«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ: дұрыс пайдалансаң – құрал, бұрыс пайдалансаң – қару

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ: дұрыс пайдалансаң – құрал,  бұрыс пайдалансаң – қару
ашық дереккөз
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ: дұрыс пайдалансаң – құрал, бұрыс пайдалансаң – қару
Әлеуметтік желіні дұрыс қолданудың қандай пайдасы бар? Бұрын фотосурет жариялауға ғана арналған Instagram әлеуметтік желісі бүгінде ақша табудың құралы. Азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар, барлығын әлеуметтік желі арқылы сатуға болады. Тіпті, кез келген мамандықты Instagram арқылы монетизациялап жүргендер бар. Мысалы, мұғалім, қаржыгер, дәрігер, заңгер, бет, шаш әрлеуші болса да, өз тәжірибесімен бөлісіп, кеңестер айтып, оқырман сауалдарына жауап беру арқылы жазылушылар санын арттырып, қызметін сата алады. Ең бастысы, «тілін» біліп, дұрыс жеткізу. Сүйікті істі кәсіпке айналдырып, ақша табуға болады. Мысалы, тойға кәдесыйлар, майшам, сабын жасап, әртүрлі қолөнер бұйымдарын инстаграмда жарнамалау табыс көзін арттырудың бір түрі. Әлеуметтік желінің бұл түрі үйде отырған әйелдерге көп пайдасын тигізуде. Instagram – декреттік демалыста отырып ақша табудың, өзіңді жоғалтып алмаудың құралы. Қыз-келіншектер ас үйде тамақ әзірлепте тапсырыс қабылдап, ақша таба алады. Сондай-ақ, әлеуметтік желі – жеке бренд қалыптастыру алаңы. Жеке бренд тек әнші, актер мен кәсіпкерде ғана болмайды. Кез келген адам өзінің қабілетін білсе, соны дамыту арқылы жеке бренд қалыптастыра алады. Оны қалай қалыптастырамыз? Үнемі парақшада өзіңнің кәсібіңді көрсетіп, ол туралы сторис түсіріп, пост жазып отыру керек. Сапалы фото мен видеоны, пікірлерді салып, оқырмандарға пайдалы ақпараттар беріп отырған жөн. Осылайша ақырындап оқырман жиналады, кейіннен олар тұтынушыға айналады. Сосын белгілі бір ортада танымалдылық пайда болады. Instagram-да жеке бренді қалыптасқан адамдар жақсы бизнес жасай алады. Келесі бір пайдасы – адамдармен байланысудың, қоғамға өзіңнің ойыңды айтудың, кейбір проблемаларды шешудің құралы. Мәселен, келеңсіз жағдай орын алса, әділетсіздікті көрген блогер Instagram-да бөлісу арқылы сол мәселенің шешілуіне себепші болады. Енді бұрыс пайдалансаң неге қаруға айналатынына тоқталсақ. Кейбір адамдар Instagram-да жарқыраған, әдемі өмірді, үнемі шетелде демалып жүргендерді көріп, депрессияға түсіп кетуі мүмкін. «Неге мен сондай табыс таба алмай жатырмын, неге менде жоқ?» деген сияқты ойлар мазалап, «тек соларда жақсы, менде ғана жаман» деп шүкірсіздікке бой алдырады. Instagram-ның тағы бір олқы тұсы – онда жасандылықтың басым болуы. Кейбір қолданушылар танымал боламын деп өзіндегі жоқты бар етіп көрсетеді. Барлық уақытын Instagram-ға жұмсап, әрбір сәтті сезіне алмайды. Тек қана виртуалды өмір сүреді. Сол себепті қоғамда адамдармен тілдесуден қалады. Сондықтан, әр нәрсені өз шамасында қолдану арқылы өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізе алады. Қорыта айтарымыз, әлеуметтік желіні дұрыс қолдансаңыз, сізге «нан» болады. Бұрыс қолдансаңыз – азарт, арты азап болады. Таңдау өзіңізде.  

Назерке СӘНДІБЕК.

Ұқсас жаңалықтар