Өз ісінің шебері

Өз ісінің шебері
ашық дереккөз
Өз ісінің шебері
Мойынқұм аудандық электр жүйесі мекемесінде бірнеше жыл еңбек етіп, әріптестеріне үлгі болып жүрген азаматтар көптеп саналады. Солардың бірі – электр дәнекерлеуші әрі автокран жүргізушісі Болат Төлеубеков. Болаттың осы мекемеде тапжылмай еңбек етіп келе жатқанына 30 жылдың жүзі болды. Ұжымдастары оны өз жұмысын жете меңгерген маман, үлгілі отбасы иесі, ақжарқын, кісі көңілін қалдырмайтын кішіпейіл азамат ретінде қадір тұтып сыйлайды. Болат 1987 жылы Т.Рысқұлов атындағы орта мектебін бітірген соң, 1988-1990 жылдар аралығында Фурманов атындағы қой совхозында құрылысшы болып еңбек етеді. Осы жылдар арасында Төле би ауылындағы ДОСААФ қоғамдық ұйымында 6 айлық жүргізуші мамандығына дайындайтын арнайы курста оқып, автокөлік жүргізушісі куәлігін алады. 1990-1992 жылдары Кеңес әскері құрамында болып, әскери міндетін өтейді. Әскерден оралған соң сол кездегі «Қазауылшаруашылығытехника» мекемесіне жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмысқа орналасып, 1993 жылы аудандық электр тарату жүйесіне трактор жүргізушісі болып ауысады. Міне, осы жылдан бері Болат Байжұманұлы осы мекемеде еңбек көрігін қыздырып жүр. Біраз жыл трактор жүргізушісі болып жұмыс атқарған ол кейіннен мекеме басшылығының ұйғаруымен автокран жүргізушісі әрі электр мен дәнекерлеуші жұмысына ауысып, қазір осы міндетті атқарып, еңбек етуде. Осы жылдар аралығында Болаттың еңбегі мекеме басшылығы тарапынан әділ бағаланып келеді. Ол облыстық Жамбыл электр тарату жүйесі мекемесінің Алғыс хатымен марапатталып, суреті Тараз қаласының тақтасына ілінген. Ол көп жылғы еңбегі үшін 2019 жылы Жамбыл электр жүйесінің «Еңбек ардагері» атағын алды. Мекеменің «Жамбыл жарық» кітабына, осы аттас газетіне еңбек озаты ретінде шықты. Жолдасы Гүлсім аудандық өнер және қосымша білім беру орталығының қосымша білім беру педагогы болып, жаңа Қазақстанымыздың болашақ иелерін тәрбиелеуге сүбелі үлесін қосып келеді. Екеуі 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр.  

Жолдыбай ДӘМЕТОВ,

журналист.

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар