Спорт пен өнер үйлескен әулет
Еліміздің дамуына үлесін қосып жүрген дарынды перзенттер – Отанның мақтаныштары. Осындай ұрпақ тәрбиелеген шаңырақтың бірі – Сметовтер әулеті. Отағасы Бақтыбай Саламатұлы Құлан жерінде өмірге келген. Жас күнінен еркін күреспен шұғылданған, спорт шебері. Сонымен қатар, баян аспабында еркін ойнайды. Жары Тоқтагүл Мұхамедқалиқызымен отау құрғандарына 37 жылдан асып отыр. Отағасы екеуі үш перзенттен 11 немере сүйіп, қызығына тоймай келеді. Тоқтагүл жеке кәсіппен айналысқан, бұл күнде бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Сметовтер әулеті биыл «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жүлделі екінші орынды иеленді.
Бақтыбай әкесінің спорт пен өнерді қатар серік еткенінен болар, бұл шаңырақтың перзенттері осы салалардан алыс кетпеді.
Үлкен ұлы Бақберген – өңірге танымал әнші. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін «Өнер және мәдениет» факультеті бойынша бітірген. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі болып бірнеше жылдан бері еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, «Жамбыл» триосының мүшесі. Триоға баян аспабымен әдемі көрік беріп келеді. Облыста өнердің өркен жаюына Бақберген Сметов те өзінің әсем даусымен, ерекше ізденісімен өз үлесін қосып келеді. Жары Ақзере Бақытқызы – балабақшада тәрбиеші.
Ортаншы ұлы Жандос 8 жасынан дзюдо спортына ден қойған. Облыстық, республикалық жарыстарда жеңімпаз, жүлдегер атанды. Жоғары білімді маман. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы №2 спорт мектебінде дзюдо күресі спорт түрінен аға жаттықтырушы. Жас шәкірттері облыстық, республикалық турнирлерден олжалы оралып жүр. Өмірлік серігі Сания Ертайқызы – жоғары білімді аудармашы, ағылшын тілінің білікті маманы.
Кіші ұлы Елдостың есімі бүкіл әлемге танымал десек, артық айтпаймыз. Осы отбасының ерке баласы Елдос Сметов – бұл күнде бүкіл қазақ елінің мақтанышы. Дзюдо күресінен әлем чемпионы. Сонымен қатар, дзюдо күресінен Риоде Жанейрода өткен жазғы Олимпиаданың күміс, Токиада өткен жазғы Олимпиаданың қола жүлдегері. Жары Балауса Байтаққызы екеуі төрт ұл- қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Елдос Сметов жалпы барлық жетістіктердің еңбекпен, ізденіспен келетінін жақсы түсінеді. Өзінен кейінгі ізбасар інілеріне де үнемі осы ойды айтып жүр. Азды-көпті есімімізді ел біліп жатса, ол Жаратушыдан кейін тәрбие берген ата-анамыздың арқасы. Асырап өсірген, бізден бар қамқорлығын аямаған ата- анамызға алғыс. Спорт жолы – қиын жол. Спорттың ауыр жолдарынан да өттік. Біраз жылдар ірі жарыстарда жолым болмай жүрген сәттер де бар. Тіпті, қанша шыдамды болсам да, спортты тастап кетейін деген ойларға дейін бардым. Бірақ, сол кезде де ата-анам ақыл беріп, сабырға шақырды. Қазіргі таңда сол ақылды тыңдағаныма еш өкінбеймін. Соңымнан ерген ізбасар спортшы інілеріме айтарым – көп тер төгіп, сабырлы болу керек. Көп ізденген, ұзақ еңбектенген адам өмірде өз мақсатына жетеді. Осыған менің көзім жетті», дейді. Ал, бұл әулеттің тірегі, асқар тауы Бақтыбай Саламатұлы: «Асыл жарым Тоқтагүл Мұхамедқалиқызы екеуміз отау құрып, шаңырақ көтергенімізге 37 жылдан асып кетіпті. Барлығы кеше ғана секілді еді. Алланың берген перзенттерін көріп, тәрбиелеп өсірдік. Өзім спортшы болғандықтан, перзенттерім де осы жағына бейім болды. Біздің әулеттен өнер де алшақ емес. Балаларым бұл күнде бір-бір үй болды. Отбасылық қуаныштарда жиі бас қосып тұрамыз. Сол сәтте ұлдарыма, келін, немерелеріме ақылымызды айтып, өмірлік тәжірибемен бөлісіп, бағыт беріп отырамыз. Анасы да ақылдарын аямайды. Ашық сөйлесіп, мәре- сәре болып қаламыз. Негізі, әр әулетте татулық, бірлік, ынтымақ болса, сол әулеттің іргесі берік болады. Мен балаларыма адалдық, тура жол, ізгі істер жөнінде көп айтып отырамын. Балаларымның осындай жетістігін көрсетіп, ұрпақтарыммен бақытқа кенелткені үшін Жаратушыға мың мәрте тәубе айтамын. Еліміздің әр шаңырағына бақ-береке, жақсылық тілеймін», дейді.
Есет Досалы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді