Әлем жаңалықтары

Әлем жаңалықтары
ашық дереккөз
Әлем жаңалықтары

Инфляция ырық бермей тұр

Әлемнің көптеген елінде инфляция ырық бермей тұр. Түркияда биылғы ең жоғарғы көрсеткіш тіркелді. Германияда аяқ астынан ипотекалық пайыз өскен. Түркияда инфляция деңгейі 61 пайызға жетті. Елде азық-түлік және қызмет көрсету құны көтерілген. Германияда ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесі күрт көтерілді. Бұл жылжымайтын мүлік нарығына кері әсер етіп жатыр. Осы елдегі Галле экономикалық зерттеулер институтының мәліметі бойынша, соңғы 7 айда үй сатумен айналысатын 319 компания банкрот болған. Африкадағы мемлекеттер арасында экономикасы ең мықты деп саналатын Нигерияның ұлттық валютасы – найра рекордты деңгейде құнсызданды. Пәкістанда да инфляция ие бермей барады, инфляция деңгейі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31,4 пайызға көтерілген.

Нобель сыйлығын вакцина жасаған ғалымдар алды

Медицина мен физиология саласында 2023 жылғы Нобель сыйлығына РНҚ негізінде жаңа вакцина ойлап табуға мүмкіндік берген жаңалығы үшін Каталин Карико (Мажарстан) мен Дрю Вайсман (АҚШ) лайық деп танылды. Коронавирус пандемиясы басталғалы РНҚ вакциналары миллиондаған адамның өмірін аман сақтап қалуға көмектесті. «Әлем қорқынышты Covid-19 эпидемиясын бастан өткеріп, басқа да эпидемиялар қаупі төніп тұрған кезде олардың жұмысының құндылығына баға жетпейтінін мойындадық», деп түсіндірді шешімін Нобель сыйлығы комитеті. 1901 жылдан бері физиология мен медицина бойынша 112 Нобель сыйлығы табысталып, 224 адам лауреат атанды. Нобель сыйлығының қоры – 11 миллион швед кроны (шамамен 1 миллион доллар).

Әбдел Фаттах ас-Сиси президент сайлауына қатысады

Мысырдың қазіргі мемлекет басшысы Әбдел Фаттах ас-Сиси алдағы президент сайлауына қатысатынын жария етті. Осылайша ол басты саяси додаға үшінші рет үміткер ретінде тіркеліп отыр. Ас-Сиси алғаш 2016 жылы жеңіске жетіп, 2018 жылы қайта сайланған болатын. Бұл жолы тағы басым түссе, ол елді 2030 жылға дейін басқармақ. Мысырдағы президент сайлауы 10-12 желтоқсан аралығында өтуі тиіс. «Еліміздің игілігі үшін мен алдағы президент сайлауына қатысуға бел будым. Бәріміз бірлесіп қолға алған істерді жалғастыра отырып, халқыма адал қызмет етуге уәде беремін. Барлық азаматтарды сайлауға белсенді қатысып, елімізді басқаруға лайықты тұлғаны асқан жауапкершілікпен таңдауға шақырамын», – деді Әбдел Фаттах ас-Сиси.

Жарылысты Күрдістан жұмысшы партиясы жасаған

Анкарадағы лаңкестік әрекетті Күрдістан жұмысшы партиясы (ПКК) өз мойнына алды. Түркия Ішкі істер министрлігі осылай деп мәлімдеді. Мұны күрд содырлары да мойындаған. Олар жарылысты парламенттің жаңа сессиясының ашылуына орайластырған. Ал, елдің Қорғаныс министрлігі Ирактың солтүстігіндегі Күрдістан жұмысшы партиясына тиесілі 20 нысанды әуеден соққы жасап, талқандағанын хабарлады. Еске салсақ, осыдан бірнеше күн бұрын Анкараның орталығы Қызылайда лаңкестік әрекет болды. Оқиға қауіпсіздік бас басқармасының кіреберісінде болған. Ғимаратқа екі лаңкес жеңіл көлікпен жақын келіп, бірі өзін жарып жіберген. Екіншісін қауіпсіздік сақшылары залалсыздандырып үлгерген. Лаңкестік әрекет Түркияның Ұлы ұлттық мәжілісіне өте жақын жерде болды.

Трампқа қарсы сот басталды

Нью-Йоркте АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа қарсы сот басталды. Экс-президентке кәсіпкерлікпен айналысуда алаяқтыққа барды деген айып тағылып отыр. Нақтырақ айтқанда, ол банктер мен сақтандыру компанияларына жылжымайтын мүліктер бағасын көтермелеп сатқан. Мысалы, құны шамамен 27 миллион доллар тұратын Флоридадағы үйін 2300 пайызға қымбат ұсынған. Трамптың өзі бұл айыптарды жоққа шығарды. Ол «мұның барлығы сайлауалды науқанға кедергі жасау үшін ұйымдастырылған» деп есептейді.

БҰҰ бітімгерлері Гаити қылмыстық топтарымен күреседі

Гаитиге жаңа бітімгерлер миссиясын аттандыруға келісті. Олар қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналыспақ. Миссияға жетекшілік ету Кения үкіметіне жүктелді. Бітімгерлерге Гаитидегі қылмыстық топтармен күресуде айрықша құқықтар берілген. 2021 жылғы жер сілкінісі мен бұрынғы президент Жовенель Моизге қастандық жасалғаннан кейін елде қарулы топтар көбейіп кетті. Жергілікті ақпарат құралдары олар Гаити астанасының 80 пайызы мен аймақтардың көп бөлігін бақылауға алғанын айтады. «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Гаити халқы мен үкіметі атынан осындай шешім қабылдағаны үшін алғыс білдіремін. Жиынға қатысушылар бұл қадам арқылы қиын-қыстау кезеңді бастан кешіп жатқан Гаити халқына қолдауын білдірді», деді Гаити сыртқы істер министрі Жан Виктор Женеус.

Англияда пластик ыдыстарды қолдануға тыйым салынды

Өткен жексенбіде Англияда бір реттік пластмасса өнімдерін пайдалануға салынған тыйым күшіне енді. Жаңа ережеге сәйкес, дүкендер мен мейрамханалар бұдан былай пластикалық ас құралдарын, шар таяқшалар мен полистирол шыныаяқ қолдана алмайды. Ел үкіметінің мәлімдемесіне сәйкес, бұл шара «пластик қалдықтары мен қоршаған ортаны ластау мәселесін шешеді». Алайда, көп компаниялар мұндай өзгеріске әлі толыққанды дайын емес. Үкімет келтірген статистикаға сәйкес, Англияда жыл сайын шамамен 1,1 миллиард бір рет қолданылатын тәрелке мен 4 миллиардтан астам пластикалық қасық-шанышқы пайдаланылады. Жаңа ереже 2042 жылға дейін пластик қалдықтарын жою жоспарына бағытталған.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

 

Ұқсас жаңалықтар