Бір бүйір ойлар

Бір бүйір ойлар
ашық дереккөз
Бір бүйір ойлар

ДЕКАДАНС

Ақыры, әңгіме әдебиет мәселелері төңірегінде болып қалды. Айта кетейін... Айтулы ғалым, жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясы» кітабынан оқып, біраз әдебиет терминдерінің сырына тереңдеп үңіліп, үңілгенім аз, бір-екі дәптерге тәпсірлеп жазып та қойғаным бар. Бір жағы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға қабылдау емтихандарына өзімше дайындалған-сымағым ғой. Оқудан «құлап» қайтарымды біліппін бе? Бұл жөнінде сәл кейінірек тоқталармын... Иә, сонымен әлгі «концпектімді» бір парақтап өтейін. Мұның өзі біраз байлық екенін білсеңіз ғой! Жастарға оқу сынақтарына дайындық барысында ғана емес, жай күнделікті өмірде де қыруар пайдасы тиеріне кәміл сенімдемін. Осынау «байлықтың» шет жағасын шығарайын. Мына бір «декаданс» деген сөзге тілімнің сүріне бергені... Сөйтсем, 19 ғасырдың аяғы мен 20-шы ғасырдың басында орын алған дағдарыстың әдебиеттегі көрінісі – өмірден торығу, келешектен үмітсіздікке бой алдыру сарындары басым әдеби құбылыс солай аталыпты. Бұл құбылыс Францияда символизм ағымымен жарыса шыққан. Оны бастап, орнықтырған символист-ақындар еді. Францияда А.Рембо, П.Верлен, С.Малларме, Бельгияда, Э.Верхарн, М.Метерлинк, Австрияда Р.М.Рильке, Ресейде Ф.Сологуб, З.Гипкус, Д.Мерешковский, А.Белый өмірді алуан балама-бейне, тұспал-белгіні қолданып, шартты тәсілмен суреттеген-ді. Кейін футуризм, экспрессионизм, акмейзм секілді ағымдарға байланысты ұғымға айналған екен. Дәл қазір... «декаданс» дәуіріндегі жағдай біздің де басымызға үйірілумен тұрған секілді. «Алыптар» не тумай, не танылмай жатыр-ау!

АДАМ БАЛАСЫ...

Сарғайған қағаздарымның бірінен мына бір жазба шықты. Өзінің көмескі тартып әріптері де өшуге айналған екен. Оқиық. «Адам баласы Аллаға мұқтаж. Адам баласының өзінде ғибрат бар. Адам баласына Алла күретамырынан да қымбат. Адам баласы өзімшіл жаратылған. Адам баласы қаперсіз. Адам баласы – жер жүзінің халифасы. Аллаға бәрі аян, ғайыпты біледі, залым емес. Алланың нығметі есепсіз. Алланың уәдесі – хақ. «Кім Алланың белгілерін ұлықтаса, күдіксіз. Ол – жүректің тақуалығынан. Аллаға ортақ қоспаңыздар» (хам сүресінен)...» Әрине, мен мұны тек жазып қоюмен ғана шектелмей, әлсін-әлсін көз жүгіртіп, ұғым, түсінігімді, бағыт-бағдарымды айқындап, түзеп отырар «құбыланамама» да айналдырғанмын. Сіздер де сөйтіңіздер, әлеумет!

ЕХ, ӨМІР-АЙ!

«Неге хатты аз жазатын болғансың? Өлеңдер жоқ ішінде. Келесі жолы өлең болсын, жарай ма? Бір жаңалық – мен 28 қараша күні 20 (бақандай 20 – ужас) жасқа толам! Ойлап отырсам, осы жиырма жастың ішінде түк бітірмеппін ғой. Жиырма жыл! Өтті де кетті. Өкінішті-ақ. Енді зу етіп 25 те келеді. Сосын... 30! Құрысын, ойлауға қорқамын. Жиырмадан әрі қарай өмір сүргім де келмейді. Қазір тіпті ештеңе қызықтырмайды. Жалығып кеттім. Не істесем екен? Не үшін, кім үшін өмір сүремін – понятие не имею! Адамның алға қояр мақсаты, асыл арманы болушы еді. Менде де бір арман болған кезінде. Қазір ғой... содан мысқалдай да қалмапты. Нейтраль күйдемін. Неге? Түсінбеймін. Бұдан әрі тіпті оқығым да келмейді. Дәл бүгін мені машина қағып кетсінші... еш өкінбес едім. Осындай жағдайға ұшырағанымды қазір ғана, саған хат жазып отырып бір-ақ білдім. Соны ойлап отырып, жазып жатырмын. Қызық! Сенің өмірің тартысты болар... Айтып жазшы, ә! Арман, үміт, өмір жайлы толғаншы бір мәрте. Өтінемін! Менің дәл осындай күйде жүре берсем, бірдемеге ұшырауым мүмкін ғой, иә?». Бұл өзімде сақталған, әскерде жүргенімде (1976 жыл) сыныптасым әрі аталас жақын туысым Гүлайым Кеттебекованың маған жазған хаттарының бірінен үзінді. Менің мектепте оқып жүргенімде-ақ «ақын» деген атым дүрілдеп шыққан. Ол осы қасиетімді бағалап, мені достарының бәрінен де жоғары қоятын. Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша тәмамдаған соң, жолдамамен Қарағанды өңіріне жіберілді. Сол жақтың жігітіне үйленіп, тұрақтап қалды. Содан қайтып жүз көріскен емеспіз. Үншалғымен бертінде бірер мәрте тілдескен болдық. Ол маған баяғы әдетімен «әкем туралы кітап жазылса деп едім, көмектесші» деп қайырылған. Ауыл-аймақтағы көз көргендермен сөйлесіп, біраз деректер жинап, Жанбек көке жөнінде жүз беттей дүние дайындап бердім. Мәтінін электронды пошта арқылы алып, оқып, қуанып қалды. «Енді бұған өз өмірімнен жазып қосамын» деген. Оған үлгерді ме, жоқ па ол арасын білмеймін. 2020 жылы Гүлайымнан мәңгілікке айырылып қалдық. Қарағанды қалалық ауруханасына ауыр жағдайда түсіп, тілге келместен өмірден озып жүре беріпті. Артында бір ұл, бір қызы қалды. Ех, өмір-ай! Енді, міне, оның баяғыда әскерде жүргенімде жазған хатын оқып, жан дүнием алас-күлес күй кешуде...

СУБЭТНОС

Баяғының құтфа оқыған ғұламасы не көрсе де елмен бірге көрген еді. Ал қазір... дін мемлекеттен бөлінсе де, билікке жақындағысы келетін, солардың жағына шығып, солардың сөзін сөйлеп, шотын шабатын, өзінің жеке мүддесі үшін жерінің, елінің абыройын аяқасты ететін, бірдеңе болып жатса еш ойланбастан өзге елге көшіп кетуге де пейіл діндарлар пайда болыпты. Рас болса, шын мәнінде жаға ұстатарлық-ақ жайт қой! Бұл туралы Ерлан Төлеутай өз постында жазып, әлгіндей молдаларға қатысты «Ғылыми тілде не анда жоқ, не мында жоқ, шөре-шөремен күнін көрген тірі жан иелерін «субэтнос» деп атайды. Бұлар да сондай» деген түсіндірме беріп өтіпті. Міне, сол молдаларыңыз билікпен ауыз жаласқысы келгені сонша, «Ей, сорлы қазақтар, бейшара мүскіндер, бұл дүниеде неғұрлым құл болып, көп қорлық көріп, аяусыз азап шексеңдер, солғұрлым о дүниедегі жұмақтың бес мың хор қызын қытықсыз құшақтап, мәңгі-бақи рахат көресіңдер» деп үгіт айтатынға шығыпты. Олар бүйтсе, діндегі саясатымыз осындай рәуіште болса, жетіскен екенбіз... Фәнилік ұғымға салсақ, олай емес. Рас, адам өмірінің жартысын азаппен, жартысын рахатпен өткізуге мәжбүр. Тек қайсысының ерте, қайсысының кеш келері белгісіз. Бұл – тағдыр жазмышы, өмірдегі заңдылық. Исі мұсылман қауым Құдайдан «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп тілемеуші ме еді... Осы орайда менің есіме ауылымдағы Шәуміл қария түсе кетеді. Нәйеті Лениннің (суреттегі) «Осы оқуды шығарып жүрген сенсің бе?» деп «көзін» шұқығаны үшін абақтыға қамалып, өмірінің он шақты жылын Сібір жерінде, Колымада өткізіп, көресінді көріп келгеннен соң не жорық, Шәкең өкіметтің айтқанына көніп, айдауына жүруді «жылы жапты» да қойды. Рұқсат етілген шектен асыра мал өсірді. Өкіметтің тақ-тұқ тәртібі, қалыбынан тыс тірлікке ден қоюы оны бақуатты да етті. Бейнетінің зейнетін көрудей-ақ көрді. Жасы жүзден асып барып дүниеден озды. Алла Шәкеңнің кебін киіп, өмірлерінің біраз бөлігін 15-25 жылын «итжеккенде» – туған жерлерінен тым жырақта азаппен өткізуге мәжбүр болған Шәкен Мусин, Бекболат Мұстафиндерге де ұзақ ғұмыр сүруді нәсіп етті. «Субэтностарыңыз» осынау сүйегі асыл азаматтарымыздың қолына су құюға да жарамайды емес пе?!

БАҚЫТ ТУРАЛЫ

Бақыт деген не, осы?! Әркім әрқалай айтады. Базбір жиын- тойларда ес тоқтатқан, кемел ақылға ие жастағы кісілердің лебіз-тілегін «Бақыт дегенге бәрі де сыяды» деген бір ауыз сөзбен түйіндеуі үйреншікті дағдыға айналып барады. Бірінің аузына бірі түкіріп қойған секілді. Иә, рас, бақыт деген – кең ұғым. Бірақ, оған қуаныш та, қайғы да... сыя бермейді ғой! Ал, біреулер оны ғажайып бір құсқа теңеп, ол адам баласының басына қуаныш, бақ болып ойда жоқта қонады, бір сәтте жоқ болып ұшып та кетеді деп ділмарсып жатады. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсейші» дегенді... адам әлдене жағдайға қапа болып күйінгенде, күйгенде айтатын болса керек. Бақыт дегенді біріміз – мол дәулет, екіншіміз – үбір-шүбір бала-шаға, ал үшіншіміз – мәңгі айырылмас жан достар деп танимыз. Қалай болғанда да адам оны құтты қонақ секілді өбектеп күтеді, елесін болсын бір көруді аңсайды, оған жетуге талпынады. Пендешілік қой баяғы – қолымыздағы бар заттың өзінің қадіріне жетіп бағалай білмейміз, жоқ нәрсеге талпынып, өлермендене ұмтыламыз кеп! Сол мұраттарымызға жетсек өзімізді бақыттымыз деп те есептейміз. Әркім әрқалай ойлайды. Ойлағанда, оның не екенін өздерінің ой-өресі ауқымында шамалап болса да сезінеді. Бақытқа бөленгендей сезінеді. Тұшынып, дәмін де татады. Лып етпе сезім, бар-жоғы. Әп-сәтте-ақ ғайыпқа да айналып кетеді. Аз сәтке болса да бастан кешер бақытты күйді қанағат тұтып жатқанымыз жоқ қой! Тағы бір «бақытты сәтті» бастан кешуді, оның ұзағырақ болуын қалап, оны жатпай-тұрмай қайта аңсап, іздей де бастаймыз. Солай емес пе? Біздіңше, бақыттың кілті жақсы өмір сүруде жатыр. Ал, жақсы, көркем өмір сүру деген не? Отбасын құру, ұрпақ өсіру, Алланың ақ жолымен жүру, жаныңа ізгілікті, жақсылықты, адамгершілік әдептерін серік ету, ақ, адал еңбек ету! Бақыттың баянды болмағы да содан. Отбасың үлгілі, ұл-қызың саналы болса, бәрі де оңынан келері анық. Ал, еңбек адамды көркейтеді, бақытқа да бөлейді. Асқақ арманыңа қол жеткізуің, атақ-даңқыңның шығуы еңбегіңе байланысты. Еңбекпен тапқан нан тәтті, қашанда! (ағамның блокнотынан)

ҚУАНЫШ

Қуаныш дегеніңіз – ғажайып сезім. Аз-кем қуанышқа кенелсеңіз де өзіңізді дүниедегі ең бақытты жандай сезінеріңіз анық. Задында, «Сәби қуанса иығындағы қырық періште қоса қуанар» деген сөз тегін айтылмаған болуы керек. Үлкеннің де, кішінің қуанғанында (аз уақытқа болса да) қос қолтығына қанат біткендей шадыман шаттыққа бөленіп шыға келетінін, өмірге құштарлығы арта түсетінін, көзі шоқтай жайнайтынын өмірде көріп те, сезініп те келеміз, Құдайға шүкір! Қуаныш қамкөңіл жанның ауруға қарсылық күшін – иммунитетін күрт көтеріп, бойындағы алпыс екі тамырын бірдей иітіп, анадан жаңа туғандай пәк, періште қалыпқа түсіретін ерекше ем-дауа да секілді. Меніңше, баз бір емші, тәуіптер уайымшыл адамдарды, міне, осы «әдісті» қолдану арқылы емдейтін секілді. Әлімсақтан бойында бар алапат күшті оята алсақ, адамның қандай дертті де, уайым, қайғыны да, басқасын да жеңіп, бойы да, ойы да сергіп, бір қуанып қалатыны күмәнсіз. Қуаныш – Алланың сыйы, бір-біріне қуаныш сыйлау адамдардың да қолынан келеді. Біреудің азғантай қуанышын үстеп жіберерлік ерен күшке иеміз біз де. Күн сайын таңертеңгілікте әлдеқандай қуанышты сәтті бастан өткерсеңіз, ол сіздің өне бойыңызды күні бойы жылытумен жүреді, жаңа жетістіктерге де жігерлендіреді. Біреудің қуанышына қиянат жасамайық, қайта оның көбеюін көздейік, көрінеу күншілдіктің, көреалмаушылықтың торын құрып, тоғышарлықтың, топастықтың тоңын қалыңдатпайық! Бір-бірімізге әр кезде де қуаныш сыйлай жүрейік! Тарынбайық! Қуаныш – өмірдің өзегі, өмірдің өзі!

ӘУЛИЕ БОЛУ ОҢАЙ МА?

Бүгінде дәстүрлі һәм заманауи медицинаңыз бір-біріне кіріге үйлесіп кете алмай жатыр. Мұның өзі «жабық» тақырыпқа айналған. Олай болатыны, қоғамда көріпкел, тәуіп, құшнаштарыңызға әлі де сенбестік бар. Содан да олар туралы жазылған мақалаларды мерзімдік басылымдар ақылы негізде болмаса, беталды жариялай да бермейді. Бұл тақырыпқа байқап-байқап баратын болған. Ал, тоқсаныншы жылдары, тәуелсіздігіміздің елең-алаңында газет, журналдарыңыз ел ішіндегі осынау ерекше қабілетке ие азаматтар туралы әй, өкірте жазды-ау! Мұндай дүниелер түрлі деңгейдегі басылымдарда жиі жарық көріп те жатты... Міне, осы тұста... оларды ерінбей қиып алып, жинастыра беру өз-өзінен менің «ермек ісіме» де айналып еді. Менде сақталған сол газет қиындылары – ірілі-ұсақты мақалалар қалыңдығы кереқарыс кітапқа жүк боларлықтай көлемде сақтаулы тұр. Өзіне «Әулие болу оңай ма?» деп атау теліп те қойыппын. Тибеттік Тулейрам, украиндық Ванга, Джунна Джугашвили, Алан Чумак, Кашпировскийлерден бастап, жамбылдықтар Гүлжамал Жадыраева (Тараз қаласы), Болат Қабылбеков (Байзақ ауданы, Ровное ауылы, Украин көшесі, 3-үй), Виктор (Бектұр) Мыңбаев (Тараз қаласы, Беспанов көшесі, 19-үй), Тұрсын Оспанова, Динара Ормантайқызы (екеуі де Сарысу ауданы, Байқадам ауылынан), Анаркүл Данаева (Қордай ауданы, Отар ауылы), Оразкүл Жанқожаева (Тараз қаласы), Күлнар Шіртиева (Байзақ ауданы, Чапаев көшесі, 14-үй), түркістандық Князбек Пернебаев (Шымкент қаласы), Қамбарбек Парманов («Алғабас» ауылы), Юнус Раджаев (Сарыағаш қаласы), Әбдіғани Тәліпов, Өсерқұл Рысқұлов (екеуі де Сайрам ауданынан), алматылықтар Роза Бадылова, Сәлима Рахымжанова, Данагүл Сушықызы (Қаскелең, қазіргі Қарасай ауданы), Нұрділда Әбдіқайымов (Нарынқол ауданы, Қарасаз ауылы), Сара Садыханқызы (Алакөл ауданы), Рахима Ахметжанқызы (Шелек ауданы), Әлімқұл Бүркітбаев, Көлшікбай Бойтанов, Алмагүл Балабекова, Гүлмира Қадырханова, Галина Леонидовна, ресейліктер Татьяна Самарская (Луганск облысы, Лисичанск қаласы), Бақытжамал Ерешова (Красноярск қаласы), семейліктер Рашида Ермекбаева (Аягөз ауданы, Таскескен ауылы), Гүлбану Құсманқызы, қызылордалықтар Дәмеш Кенжебаева (Қазалы ауданы), Құндыз Сағымбаева (Арал ауданы, Сольтрест кенті), атыраулық Сары әулие (Марат Исембаев), қостанайлық Аманжол Қарамурзин, жезқазғандық Райхан Тухватчинди (Ұлытау ауданы), талдықорғандық Шайзарат Алғалиқызы секілді халық емшілері (көріпкел, экстрасенс, парапсихолог, балгер, биотерапевт, құмалақшылар) жөнінде жазылған көлемді мақалалар кім-кімнің де қызығушылығын туындатары анық. Олардың мекенжайлары мен қандай сырқат түрлерін емдеп жаза алатыны, пайдаланылатын емдік шөптер, ұшатын белгісіз нысандар (НЛО) туралы мәліметтер де бар. Қысқасы, көпшілік қауымға керек-ақ дүние. Қазір аталған емшілердің көзі тірісі де бірен-саран ғана болар. Арада табаны күректей отыз жыл өтті емес пе? Мен жинақтаған осынау мақалалар мен мәліметтерді қайта теріп, кітап етіп бастырса, құба-құп болар еді-ау! Таңдаған емшіңіз іздемей-ақ табыла кетеді. Әй, бірақ оған демеуші табыла қояр ма екен?

Баймаханбет АХМЕТ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

(Жалғасы бар).

Ұқсас жаңалықтар