Ұлт болашағын тәрбиелейтін мектеп

Ұлт болашағын тәрбиелейтін мектеп
ашық дереккөз
Ұлт болашағын тәрбиелейтін мектеп
Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2023-2024 оқу жылында 749 оқушы білім алады. Биыл ашылғанына он жыл толып отырған білім ошағының 132 оқушысы жатақхана тәрбиеленушілері. Ал, 110 оқушы облыстардан келсе, 22-сі республикалық маңызы бар қалалардан келген оқушылар. Сонымен қатар, мұнда 103 мұғалім, 3 шетелдік педагог, 13 тәрбиеші, 15 куратор, 8 лаборант, 4 IT қызметкері, 10 қосымша білім беру педагогтары жұмыс істейді. Оқушыларға білім беріп жүрген орта — ғылым, экономика және саясат саласын меңгеруге атсалысып жүрген дарынды балаларға арналған таңдаулы мектептердің бірі. Мектеп 2013 жылдың 4 шілдесінде пайдалануға берілген болатын. Жыл сайын жалпы білім беретін мектептердегі 5-6-сынып оқушылары үшін Виртуалды және Каникулярлы мектеп ұйымдастырылады. Аталған іс-шара 7-сыныпқа үміткер оқушылар үшін тест тапсыруға дайындалуға үлкен септігін тигізеді. Мектеп бағдарламасы стратегиялық серіктес Кембридж университетінің Халықаралық білім беру саласындағы бағалау кеңесі және қазақстандық жетекші ғалымдар мен ұстаздар бірлесіп әзірлеген NIS-Programme білім беру бағдарламасы оқушылардың іргелі академиялық білімдерін, сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын қалыптастыруға және функционалдық сауаттылықты дамытуға бағытталған. Оқушылар әр түрлі стартап проектілер атап айтқанда, «Sumsung Innovation campus hackathon», «STEM», «Sсience Fair», ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен «Тұрақты жол», «Astana Hub» жобалары мен әлеуметтік проблемаларды шешуге, экожүйені қалыптастыруға арналған конкурстарға, республикалық «Дарын» олимпиадалары мен жобаларына қатысып, ақшалай және жүлделі орындарды иеленіп жүр. – 18 мектеп мұғалімі «ECER» Еуропалық білім саласындағы зерттеу конференцияларына қатысып, биология пәні мұғалім эксперті И.Аксенова «В. Science on stage 2023» жарысында жүлделі орынға ие болып, өз тәжірибелері мен әдістерін көрсетті. Оқушының қабілеті, дағдысы мен дарынын дамыту мақсатында сараланған, персоналды оқыту түрлері сабақ үстінде ұйымдастырылады. Мектепте кәсіби бағдар беру жұмысы 7-12 сыныптарда жүргізіледі. Жұмыстың мақсаты – әрбір оқушының жеке қызығушылығын, оқу жетістігін ескеріп, саналы түрде болашақты жоспарлауға және өзін-өзі анықтауға дайындау, сонымен қатар оқушылардың мамандық таңдауға психологиялық дайындығын қалыптастыру болып табылады. Кәсіби бағдар беру үшін робототехника, схематехника негіздері, CISCO ESSENTIALS, химиялық талдау, математикалық статистика және талдау, нутрициология, 3D моделдеу және тағы басқа да курстарды ұйымдастырады. Жыл басында оқушыларға жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша, Кардиохирургия және трансплантология ғылыми клиникалық орталығы, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Goodzhem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «ДанаДель» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Jambyl TV және басқа да кәсіпорындарға экскурсия ұйымдастырылды, – дейді аталған мектеп директорының орынбасары Балжан Дүйсекеева. Биыл түлектер АҚШ, Корея, АбуДаби және Италия сынды мемлекеттердің жоғары оқу орындарына шақырту алғанын мектеп мақтаныш тұтады. 16 оқушының 10-ы шетелдік жоғары оқу орындарына қабылданған. Осы жылдың қорытындысы бойынша 61 оқушының 60-ы грантқа түсіпті. Бір түлек жаһандық оқыту бағдарламасын таңдапты. Мектепте құрылған «Шаңырақ» қауымдастығында «Қазақтың 100 әні», «Қазақтың 100 күйі», «Оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы», «Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап», «Қоғамға қызмет ету», «Туған елге – тағзым», «Даналық бейсенбі», «TEDx», «Ұлы дала ақындары», «Замандастар жырлары» және басқа да жобалар қарастырылған. Одан бөлек, мектепте түрлі үйірме мен секциялар жұмыс істейді. Үйірмеге қатысатын оқушылар республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орын алып, оқуда озат, білімге құштар екендіктерін дәлелдеп жүр Бұл оқу орын қызметкерлерінің басты мақсаты – оқушыларға Отан тағдырын өзінің жеке басының мәселесіндей қабылдап, өз елінің бүгіні мен болашағы үшін жауапкершілігін сезініп, тілі мен діліне жаны ашитын ұрпақ тәрбиелеу болып саналады.  

Ұқсас жаңалықтар