Ел үміті ақталмады

Ел үміті ақталмады
ашық дереккөз
Ел үміті ақталмады
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері саңлақ спортшыларымыз Азия, әлем және олимпиада ойындарында топ жарып, көк байрағымызды биікте желбіретуде. Қазақстандық спортшы жастар әлемдік ареналарда өз мықтылықтарын сан мәрте дәлелдеп, мемлекеттік Әнұранымыздың шырқалуына себепкер болып келеді. Ал, қыркүйек айының соңында шымылдығы түрілген Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында спорттың 40 түрінен өтіп жатқан Азия ойындарында ел құрамасының қоржынына 5 алтын, 10 күміс және 32 қола жүлде түсті. Жалпы, жерлестеріміз әлемдік деңгейдегі түрлі жарыстарда бақ сынағанда спорт жанкүйерлері «Өзгесін айтпағанда, біздің жігіттер бокстан ешкімге есе жібермес» деп үміттенетіні белгілі. Себебі, жойқын жұдырықты қазақ жігіттері талай рет шаршы алаңда шашауына шаң жұқтырмай, қапыда қалдырған еді. Ал, аспан асты елінде өтіп жатқан биылғы Азия ойындарында үмітіміз бордай үгітілді. Нақтылай түссек, күрзі жұдырықты жігіттеріміздің барлығы дерлік алтыннан алқа таққан жоқ. Тараздың тумасы, бокстан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов осы жарыстың қола жүлдегері атанып, Олимпиада жолдамасын иелене алмады. 71 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында жапон боксшысы Севон Окадзавамен жұдырықтасқан отандасымыз төрешілер шешімімен қарсыласына жол берді. Айта кетейік, Асланбек екі раунд бойы алда тұрған. Ол жекпе-жекті толықтай өз бақылауында ұстап, шабуылда ширақ, қорғаныста асқан сақтықпен жұдырықтасты. Алайда, кездесудің үшінші бөлігінде төрешілердің таңдауы қарсыласына ауып, жеңісті жапон боксшысының еншісіне жазды. Есеп – 3:2. Осылайша, жапондық Севон Окадзава төрешілер шешімімен біздің жігіттен басым болып кетті. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен осынау жекпе-жектен кейін ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов та өз ойын білдірген еді. «Айтар сөз жоқ. Протест алынбайды. Жақсы дайындалып шықты. Қарсыласы да әлем чемпионы. Барлық 3 раундты жақсы өткізді. Жеңісті бермеді», – деп қысқа қайырды ол. Ал, Қазақстан бокс федерациясы ресми мәлімдеме жасап, ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновтың жартылай финалдық кездесуінде төрешілердің аса әділетсіз шешіміне қатысты өрескел оқиға орын алғанын жеткізді. «Шымбергенов бүкіл жекпе-жек бойы жапониялық Севон Оказаваны соққының астына алды. Жұдырықтары қарсыласқа дәл тиіп жатты. Барлық жағынан мықтырақ әрі басымырақ болды. Бірақ, олар Шымбергеновтің қарсыласының қолын көтерді. Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-дағы төрешілікке қатысты әрдайым шағым білдіріп келген еді, бірақ Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында болған оқиға тым шектен шығып кетті. Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша ХОК төрешісіне өз талаптарын ресми түрде білдіреді», – делінген мәлімдемеде. Иә, мұндай келеңсіз жайттар Асланбектей асыл ұлдың еңсесін түсіргенімен, сағын сындыра қоймас. Десе де, жерлесіміздің келер жылы Парижде өтетін төртжылдықтың басты додасы саналатын жазғы Олимпиада ойындарына лицензия ала алмауы өкінішті-ақ. Өйткені, әрбір спортшының түпкі мақсаты – әлемнің түкпір- түкпірінен жиналған «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар өнер көрсететін айтулы додада бақ сынау емес пе? Алайда, Азия ойындарындағы көзге көрінер әділетсіздік Шымбергеновты мұндай мүмкіндіктен айырып отыр. Ал, Олимпиада ойындарында 2004 жылдан кейін медаль алуын тоқтатқан «Жамбыл боксы» мектебінің даңқы енді қашан асқақтайтыны белгісіз.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар