«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бірегей білім ордасы

Бірегей білім ордасы
Aq jol
Шәкірті биіктен көрінсе, ұлағатты ұстаздың мерейі артады. Шын мәнінде, кез келген білім ордасының бәсекеге қабілеттілігі түлектерінің деңгейімен өлшенеді ғой. Құрылғанына небәрі 18 жыл ғана болған Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университеті осы үдеден шығып келеді. Облыс орталығында орналасқан білім ордасы бұл күнде егемен еліміздегі ең таңдаулы жоғары оқу орындарының біріне айналып үлгерді.

Жалпы, мұнда 300-ден аса профессор-оқытушылар, ғылым кандидаттары және PhD  докторлары қызмет етеді. Бастысы, білікті мамандар тәлімді шәкірт тәрбиелеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Ал университте 44 бакалавриат және 24 магистратура мамандықтары бойынша оқуға қолайлы жағдай жасалған. Бүгінгі таңда дәл осы оқу ордасы білім беру жүйесін коммуникацияға және стандарттау саласын жаңа индустрияландыру қажеттіліктеріне бейімдеу мақсатында қолға алынған реформаларды тереңдету барысында туындайтын сан алуан мәселелерді шешуге қабілетті жоғары білікті мамандарды дайындайтын алдыңғы қатардағы приоритетті жоғары оқу орындарының бірі.

Білім ордасы қазірдің өзінде Оңтүстік Корея, Малайзия, Қытай, Германия, Польша, Болгария және өзге де шетелдік жоғары оқу орындарымен іскерлік байланыс  орнатып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда. Бұл – студенттердің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуына жол ашады. Сондай-ақ бұл – жалынды жастарымыздың әлемдік озық тәжірибе мен жетістіктерге қол жеткізуіне мол мүмкіндік беретіні анық. 

Атап өтейік, университеттің құрамына кіретін «Стандарттау және ветеринария»  кафедрасында «Стандарттау, сертификаттау және сапаны бақылау», «Стандарттау және жобаларды басқару», «Ветеринарлық медицина» бакалавр  және «Стандарттау және сертификаттау» магистратура білім беру бағдарламалары бойынша мамандар дайындалады.  Ұлағатты ұстаздар топтасқан ұжым ұдайы прогрессивті даму қағидаларын берік ұстанып келеді. Осыған орай кешенді мониторинг жұмыстарын жүргізу, білім берудегі жаңашыл үдерістер мүмкіндігін пайдалана білу – күн тәртібінен түскен емес. Ал берекесі жарасқан кафедра оқытушылары өз кәсіби шеберліктері мен оқу-әдістемелік тәжірибелерін ұдайы жетілдіріп отырады.

Біреу білер, біреу білмес. Десе де, өндірілетін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, жабдықтар мен материалдардың принципті жаңа түрлерін жасау және өндіріске енгізу стандарттау және  сертификаттаумен тығыз байланысты. Стандарттау – кез келген экономикадағы технологиялар мен жабдықтарды бағалау құралы ретінде қызмет етеді. Оны қолдану сапаны жақсартуға, біріздендіру мен өзара алмастыруды арттыруға, өндіріс пен процестерді автоматтандыруды дамытуға оң ықпал етеді. Сертификаттау – бизнесті алға жылжытудың және тұтынушыларды қауіпті және сапасыз өнімдерден қорғаудың қуатты құралы. Демек, стандарттау және сертификаттау саласындағы терең білімсіз инновациялық экономиканы құру да мүмкін емес.

2024-2025 оқу жылында  ашылған «Стандарттау және жобаны басқару» мамандығы бойынша білікті мамандардың қажеттілігі өте жоғары. С ебебі жобалық тәсіл – компания ішіндегі жұмысты ұйымдастырудың тиімді тәсілдерінің бірі. «Ветеринариялық медицина» мамандығы – аймақтың ауылшаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы жəне жануартекті шикізатқа жəне өсімдік текті өнімдерге ветеринариялық-медициналық сараптау жүргізу, көмек көрсету салаларындағы мамандарға деген қажеттілікті қамтамасыз етеді. Айта кетейік, оқу ордасында нақ осы сала бойынша  сапалы маман даярлау үшін қажетті жаңа заманауи ветеринариялық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған «Ветеринариялық клиниканың» жеке ғимарат бар. Емхана «Акушерлік және жасанды ұрықтандыру алаңы», «Клиникалық диагностика және емдеу алаңы», «Зертхана кабинеті», «Операция бөлмесі», «Ветеринариялық дәріхана» сынды бес бөлмеден тұрады. Сондай-ақ орталықта 200 бас ірі қара мал ұстайтын заманауи жем-шөп цехы бар база жұмыс істейді. 

Қай кезеңде де кадр әлеуеті және персоналдың кәсіби құзыреттілік деңгейі кәсіпорынның тиімділігін арттыру және белгілі бір саланы дамытудың маңызды шарттары болып есептеледі. Ал жоғары оқу орындарының бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – кәсіби мәселелер мен міндеттерді өз бетінше тиімді және нәтижелі шешуге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруға жағдай жасау. Өйткені білім беру бағдарламаларының еңбек нарығына бағдарлану дәрежесі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру тиімділігінің және кадрларды даярлау сапасының негізгі көрсеткішіне айналуда. Мұндағы «Стандарттау және ветеринария» кафедрасының басым бағыттарының бірі –экономиканың нақты секторымен тығыз ынтымақтастық орнату. Оқу ордасында білім беру бағдарламаларын әзірлеу және бағалау мәселелерін талқылау үшін тұрақты түрде дөңгелек үстел ұйымдастырылса, онда оқытушылар мен студенттердің қатысуымен маңызды сұрақтар талқыланады. Аталған кафедраның үш филиалы бар, оның біреуі агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығында орналасқан. Студенттердің практикалық дағдыларын шыңдау мақсатында кафедра ұйымдармен және кәсіпорындармен студенттердің оқу-өндірістік практикасының базаларымен 18 келісімшартқа отырған.

Сонымен қатар университетте серіктес жоғары оқу орындарымен жасалған келісімдер негізінде оқытушылар мен студенттерге сыртқы және ішкі ұтқырлық бағдарламасына қатысуға мүмкіндік берілуде. Кафедра Erasmus+ академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатыса отырып, келісімшарттық қатынастардан басқа халықаралық серіктестермен қарым-қатынасты да белсенді дамытуда. Кафедраның академиялық ұтқырлығы да назар аударарлық. Бірнеше жылдан бері кафедра оқытушылары техника ғылымдарының кандидаты, профессор П.М.Маликтаева және техника ғылымдарының кандидаты Ш.Ж.Абдразақұлы оқыту тәжірибесімен бөлісу мақсатында И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің магистранттарына «Стандарттау және жобаны басқару», «Стандарттау, сертификаттау және сапаны бақылау»  пәндері бойынша дәріс оқып келеді. Осы оқу жылында И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетіне академиялық ұтқырлық аясында білім алуға В076 «Стандарттау, сертификаттау және метрология» (салалар бойынша) білім беру бағдарлама  тобы бойынша 5 студент  жіберілді.

Кездесу барысында халықаралық академиялық ұтқырлық, профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру және онлайн семинарлар мен онлайн дәрістерді жүргізу мәселелері талқыланып, келісілді. Кафедраның филиалдары студенттердің ғылыми жобалары мен ғылыми-зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізудің базасы. Тәжірибелі комиссия қызметкерлері магистратура мен бакалавриат студенттерін оқытуға және мемлекеттік аттестаттау комиссиясына қатысуға тартылған. Білім беру бағдарламалары мамандандырылған аккредиттеуден әрдайым сәтті өтеді. Сапа критерийі ретінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингісін айтуға болады. Ол кафедра мамандықтарына деген  сұранысты да, түлектерді дайындау сапасын да дәлелдейді.

Оқу ордасында ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет нәтижелері белсенді түрде енгізілуде. Ол білім беру процесінің сапасы көбінесе материалдық-техникалық инфрақұрылымның жағдайына байланысты. Атап өтейік, университеттің зертханалық базасы да мақтауға тұрарлық. Кафедра метрология, сынау және сапаны бақылау, электрлік өлшемдер, материалдарды механикалық сынау үшін төрт виртуалды лабораториялық жұмыстар өткізуге арналған арнайы программалармен жабдықталған. Болашақта өнім сапасын виртуалды анықтаудың арнайы  программаларын  алып, сынақ зертханасын құру жоспарлануда. Университет студенттері ғылымға белсене араласып, конференцияларда баяндамалар жасап, оны ғылыми журналдарда жариялауда. Сондай-ақ мұнда «Сапа» сияқты белсенді студенттік зерттеу үйірмесі бар. Студенттер республикалық пән олимпиадаларында, халықаралық ғылыми жұмыстар байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүр. 

Қорыта айтқанда, белгілі қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның есімін иемденген білім ордасының түлектері алдағы уақытта да биік белестерден көріне береді деген сенім мол. Бұл ретте руханияты жоғары оқу орнында заманға сай жаңаша бағытта білім алуға бар жағдай жасалған.

К.Ш.САРЖАНОВА, 
П.М.МАЛИКТАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар