін малшы ауылдардың бүкіл төрт түлігіне дер кезінде су жеткізе білді. Бейсетай ақсақал әр жұмысында еңбекқорлығымен, тындырымды ісімен көзге түсті. Жары Сарқыт әже екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан бірнеше немере сүйді. Көп сөйлемейтін салмақты кісі еді. Сөздің емес, істің адамы болатын. Ардақты ақсақал Бейсетай Шаханов 2021 жылы 85 жасында өмірден озыпты. Алайда, ұрпақтарымен мың жасай беретіні анық. Отанасы Сарқыт Алдаберген кеңшарларда құрылысшы болып ұзақ жыл еңбек еткен. Ол кезде кеңшарда мал отарлары көп. Малшыларға үй-жай салып беру, шопанның үй-жайын әктеп, жөндеу жұмыстарында Сарқыт Алдабергеннің қолтаңбасы бар. Ол «Алтын алқа» иегері, ардақты ана. Сарқыт әженің арғы аталары шешен, сөзге жетік кісілер болған екен. Сол мәнерлі сөйлеу өзіне де, ұрпақтарына да дарыған. Бұл отбасының перзенттері құқық қорғау, әскери және кәсіпкерлік бағыттарда тер төгіп келеді. Үлкендері Рахима өз ісінің нағыз шебері, тұңғыш ұлдары Жарас «Жаңа Жамбыл» фосфор зауытында құрылысшы-шебер болып еңбек етеді. Данияр болса, күзет қызметінде тер төгіп жүр. Бұл әулеттің мақтанышы Ерғали Бейсетайұлы туралы көбірек айтуға болады. Ерғали жастайынан спортқа бейім болып өсті. Қазақ күресінен аудандық, облыстық турнирлерде жүлдегер атанды. Мектеп бітірген соң әскери борышын жоғары деңгейде өтеп, елге абыроймен оралды. Онан соң жұмысын ішкі істер саласына арнады. Ерғали Шаханов Тараз қаласында МАИ қызметінде еңбек етіп, ұзақ жыл тер төкті. Соңғы жылдары ұзақ жыл МАИ қызметі бойынша Қордай бекетінің жетекшісі болып еңбек етті. Жары Айнұр екеуі үш ұл- қыз тәрбиелеп өсіруде. Серғали да отандық борышын абыройлы өтеп келіп, түрлі жұмыстарда жүр. Ал, кіші ұлдары Мадияр да спортқа жақын. Ішкі істер саласында қызмет етіп, қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Шет мемлекеттермен жұмысын байланыстырып отыр. Жары Фарида – озат мұғалім. Екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен қыздары Рауана мен Мадина Қытай Халық Республикасында жоғары білім алған. Қазір Рауана «Қазақмыс» компаниясында еңбек етеді. Мадияр Шахановтың мектеп қабырғасындағы балалары да оқу озаты. Бұл әулеттің кенжесі Роза әскери салада еңбек етеді. Өз жұмысының білікті маманы. Жолдасы Бақытжан екеуі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Тағылымы мол Шахановтар әулетінің бүгінгі жарқын жетістігі осындай. Бұл әулеттің ұрпақтары әлі де абырой биігінен көріне беретіні анық.  

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар