Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелері қаралды

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелері қаралды
ашық дереккөз
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелері қаралды
Облыста 2000 құлағы естімейтін азамат болса, оның 650-ге жуығы Тараз қаласында тұрады. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандардың өзекті мәселелерінің бірі, құлағы нашар еститін азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылмауы. Бұл туралы «Amanat» партиясы облыстық филиалы мен «Қазақстан саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен тақырыптық қабылдауда қоғамдық бірлестіктің қызметкері Алина Сембекова айтты. Іс-шарада мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қордаланған өзекті мәселелері қаралды. Жиынға арнайы өтініш иелерінің сұранысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті, облыс әкімдігінің басқармалары, Тараз қаласы әкімдігінің бөлімдері мен Тараз сервис және технология колледжінің өкілдері қатысты. «Қазақстан саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының қызметкері бірқатар мәселелердің шетін шығарып, шешу жолдарын сұрады. Расында, құлағы естімейтін азаматтармен жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан, Алина Сембекова қоғамдық бірлестікке мемлекет тарапынан қызметкерлер саны көбейтілсе деген ұсынысын жеткізді. Өз кезегінде, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Серік Әлібеков бірлестік тарапынан қараша айына дейін сұраныс берілсе, мамандар қарастырылатынын баса айтты. Сондай-ақ, жиында аталған санатқа кіретін азаматтарды Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 3 айлық оқу курстарынан өткізу мәселесі көтерілді. Әрине, оларға оқудан өтуге ешқандай кедергі жоқ. Дегенмен, сурдоаудармашы мамандар жетіспейді. Сол себепті бірлестік өкілдерді өңірде сурдоаудармашыларды көбейту қажеттігін атап өтті. Тағы бір өзекті мәселе, құлағы нашар еститін азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылмауы. Аталған ұсыныс бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы алдағы уақытта нақты адрестік жұмыстар жүргізетінін айтты. Бұдан өзге, осы санаттағы азаматтарға арналған психологиялық және сауықтыру орталықтарының жоқтығы. Құлағы естімейтін азаматтардың арасында жат ағымның арнасына түсіп, адасқандар көп екенін айтқан бірлестік қызметкері, дін істері басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізуді сұрады. Бұл бағытта болашақта сурдоаудармашылармен бірлесіп арнайы бейнероликтер түсіріліп, нақты жұмыстар жүргізілетіні айтылды. Тағы бір айта кетерлігі, «Қазақстан саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы ғимаратының сын көтермейтіндігі. Партия облыстық филиалы тарапынан алдағы күндері қоғамдық бірлестік орналасқан нысанға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шешімдер қабылданатынын жеткізді.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар