Құрметке бөленген Құдайбергеновтер әулеті

Құрметке бөленген Құдайбергеновтер әулеті
ашық дереккөз
Құрметке бөленген Құдайбергеновтер әулеті
Қасиетті Құлан жерінде де бірлігі мен татулығы жарасқан ұлағатты отбасылар аз емес. Сол ұлағатты отбасылардың игі істері талай шаңыраққа үлгі болып отырғаны анық. Көгершін ауылындағы Құдайбергеновтер әулетін міне осындай тағылымды шаңырақтың қатарына қосуға әбден болады. Отағасы Таңат Құдайбергенов Көгершін ауылындағы Луговой жылқы зауытында қойшы болып жұмысын бастаған. Ал, 1962-1990 жылдары аталған зауытта бригадир болып абыройлы еңбек етті. Таңат ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Әттең, баршаға үлгі болып, бірнеше ұл - қызды тәрбиелеп өсірген әулеттің асқар тауы 56 жасында өмірден озған екен. Асыл жары Ұлтаймен отау құрған ғұмырында тек сыйластықпен күн кешіпті. Сол кезеңді көргендер бұл шаңырақтың ынтымағын айтудан еш жалықпайды. Отанасы Ұлтай Құдайбергенова қазіргі таңда сексен жастан асып отыр. Ұлтай әже жас күнінде сауыншы, аға шопанның көмекшісі, жылқышының көмекшісі болып қызмет атқарған. Отағасы Таңат Құдайбергенов екеуі 9 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Бұл күнде ұл ұяға, қыз қияға қонып, өмірден өз орындарын тапқан. Әулеттің үлкені Серікбайдан екі перзент өсіп-өніп келеді. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, бүкіл ауылға ардақты болып жүрген кезінде Серікбай ұзақ сырқаттанып, бақилық болған. Берікбай Таңатұлы Луговой жылқы зауытында автокөлік жүргізушісі болып еңбек етті. Ол Қазақстан ардагерлері «Жеңіс қаһармандары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Отбасында үш ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Оның жұмысына деген жауапкершілігін ауыл тұрғындары тамсана айтады. Нағима Таңатқызы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда аталған ауылдағы балабақшада шаруашылық ісінің меңгерушісі. Үш ұл- қыз тәрбиелеп, олардың ұлағатты болып қалыптасуын басты назарда ұстап келеді. Арнаулы орта білімі бар Әлия Таңатқызы кәсіпкерлікпен айналысады. Сәуле Құдайбергенова М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін есеп-санақ мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда Көгершін ауылдық округінің статист маманы болып еңбек етеді. Отбасында екі ұл- қыз тәрбиелеп келеді. Ал, осы әулеттің қызы Нұрсұлу Көгершін ауылындағы бөбекжай бақшасында тәрбиеші болып жұмыс атқарады. Ол да үш ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Әулеттің тағы бір перзенті Мұрат Луговой жылқы зауытында бөлімше басшысы болып қызмет етеді. Ат баптаумен айналысады. Қазақтың ат спортына ерекше көңіл бөліп жүрген азамат. Баптаған тұлпарлары үнемі республикалық додаларда топ жарып келеді. Әулеттің кенжесі Мақсат Құдайбергенов те осы Көгершін ауылында тұрады. Луговой жылқы зауытында күзетші болып істейді. Отбасында 6 ұл-қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Осынау үлкен әулеттегі 9 ұл- қыздан 29 немере, 33 шөбере өсіп-өніп отыр. Отанасы Ұлтай Құдайбергенова: «Отағасы марқұм Таңат екеуміз осы ұл-қыздарды жеткізу жолында тер төктік. Перзенттеріміз өнегелі болып өсті деп айта аламын. Көпшілігі осы Көгершін ауылында тұрады. Туған жерге туын тікті. Туған жерде өсіп-өніп отыр. Туған жерде өсіп-өніп отыр. Өзіміз де перзенттеріміздің қасымызда жүргенін қаладық. Құдайдың осы күнді көрсеткеніне шүкір. Бұл күнде ауылдың үлкен әжелерінің біріне айналдым. Ауылдағы замандастасым мен бірге жас келіндерге үлгі-өнеге болудан жалыққан емеспіз. Енді немерелеріміз, шөберелеріміз биік белесті бағындырып, үлкен қалаларда білім алса дейміз. Еліміздің жарқын болашағы болса дейміз. Әулиеатаның барлық ауыл-аймағындағы әр отбасына бақыт, береке тілеймін. Жастардың жолы жарқын болсын», – деді. Көгершін ауылында еңбек етіп, өсіп-өніп, бұл күнде үлкен әулетке айналған Құдайбергеновтер әулетін құрметтейтіндер көп. Олар осы құрметке өте лайық.  

Есет ДОСАЛЫ

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар