Отбасы – алтын діңгек

Отбасы – алтын діңгек
ашық дереккөз
Отбасы – алтын діңгек
Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Отбасы – алтын діңгек» атты облыстық байқау өтті. Отбасылық құндылықтарды насихаттау, Қазақстандағы әрбір отбасының патриоттық сезімін қалыптастыру, ұлттық салт- дәстүрлерді сақтауға ықпал ету, өскелең ұрпаққа рухани және эстетикалық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға облыс бойынша 4 жанұя қатысты. Онда Жамбыл ауданынан Әмзеевтер, Сарысудан Ақтан және Талас ауданы мен Тараз қаласынан Құрманәлі мен Жұмабаевтар отбасылары бақ сынасты. Іс-шараны облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Мәдениет және өнер» бөлімінің бас маманы Жадыра Құттыбаева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, қатысушыларға байқаудың ережелері таныстырылып, үміткерлер 4 кезең бойынша өнер көрсетті. Олар «Отбасындағы бір күн», «Білгенге маржан», «Дәм-думан», «Өнерлінің өрісі кең» кезеңдері бойынша сайысқа түсіп, солардың ішінен тараздық Құрманәлі отбасы топ жарды. Бұл отбасы жанды дауыста Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін тамылжыта орындап, көпшілікті тамсандырды. Бес саусағынан бал тамған отбасының анасы Үміт Анарбаева бауырсақ пісіріп, қымыз, қымыран әзірлеуде бар өнерін салыпты. Дәмін татқандар отанасының бұл өнеріне бір ауыздан жоғары баға берді. Ал, таластық Жұмабаевтар отбасы ауданға ұстаздықтарымен үлгі болған жандар екен. Отағасы Рахат Жұмабаевпен оның жұбайы Мөлдір Тастанбекова екеуіде мұғалім мамандығын таңдаған. Байқауда өнер мен білімді ұштастыра білген бұл жанұя көпшілік көңілінен шыға білді. Жалпы, қазылар алқасының қорытынды шешімімен бас жүлдені Тараз қаласының үмітін арқалап келген Құрманәлі отбасы иеленсе, І орынды таластық Жұмабаевтар алды. Ал, екінші, үшінші орынды Жамбыл ауданынан келген Әмзеевтер мен сарысулық Ақтан жанұялары қанағат тұтты. Іс-шара соңында қатысушы отбасыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар