Емхана – ел игілігі үшін

Емхана – ел игілігі үшін
ашық дереккөз
Емхана – ел игілігі үшін
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі жауапты тұлғаларға халықпен жақын жұмыс істеуді тапсырып келеді. Халыққа жақын болған сайын, жағдайлардың оң шешілетіні рас. Оған күнделікті жұмыс барысында көзіміз жетуде. Тұрғындар бар жерде, мәселелер де туындайтыны белгілі. Әр аймақ пен әр ауылда өртеніп тұрған өзекті жағдайлар жетерлік. Кейде ауыл белсенділері де өздері бас болып, бірқатар мәселелерді шешіп жататыны бар. Сондай аумақтың бірі – Тараз қаласы, Кірпіш зауыты аймағы. Бес мыңнан астам тұрғыны бар бұл аймақта бірқатар қажеттіліктер шешімін тапқанымен, ұзақ жылдардан емханаға зәру еді. Бұл аймақтың тұрғындары 20 жылдан бері қаралатын орын таппай, ең жақын деген емханалардың қызметіне жүгініп келген. Бұл ретте емханалардың қашықтығы, сағаттап кезекке тұрулары тұрғындарға қиындық тудырған. Осы мәселе жылдар бойы жұрттың басты мәселесі болып келген болатын. «Кірпіш зауыттың» бір белсендісі – Абдолла Бақбергенов. Ол ертеректе Тараз қалалық мәслихаттың депутаты болып та біраз өзекті мәселенің оң шешілуіне, аталған аймақта орта мектеп, мешіт салынуына ықпал еткен. «Орта мектеп салынсын» деп өзінің жекеменшік жерін берген. Енді ол кісі емхана жұмыстары үшін де бірқатар құзырлы мекемелерге барып, мәселені оң шешті. Тіпті, өзінің жер үйінің бір бөлігін емхананың қажеттілігі үшін жалға берді. Сонымен, аталған аймақта кәсіпкер Айдос Шырынханұлы қажетті қаржысын салып, «Жансая» атты емхана ашып отыр. Бұл емхана 5 мың тұрғынға қызмет көрсете алады. Оларға 25 білікті медицина қызметкері мен жұмысшылардың көрсетер қызметі дайын. Мұнда бөлмелер саны жеткілікті. Атап айтқанда, кардиолог, эндокринолог, невропотолог, хирургия, генеколог кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ, күндізгі стационар, ультрадыбысты толқын (УЗИ) бөлмелері талапқа сай жұмыс атқаратын болады. Дәрігерге дейінгі тексерілу, скрининг бөлмелері де бар. Барлық медициналық кабинеттер қажетті қымбат құрал-жабдықтармен қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, аймақ тұрғындары бұл жерден қажеттінің бәрін таба алады. Мұнда 5 мың тұрғын тегін қызмет алады. Емхананың ашылу салтанатында Абдолла Бақбергенов алғаш сөз алып, тұрғындар 20 жыл күткен емхана көпшілікке есігін айқара ашқанын айтты. «Қадірлі ауылдастар! Міне, өздеріңіз қолдап, аймағымызда заман талабына сай емхана ашылып отыр. Алдағы уақытта да осында келіп ем алыңыздар. Дерттің алдын алып, дәрігерлерге көрініп тұрыңыздар. Жаңа ашылған емхана жұмысына қолдау білдіріңіздер», – деді ол. Ауыл тұрғыны Сайлау Жүнісов ата жолымен бата берді. Мұнан соң емхананың бас дәрігері Сәулеш Әбдікерімова, кәсіпкер Шырынхан Сәдуақасов, ауыл тұрғыны Бақытжан Дүйсенбаев өз ойларын ортаға салып, денсаулық нысанының ашылуына қуанышты екендерін танытты. Емхана лентасын кәсіпкер Алтынбек Садырбаев, еңбек ардагері Шырынхан Сәдуақасов, ауыл белсендісі Абдолла Бақбергенов қиды. Емхананың ашылуына ықпал еткен кәсіпкер Айдос Шырынханұлы: «Қадірлі көпшілік! Енді осы емханаға тіркелуші тұрғындар саны көбірек болуы керек. Егер тұрғындар белсенді келіп жатса, екінші қабатты салып, дәріхана ашамыз. Емхананың жанынан қосымша жер алып, тіс емдеу орталығын ашамыз. Сіздер қолдаған сайын біздің тараптан да қолдау арта түседі», – деді.  

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар