Тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайды

Тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайды
ашық дереккөз
Тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайды
Облыс әкімі Байзақ ауданына жұмыс сапарын Көктал ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден бастады.  Алдымен Ербол Қарашөкеев жергілікті тұрғындарды облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен сан-саладағы нәтижелі жұмыстар, мәселелер мен алдағы жоспарлармен  таныстырып өтті.  Ауылдық округ әкімі Серік Қайпулдаевтың айтуынша,  ауыл тұрғындары ауыз сумен, газбен толық қамтылған, орта мектеп пайдалануға берілген, мәдениет үйі жөндеуден өткен.«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен жолда  жүз пайыз жөндеуден өткен.  Ауыл Таразға жақын болғандықтан тұрғындар арасында жұмыссыздық мәселесі жоқтың қасы.  Кәсібін ашу үшін Көкталда биыл бес адам грант алған.  Облыс инвестиция тарту бойынша аудан әкімімен бірлесіп жұмыс жасауды тапсырды.  «Көктал, Бурыл, Құмжота, Мырзатай тұрғындары автобуспен қалаға қатынаймыз, бірақ Мәмбет батыр көшесінде аялдама жоқ. Айдаладан түсіп қалғандай боламыз.  Оның үстіне ол жерде жаяу жүргіншілер жолағы жоқ, соған қарамастан полиция қызметкерлері жолдан өткендерге айыппұл салады. Одан соң Бурылда жарық өшіп, шамдарымыз күйіп кетсе, оның тендрін Павлодардағы бір азамат ұтып алыпты. Ал ол  келісім-шарт бойынша жеткізуге екі ай уақытым бар дейді. Сонда Таразда жарықшам жоқ па? Соның тендрін ауданда ойнатса да болмай ма?, — деді тұрғын Жамбыл Айтуов.  Аймақ басшысы аялдама мәселесі бойынша аталған аумаққа арнайы баратынын жеткізіп, тендерге қатысты келісім-шартта көрсетілген жеткізу уақытын қысқарту мәселесін қарастыратынын атап өтті.  — Ең алдымен ауылды көтеруіміз керек.   Ауылды көтеру үшін бірінші мақсат — өндірісті көбейтіп, кәсіпкерлікті дамытып,  халықты жұмыспен қамту. Әулеата өңірінің потенциалы өте жоғары, мүмкіншілік мол. Сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалану маңызды, —деген облыс әкімі жиыннан соң  көкталдықтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.  Мұнан соң Ербол Шырақпайұлы Мырзатай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.  Аймақ басшысының айтуынша, аталған ауылдық округте 2 жылда 24 жоба іске асырылған.  Ал ауылдық округ әкімі Асхат Оспанәлиев ауылдағы оң нәтижелі жұмыстарды атап өтті. 163 шаруа қожалығы бар округ сумен, газбен, жолмен қамтылған. Мал басы да айтарлықтай артқан. Былтыр 19, биыл 6 азамат қайтарымсыз грантқа ие болған.  Кездесу барысында тұрғындар бірқатар мәселе көтерді.  — Ауылда қоқыс үлкен проблема. Тұрмыстық қоқысты ғана алып кетеді, қалғанын ешкім шығармайды. Көшеміз лас. Айына әр үй 500 теңгеден төлесе де қоқыс толық тазартылмайды.  Одан бөлек қайтарымсыз грант үшін қанша рет жүгірдім, балам жұмыссыз, еш нәтиже жоқ. Талай жылдан бері жүріп жер ала алмадым. Жер сұрап барсаң ауыл әкімі алдай береді. Балабақшамыздың жағдайы да мәз емес, балалардың орындықтары сынып, тозған, —деді тұрғын Гүлмағира Әлиасқарова.  Ауыл әкімінің айтуынша, қоқысқа жауапты «Әмзеев»  мекемесімен келісім-шартта тек тұрмыстық қалдықтарды шығару ғана қамтылған екен.  Облыс басшысы тұрғын тарапынан айтылған барлық мәселені жауаптыларға жан-жақты зерделеуді тапсырды.  Жиын барысында мырзатайлықтар «Ауыл аманаты» жобасының игілігін қашан көретіндеріне алаңдаушылық білдірді. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов жобаға былтыр ауданның төрт елді мекені енсе, биыл тағы екі елдімекен енетінін жеткізді. Ал Мырзатай ауылдық округіне алдағы жылға жоспарланып отыр екен.  Басқосудан соң Ербол Шырақпайұлы тұрғындарды жеке сұрақтар бойынша қабылдады.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар