Өмірі – өнеге, тағдыры – тағылым

Өмірі – өнеге, тағдыры – тағылым
ашық дереккөз
Өмірі – өнеге, тағдыры – тағылым
Халқымыз қарттарды ақыл дариясы, даналық қазынасы ретінде қадірлеген. Қариялардың қатысуынсыз қоғамда қордаланған мәселелер шешіліп, қарымды істер қолға алынбаған. Қартын қадірлеп, қара шаңырақтың құты мен киесі деп ұққан халқымыз оларға қашанда төрден орын берген. Тоқсанның төріне шыққан ақсақал, академик Төрегелді Шарманов қарттыққа қатысты тәлім аларлық мынадай бір ой қалдырыпты: «Әдемі қартаю деген – рухани көрініс. Адам айналаға жылу, мейірім шашып жүруі керек. Адамға деген жақсылық сезімі болуға тиіс. Біреу туралы керітартпа ой, көре алмаушылық сезімі пайда болса, ол адамның өмірі жақсы емес. Демек, жақсы қартайған жоқ. Өзіңді физикалық жағынан қанша күтсең, шынықсаң, адамға деген жақсы, жылы ойың да соншалықты күтімді қажет ететінін ұмытпаған жөн. Бұл адамның бет-бейнесіне бірден әсер етеді. Неге қартайған шақта да кейбіреулердің жүзінен нұры төгіліп тұрады? Бұл оның жүрегінің тазалығынан. Жүрегін кірлетпегендігінен. Жақсы қартаю дегеніміз – қанша жасқа келсең де, жүрегіңнің таза қалпында сақтала білуі дер едім». Осы орайда бүгінгі әңгімеміз әдемі қартая білген Жуалы ауданына қарасты Жаңаталап ауылының қадірменді қариясы, еңбек ардагері – Мырзахмет Өтеев турасында болмақ. Мырзахмет Өтеев 1942 жылы Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Анасы Ұлбосын Оразалиева 14 құрсақ көтерген екен. Оның жетеуі шетінеп, жеті баласы тірі қалған. Мырзахмет Өтеев осы ауылдағы Жаңаталап орта мектебін үздік тәмамдаған. Жазуы да сауатты әрі көркем болған көрінеді. Қазақтың бірутар ақыны Абай Құнанбайұлы «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп, толғағанындай ол бала кезден түрлі әдеби кітаптарды, ақын-жазушылардың шығармаларын сүйіп оқиды. Есейе келе аудандық, облыстық газеттерге ауыл жаңалығын және басқа да түрлі қызықты мақалалар жазып өткізіп отырады. Ол Ресейде әскери борышын өтеген. Содан 1971 жылы елге оралғаннан кейін ауылдағы №10 Әскери совхоздың үшінші бөлімшесінде бригадир болып еңбек жолын бастайды. Кейіннен осы совхозда есепші болып та ұзақ жыл еңбек етеді. Совхозда жұмыс істей жүріп талай тындырымды жұмыстар атқарып, көптің алғысына бөленеді. 1979 жылы «Еңбек ардагері» медалін де иеленеді. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Мырзахмет Өтеев зейнетте, көпке сыйлы әрі ауылдың қадірменді қариясы. Жары Рахима Ақатаева Жаңаталап ауылындағы клубта жұмыс істеген. Екеуінен үш қыз, үш бала дүниеге келген. Ұл- қыздарынан 19 немере, 10 шөбере көріп отыр. Қазіргі таңда ата-әжемен бірге кенже ұлы Ерлан Өтеев пен келіні Айгүл Үсенова бірге тұрады. Ұлы Ерлан «Мырзахмет» аталатын шаруа қожалықтың жұмысына көмектессе, келіні Айгүл №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Олардың бес баласы бар. Әліби, Темірлан, Әлинұр 7,5,3 сыныпта оқыса, Аяла жеті жаста. Ал, Мейірлан төрт жаста. Біз бұл шаңыраққа кіре бергенде Мырзахмет ата үлкен немересі Әлібекті жанына отырғызып, ескі терезелерді қиып отыр екен. Құлағы сәл ауырлау еститін болған соң, бізді ұлы Ерлан қарсы алып, үйдің сол жақ бұрышында орналасқан жаздық тапшанға жайғастырды. Ата да жанымызға келіп отырды. Ұлы атаға мән-жайды түсіндірген кезде, атаның көздерінен ерекше бір қуаныштың ұшқынын байқағандай болдық. Біздің сұрақтарымызды Мырзахмет атаға ұлы Ерлан кезең-кезеңімен айтып, түсіндіріп отырды. Ал, біз атаның айтқандарын қойын дәптерімізге түртіп отырдық. Бір қызығы ата әлі күнге дейін түрлі әдеби кітаптарды, газет-журналдарды үзбей оқып отырады екен. – Үйде қазақтың ақын-жазушыларының кітаптары бір сөрені алып тұр, – дейді ұлы Ерлан. – Атамыз жастай жетім қалып, бала кезден қиыншылықты көп көрген. Содан да болар ешқашан бізге ұрсып көрген емес. Мінезі өте жұмсақ болатын. Бізге «ешкімнің ала жібін аттамаңдар, тер төгіп еңбек етіңдер, сонда оның жемісі де тәтті болады» деп, ылғи ақылын айтып отыратын. Қазірдің өзінде, сәл құлағының ауыр еститіні болмаса денсаулығына шағымданбайды. Ағаштан түрлі заттар жасайтын ұсталығы да бар. Мәселен, біз тұрып жатқан үйдің де қабырғасын өзі көтеріп, үй маңындағы жаздық тапшанды да өз қолымен жасаған болатын. Сонымен бірге, орындық, үстел, төсек сияқты ағаштан жасалатын көптеген заттарды өзі жасай береді, – дейді Ерлан Мырзахметұлы. Атаның ұсталығынан бөлек, үй айналасын абаттандыруға ебі бар екенін білдік. Өйткені, есіктің алдында түрлі гүлдерден бөлек, алма, алмұрт, шие жемістерінің ағашын отырғызған. Барлығы да жемісін беріп, жайқалып тұр. Сөз соңында Мырзахмет ата «Ел іргесі тыныш, бейбіт заманымыз мәңгілік болсын! Халқымыз аман болып, түрлі қиындықты еңсеріп, жақсы күндермен қауышып жүре берейік. Егемен еліміздің ертеңі жарқын, кемел келешегіміз жақсы күндермен жалғаса берсін. Ұрпағымыз ұлағатты, бақытты ғұмыр кешсін!», деп ақ батасын берді.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар