Әйелмен әлем әдемі

Әйелмен әлем әдемі
ашық дереккөз
Әйелмен әлем әдемі
«Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы қыз-келіншектердің кәсіп игеруге қызығушылығын арттыруға, курсқа келген арулардың шеберлік деңгейін көтеруге, өзіне деген сенімділігін арттыру мақсатында түрлі үйірмелерді тегін үйреткен болатын. Жуырда аталған орталықтағы курстарын аяқтап, сертификат алған қыз-келіншектер арасында «Әйелмен әлем әдемі» атты сұлулық фестивалі өтті. Байқау еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіп иелері арасында үздіктерді анықтап, ынталандыру мақсатында өтті. Іс-шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Зәуре Мұратқызы, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Аналар алқасының» төрайымы Хадиша Оспанова, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы «Аналар алқасының» төрайымы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Жанат Сарыбекова, облыстық Халық Ассамблеясы жанындағы «Дүнген этно-мәдени орталығы қоғамдық бірлестігі «Аналар кеңесі» төрайымының орынбасары Сара Даузова, қоғам белсендісі, көпбалалы ана Жанат Естаева және көпбалалы ана Күнсұлу Күзембаева, «Жер ана» фермер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Роза Мұсабаева ханым мен Людмила Чекалина бастаған клуб «Долголетие» мүшелері қатысты. Алғашқы сөз Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов және облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбековаға берілді. Бұл шараға «Анаға тағзым» орталығында бір жыл бұрын тегін үйірмеге қатысып, бірі бет әрлесе, екіншісі тырнақ бояуды үйреніп, кәсібін нәсіп етіп отырған арулар қатысты. Бір қолымен бесігін, екінші қолымен әлемді тербеткен арулардың сұлулығын арттыра түсуге атсалысқандар бұрын-соңды аталған орталыққа жандүниесіне түбегейлі өзгеріс енгізуге деген талпыныспен келген әйелдерді қамқорлыққа алып, расымен қол ұшын созған орталық бүгінде сол қыздарға сұлулық мерекесін сыйға тартты деуге болады. Қатысушы арулардың шашы соңғы сән үлгісіне сай өзгертіліп, бет әлпеті мен тырнақтары әрленіп, құлпырып шыға келді. Кеш соңында қазылар алқасының шешімімен үздіктер марапатталды. Тырнақ әрлеу бойынша І орынды Назерке Оңалбек жеңіп алса, ІІ орын Гүлмайрам Ниязалиеваға бұйырды, ІІІ орын биігінен Жұлдыз Жазықбаева мен Ақбота Берденова көрінді. Ал, бет әрлеу процесі бойынша І орын төрінен Әйгерім Арашапова көрінсе, ІІ орын Зере Амантайға, ІІІ орын Аягөз Майлиева мен Аягөз Пайзуллаеваға берілді. Қатысушылардың барлығына Алғыс хат табысталып, барлығы да қаржылай сыйақыға ие болды. Кештің сәнін келтірген модельдерге де Алғыс хат пен «Бойтұмар» дизайн және қолөнер студиясының қатысушылары арнайы тіккен сөмкелер табыс етілді.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар