Кәсіпкердің жұмысы қауіпсіздікке кесірін тигізбеуі керек

Кәсіпкердің жұмысы қауіпсіздікке кесірін тигізбеуі керек
ашық дереккөз
Кәсіпкердің жұмысы қауіпсіздікке кесірін тигізбеуі керек
Облыстағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысына және алкоголь өнімін сатуға шектеу қою туралы қаулының жобасы мен «Велюр» қонақ үй кешенінің қызметіне қатысты мәселе қаралды. Көбіне түнгі мезгілде орын алатын қылмыстар дәмхана, мейрамханалар мен түнгі клубтарда ішімдік ішіп, масаюдың салдарынан болатындықтан, тәртіп сақшылары ойын-сауық орындарының жұмыс пен ішімдік сататын уақытты шектеуді ұсынады. Ұсынылған қаулы жобасында Тараз қаласындағы қоғамдық тамақтану орындары сағат 24.00-ге дейін жұмыс істеп, ондағы алкогольдік ішімдікті сатуды 23.00-де тоқтату керегі көрсетілген. Сол секілді түнгі клубтар сағат 02.00-ге дейін жұмысын жалғастырып, алкогольді ішімдік сатуды сағат 01.00-де доғару керегі жазылған. Әрине, бұған кәсіпкерлер қарсы. Олардың айтуынша, жұрт көңіл көтеру орындарына жұмыстан кейін, яғни кешкі мезгілде келетіндіктен, мейрамхана, дәмхана мен түнгі клубтардың саудасы түнде қызады. Олар сол арқылы табыс тауып, мемлекетке тиесілі салығын өтеп, жұмысшыларына айлық төлеп отыр. Кеңес отырысында бірқатар кәсіпкерлер өз құқықтарын алға тартып, жұмыс уақытын шектесе, кіріс азаятынын айтты. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де бизнесмендердің құқын қорғады. Бірақ, полиция қызметкерлері мұндай шектеулер басқа өңірлерде қолданылатынын және одан ешкім зардап шекпегенін жеткізді. – Кәсіпкерлер орын алатын қылмыстар дәмхана, ойын-сауық орындарының аумағында болмайтынын айтады. Әрине, тәртіпсіздікке баратындарды олар күзет арқылы сыртқа шығарып жібереді. Бірақ, сол жерден ішімдік ішіп шыққандар сыртқа шыққаннан кейін, теріс әрекетін көшеде іске асыратыны белгілі. Кейде сондай әрекеттердің салдарынан өлімге жеткізетіндей ауыр қылмыстар болып жатады. Былайша айтқанда «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» дегендей болып тұр. Біз үшін бастысы – халықтың амандығы мен қауіпсіздігі қымбат, – деді Тараз қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Мергенбай Қойкенов. Айта кетейік, бүгінде облыста қоғамдық тамақтандыру қызметтерін көрсету бойынша 293 мейрамхана, 425 кафе мен түнгі клуб, көңіл көтеру мекемелері, сондай-ақ 24 жол бойындағы сервис бар. Осылардың ішіндегі 71 мейрамхана, 284 кафе мен түнгі клубтар Тараз қаласында орналасқан. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил қаулы жобасында көрсетілген ойын-сауық орындарының түнгі жұмысын шектеу қала тұрғындарының пікірімен ұсынылғанын айтып, халық түнде қыдырғандар көпшіліктің мазасын алатынына шағымданатынын жеткізді. Халықтың «Түнгі көңіл көтеру орындарының жұмысына неге шара қолданылмайды» деген сын-ескертпелерінің негізінде осындай шектеу қою ұсынылып отыр дейді. Тараптардың пікірлері талқылана келе бұл мәселе жоғары органда заң аясында шешілетін болып келісілді. Келесі қаралған кезекте облыстық полиция департаменті Тараз қаласы полиция басқармасының №2 полиция бөлімінің анықтау бөлімшесінің ұсынысы негізінде «Велюр» қонақ үй кешенінің қызметін тоқтатуға қатысты мәселе қаралды. «Велюр» қонақ үй кешенінде жиырма мың теңгесін ұрлатқан азамат Тараз қалалық полициясына шағым түсірген. Қылмыстық істі тергеу барысында құқық қорғаушылар «Велюр» қонақ үйінде тәртіптің сақталуына бақылау әлсіздігін, соның салдарынан қылмыс орын алатынын анықтаған. Аталған жағдайдан бұрын да бұл қонақ үйде бірнеше рет қылмыстық жағдай орын алған екен. Сол кезде де қонақ үй әкімшілігіне қауіпсіздік шараларын күшейту керегі тәртіп сақшылары тарапынан ескертілген. Әйткенмен, «Велюр» қонақ үй кешенінің иесі Марғұлан Абсатов қауіпсіздік шаралары күшейтілгенімен мейман бөлме ішінде не істейтінін бақылай алмайтындарын айтады. Мейман тұрақтайтын бөлме ішіне бақылау камерасын қою жеке тұлғаның құқына қол сұғумен бірдей. Ал, қонақ үйдің дәлізі мен ауласындағы жағдайлар күзет бақылауында болады. Заңсыздық, тәртіпсіздік орын алғанда дереу полиция қызметіне хабарласып, тәртіп сақшылары шақырылады. Аталған қылмыс болған кезде де қонақ үй әкімшілігі 102 нөміріне бірнеше рет қоңырау шалып хабарланғанын айтқан Марғұлан Молдажанұлы шағымданушы мен ұрлық жасалды деп айыпталған тұлға бөлмеге бірге кіргендерін, олардың өз араларындағы жағдайға қонақ үй әкімшілігі жауапты еместігін де жеткізді. Кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі бұл жағдайды тереңірек зерттеп, әділ шешім шығаруды назарға алды.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар