Тектілік – асыл қасиет

Тектілік – асыл қасиет
ашық дереккөз
Тектілік – асыл қасиет
Қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлері бұзылмай, бұрмаланбай әрбір қазақтың бойында жаңғырып тұрса қандай керемет. Солардың бірі – генетикалық заңдылық, яғни жақын туыстар арасында некеге жол бермеу. Оның қай заманда енгізілгенін ешкім дөп басып айта алмайды. Базбір деректер де, ағайындастар арасында некеге жол бермеу заңдылығы Жәнібек ханның тұсында қабылданды делінген. Әз Жәнібек хан бірде елге аты шыққан емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлын шақырып: «Қандай дертке дауа жоқ» деп сұраған көрінеді. Сонда емші: «Тұқым қуалаған ауруға ем жоқ», – деп жауап қатады. «Оның алдын алуға бола ма?» – дегенде, емші: «Жеті атаға дейін қыз алыспау керек. Жеті қазақ үшін қасиетті сан», – деген екен. Міне, сол Əз Жəнібек ханның дəуірінен жеті атаға толмай қыз алысқандарды қатаң жазалау туралы заң қабылданған. Адамзат баласында қазақ ұлтынан басқа жұрттарда жеті атаға толмай қыз алыспау ұғымын тіпті кездестірмейміз. Тағы бір түйінді мəселе – қазақ ұғымында адам бойындағы физиологиялық жəне мінез-құлқы ерекшеліктері ата-əке жағынан беріледі деген сенім қалыптасқан. Ал, шеше жағынан туған бөлелердің отау құрғанына аса мəн берілмейді екен. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалада «Ұлттық салт- дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Күні бүгінге дейін сахараның жазылмаған заңы бойынша жеті атаға дейін бір-бірімен үйленуге рұқсат етпейтін қазақтан басқа жер бетінде бірде-бір ел жоқ. Міне, қазақ халқының даналығы тудырған орынды мəңгі қалуға тиіс», делінген болатын. Дəрігер ретінде қазақтың ертеден сақталып келе жатқан салт-дəстүріне сай халық медицинасы мен генетика іліміне негізделген «жеті атаңа дейін, яғни туысқаныңмен некеге тұруға болмайды» деген тұжырымды ерекше атап өтер едім. Соңғы аталған ұлттық заңдылық қай дəуірде енгізілгенін ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ оның дұрыстығын қазір əлемнің барша ғалымдары мойындап отыр. «Тек», «тектілік» деген сөзде үлкен қасиет бар екенін ата-бабамыз жақсы білген. Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Бұл – адамның ерекше қымбат қасиеттерінің парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі. Сондықтан қыз алысып, қыз беріскенде қазақ әркез текті жермен құда болуға тырысқан. Мұның ғылыми негізіне үңілсек, болашақ ұрпақтың денінің сау болуы, парасатты болып қалыптасуы көбінесе текке байланысты деп ұққанымыз жөн. Қазақтар арасында жиі айтылатын: «Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады. Тектілердің тұяғы, Таңдайды құз-қияны. Шын тектілер халқы үшін, Өлімге басын қияды. Жақсы, жаман деместен, Жанына жұртын жияды...», – деген сөздер орынды, пайыммен айтылған. Әлгілі Майқы бидің: «Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады» – деген сөзінде де көп мән жатыр. «Түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы», «тегінде бар тектілік», «текті жердің тұлпар ұлы», «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «жақсының көзі, асылдың сынығы». Бұл қазақ танымындағы тектілікке қатысты сөздер. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі, дарынды, зерделі азамат болып өссе: «Оның әкесі жақсы кісі еді, текті, өнегелі, көрегенді жерден шыққан ғой», – деп мақтап жатады. Тектілік жайлы халық арасында аңыздарға тең керемет әңгімелер бар. Хакім Абай жеке тұлғаның қалыптасуы барысында оның өскен ортасы мен алған тәрбиесінен бұрын, қанындағы, тегіндегі қасиеттердің басымдыққа ие болатынына ерекше тоқталған. Абай сынды алып ой иесінің тамыры Тобықтының ішіндегі шынжыр балақ, шұбар төс тұқым екеніне де кезінде көп көңіл бөлінбегені рас. Әкесі Құнанбайдың: «Әй, Абай! Мақтағыш болсаң, алдымен мені – Құнанбайды мақта! Өзімнен асырып мен сені тудырдым. Ал, сен мықты болсаң, өзіңнен асырып ұл тудыр. Содан кейін мақтанарсың, шырағым», – деп ширыға тіл қатуында ұлт танымындағы тек туралы түсініктің терең мағынасы жатыр. Өкінішке қарай, соңғы кезде АҚШ пен Еуропаның көптеген елдерінде генетика заңдарына кері келетін некелер көрініс беріп, адамдар арасында қан тазалығы жойылып барады. Сөйтіп, ұрпақтың азғындауы орын алып, қызтекелер, «көгілдірлер» және де басқа теріс қылықтылар тобы көбейе түсті. Тіпті, қыздар қыздармен, ұлдар ұлдармен некеге тұрып жатқандары ешбір табиғи заңдылыққа келмейді. Ота жасатып, жынысын ауыстырып әлек болып жүргендері де бар. Кейде олар өздерінің жағдайларын жақсартуды, қуғын- қыспаққа алмауды талап етіп, топ болып даурығып, жалаулатып көшеге шыққандарын да көріп жүрміз. Кейбір қалаларда олардың қауымдастығы құрылып, клубтар жұмыс істеуде. Таңғаларлық теріс қылықтарды, сюжеттерді, оқиғаларды, көріністерді теледидардан көріп жүрегің мұздап, жағаңды ұстайсың. Адамның тексізденуі, тіпті, азғындауы емес пе бұл? «Жаманнан жақсы туса – теңі болмас, жақсыдан жаман туса – емі болмас» дейді қазақ философиясы. Адам түгілі, аң мен малдар арасында жақын қандасына жақындап, қосылып жатқанды көрмейсің. Өмірде жылқы мен есек жақындасса, будандасса одан әрі еш тұқым бермейтін қашар туады екен. Адам әркез биік саналы болып, нағыз адам болып қалуы парыз. ...Таяуда әлеуметтік желіде қазақ әйелі көз жасын төгіп отырып, өз отбасында болған қасіретті оқиғаны баяндап берді. Анадан тірідей айрылғаны аз болғандай, әкесі ауыр дерттен көз жұмып бара жатып артында қалып бара жатқан жалғыз ұлын жеңгесіне аманат етіп тапсырады. Қайнысының аманатын жеңгесі адал орындауға тырысып, ол баланы өз балаларынан кем көрмей оқытып, жоғары білім береді. Қалада қалғысы келген әлгіге қарманып, қарызданып жүріп екі бөлмелі пәтер алып, қызметке орналастырады. Жігіт пәтерде жалғыз емес, өзінің құрбысы бір жігітпен бірге тұрғанын жөн көреді. Қалаға барған сайын шеше орнында жүрген ана «Айналайын-ау, қашан үйленесің? Уақыт кетіп барады ғой, соза берме. Көзіміз тірісінде той жасап, үйлендіріп кеткіміз келеді...», деп мазалайды екен. Бір күні марқұм қайнысының баласы «Апа, көріп жүрген жоқсыз ба, мен мына досыммен ерлі-зайыпты болып, көп жылдар бойы тұрып жатқанымды», деп жауап қатыпты. Бұл тосын жауапқа есеңгіреген ана «Ой, сұмдық, не деп тұрсың, жаным-ау? Мына үлкен қаладан бір қыз табылмады ма? Еркекке еркек үйленіпті деген не масқара? Көрейін деген қызығымыз осы ма еді?.. Өз заттарыңды ал да, мына пәтерден кет. Мен енді сені көргім келмейді. Елге не дейміз, марқұм қайнымның алдында қалай жауап беремін?.. Сен шіріген бір жұмыртқасың, кет!», деп қайнысының аманат етіп кеткен ұлын үйінен қуып шығады. Ол тірлігі үшін о дүниелік болып кеткен қайнысынан «Аманатыңды, орындай алмадым, жарқыным. Кешір мені, айналайын, асыл қайным! Кешір, кешір...», деп көз жасын аямай төкті, жарықтық. Осындай оқиғаларды естігенде төбе шашың тік тұрады. Бұл әрине, үлкен қасірет, адамның азғындауы, адами қасиеттің жоғалғаны. Одан артық не айтасың... Қазақтың салт-дəстүрі бойынша жеті атаға дейін қыз алысуға үзілді-кесілді рұқсат жоқ екені жайлы мақала басында айтылды. Оны бұзғандар ертеде қатаң жазаланды. Мұны аз десек, Тəуке ханның «Жеті жарғысында» ондайларға өлім жазасы белгіленген. Қан тазалығы, генофонд сақталмаса, адамдар генетикалық мутацияға ұшырайтыны қазір жақсы мəлім. Ол бұқаралық сипат алып, ұзаққа созылған жағдайда тұтас халықтың жер бетінен жойылып кету қаупі бар. Қазіргі кезде жақын ағайындас адамдардың бір-біріне үйленуі салдарынан олардың əулеттерінде кемақыл (олигофрения), кемтар балалардың тууы жиі кездесетінін байқап жүрміз. Сондықтан да біріншіден, әркім өзі білетін атасына дейін тізбектеп, мүмкіндігінше кімнен кімнің тарайтындығын нақтылап шежіре жазуды қолға алса. Арғы аталарын білмесе, ең болмағанда өзінің туған атасынан бастасын. Оның неше ағайынды болғандығы, балалары, содан соң өзін, әрі қарай өзінің балаларын және немерелерін таратып жазса деген ұсыныс айтпақпыз. Екіншіден, жеті атаға кіретін ағайындардың ішіндегі елге адал еңбек еткен, білімді, ерекше қасиеттері барлары туралы мағлұматтарды жинақтаған жөн. Кімнің-кім екенін көпшілік біліп жүргені дұрыс. «Кімің бар? Қай атаның баласысың?» дегенде белгілі азаматтарға, тұлғаларға айналған руласыңды мақтан еткеніңнің еш артықшылығы жоқ. Үшіншіден, әр әке өз ата-тегі жайлы жазбаларын кейінгі ұрпағы – балаларына беріп, табыстап отырғаны жөн. Олар өз кезегінде оны әрі қарай толықтырып, ұрпақтарына жеткізу міндет. Сонда ғана жетінші ұрпағымызды, ата тегімізді, түп- тамырымызды біліп отыруға мүмкіндік болады. Ру, ата-баба шежіресін білген көптік етпейді. Қайта, ол сауаттылығымызды көрсетеді. Түзу тәрбие мен тәртіп сақталса, ұрпақ текті болатыны әрі оның азбайтыны анық. Бұрынғылардың «Тәні саудың, жаны сау» деген нақыл сөзі мен жөн сұрасқандағы «Ата-тегің кім?» – деген бір ауыз сөзінде осындай терең мағына жатса керек. Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасын қатаң сақтаған халық. Қазір бұл заңдылық, өкінішке қарай, бірте- бірте бұзылып келеді. Бұл бүгінгі күннің үлкен қасіреті екенін мойындауымыз керек. Өйткені, қазір ата-тегін сұраспай, сезімнің жетегіне беріліп, жеті атаға толмай-ақ қыз алысып, қыз берісіп жатқандар кездесуде. Олардың ұрпағы, қаны бұзылып, балалары кемтар, əлжуаз, аурушаң болып тууы медициналық-генетикалық тұрғыдан əбден мүмкін. Генетика заңдылықтарына көз жүгіртсек, туысаралық неке міндетті түрде келер ұрпаққа кері əсер етеді: туа біткен генетикалық ауруларға (олигофрения – кемақыл, даун ауруы жəне т.б.) ұшыратып, генетикалық өзгерістерге, қанның бұзылуына, ұрпақтың майдалануына, əлжуаздыққа, əлсіздікке алып келетіні айқын. Тұқым қуалаушылықтың заңдылықтары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі өрескел қате. Себебі, ондай адамдардың генотиптерінде ұқсастық болады. Ал, тұқым қуалайтын аурулар мен түрлі кемістіктерді көбінесе рецессивті гендер анықтайтындығы белгілі. Олар тек рецессивті гомозигота жағдайында ғана білінеді. Туыстық некеде ондай мүмкіншілік көп болады. Сондықтан олардан туатын ұрпақта кемістік көп кездеседі. Керісінше, туыс емес ерлі- зайыптыларда ондай жағдай өте сирек кездеседі жəне ұрпақтың тіршілік қабілеті жоғары болады. Себебі, олар көбінесе гетерозиготалы жағдайда болатындықтан, Мендель заңына сəйкес, ауру мен кемістікті анықтайтын рецессивті генді доминантты ген жеңіп кетеді. Ата-бабаларымыздан келе жатқан қалыптасқан дəстүр бойынша жеті атадан кейін ғана некелесуге рұқсат беріледі. Бұл – біздің гендік қорымыздың мол əрі мықты болуына əсер етеді. Сондықтан мұндай дəстүрді мүмкіндігінше сақтауымыз қажет. Осы күндері əлемнің генетик ғалымдарын таңғалдырып отырғаны – қазақтың ұлттық генетикаға байланысты тарихи ұғымы. Балалары кембағал болып туып, əртүрлі генетикалық ауруларға (ақыл-ойды таяздайтын олигофрения ауруы, сан түрлі неврологиялық- жүйке аурулары, аяқ-қол кемістігі) тап болады. Сондықтан отбасын құратын, əсіресе, тегінде тұқым қуалайтын кемістіктер бар адамдар медициналық- генетикалық кеңес алғаны жөн. Мұндай кеңес беретін орталықтар қазір Қазақстанның көптеген қалаларында бар. Ерте кезде Еуропа елдерінде өздерін «ақсүйек» санайтын корольдер, патшалар мен императорлар, князьдар мен графтар арасында өзара құда түсіп, балаларын үйлендіріп, қыздарын тұрмысқа беретін салт-дəстүр болғаны тарихтан белгілі. Уақыт көрсеткендей, бірте-бірте əлгілердің арасында сан түрлі тұқым қуалайтын аурулар көбейіп, қандары бұзылып, ауру-сырқау көбейген. Өмірдің қатпар-қатпар тарихын, тылсым құбылыстарды саралаған қазақ халқының «ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген сөзі орынды айтылған. Ағайындастар арасындағы некенің басым көпшілігі бақытсыздыққа алып барады. Туысқандар арасында алакөздік пайда болып, олардың некелерін қостамайтын ағайындар теріс айналады, тіпті, жас жұп елдің қарғысына ілігеді. Ертеде білмегендіктен ондай оқиға кездесіп қалса, ауылдан аластап, басқа жаққа (бөтен өңірге, алыс ауылдарға, қалаға) көшіріп жіберетін қатал тәртіп бар болатын. Исландия мамандары əйелдер арасында жүргізген зерттеулерінің қорытындысы бойынша, туыс болып келетін ағайындар арасында қыз алысудың нəтижесінде нəрестелердің дүниеге аз келетінін анықтаған. Есесіне, өзге жерден қыз алғандар баланы да, немерені де көбірек сүйген. Бұл дерек пен дəйектердің барлығы терең ойға жетелейді. Өйткені, соңғы кездері кейбір зерттеушілер ағайын аралық некенің зияны жоқтығын айта бастады. Бұл қате пікір. АҚШ-тың өзінде ағайындардың бір-бірінен қыз алып, қыз беруіне моральдық тыйым салынған. Ал 31 штатта бұл мəселе заң арқылы шегеленіп қойылған. АҚШ-тың Ұлттық генетиктер қоғамының мамандары дүниеге келетін өзге балалармен салыстырғанда, туыстар арасындағы балаларда сырқат 2-3 есе көп болатынын жасырмайды. Одан қала берсе, нашақорлар мен маскүнемдер, бұзақылар да осындай некеден көп тарайды. Осының зардабын тартып жүрген көршілеріміз де бар. Мəселен, Тəжікстан парламентінің төменгі палатасы жақын туыстар арасындағы некеге тыйым салатын жəне жас жұбайларды үйленбей тұрып, медициналық тексеруден өтуге міндеттейтін заңға енгізілген түзетулерді бірауыздан мақұлдады. Ол заң бойынша бөлесімен жəне жиендерімен некеге тұруға болмайды. Тəжікстанның денсаулық сақтау министрлігінің мəліметінше, кемтар балалардың шамамен 30-35 пайызы жақын туыстардың некесінен туғандар. Дəстүрдің озығы бар, тозығы бар дей келе, «Қашанғы жеті атаға жабысып отыра береміз?», «Бүйректен сирақ шығаруды қазақ қайдан алған? Неге біз сол ескі дәстүрге жабысып қалғанбыз?», – деп қасиетті ұлттық дәстүрімізді жоққа шығарғысы келетіндер бар. Тіпті, бұқаралық ақпарат құралдарында да осы тектес сұрақтар көтеріліп, талқыға түсіп жатады. Бұл олардың ғылымда түсінігі таяздықтан яғни, генетика заңдылықтарына терең көңіл аудармағандықтан болу керек. Генофондты таза сақтау, гендерлік мутацияның кері әсерінде шаруалары жоқтықтан болар, сірә. Иә, біздің дала өмірінде сан мәрте аласапыран дәуір өтсе де туыс адамдар бір-бірімен қарым- қатынаста үлкен əдептілік сақтаған. Жеңіл әзіл- қалжың құрдастар, жеңгелер мен балдыздарға арнап айтылса да әдепсіздікке жол бермеген. Тіпті, ойын- сауық кездерінде де туыс адамдар бір-біріне анайы əзіл-оспақтар айтпаған. Жалпы халқымыз əсіресе, рулық сипаттағы қауымдастықтар туыстық қарым- қатынасқа айрықша мəн берген. «Туысым-бауырым» деп ерекше сыйлап, жақын тартқан. Өздерін туыс санап, бір отбасының мүшелеріндей сезінген. Сірə, осындай сана-сезім туыс адамдардың некелесуіне жол бермеген. Уақыт өте келе ол мызғымас салт-дəстүрге, заңдылыққа айналған. Біздің Ұлы даламызда ғылым құптайтын, ғалымдарды таңдандырып отырған жақын туыс адамдардың некелесуіне жол бермейтін жеті атаға дейін қыз алыспауды талап ететін әдемі дəстүр сақталып отырғаны қуантады. Бұл ежелден келе жатқан дəстүр ұрпақтарымыздың арасында қан тазалығын, біраз тұқым қуалайтын аурулардан сақтап қалды, сақтап та келеді. Сол туысаралық некеге жол бермеу заңдылығы туралы ата-баба дəстүрі басқалардың да игілігіне жарап жатса, ол халқымыздың əлемдік өркениетке қосқан айтулы үлесі емес пе? 2019 жылы ақпан айында Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі ағайынды адамдардың балаларына үйленуге тыйым салуды ұсынды. Бұл ұсыныс қоғам тарапынан қолдау тауып, «Неке және отбасы» Кодексінің 16-бабына өзгеріс енгізді. Яғни, қаны бір жəне немере бауырларға отбасын құруға рұқсат берілмейді. Қазақтың неке туралы жазылмаған заңдылығы қазір АҚШ, Жапония, біраз Еуропа елдерінің генетик- ғалымдарын таңғалдырып отыр. Арнайы зерттеу жұмысын жүргізгендері де баршылық. Сөйтіп, ерте заманнан ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан неке заңдылығы басқа халықтарға да өнеге болып отыр. Ойдан ой қуып, қазақ генетика заңдылығын қашан жəне қалай білген деп таңғаласың. Бұл – ата-бабаларымыздың тектілігінің тағы бір айғағы ғой. Кезінде еліміздің Парламентінің бір отырысында қазіргі уақытта бедеулікке ұшыраған әйелді денеден тыс ұрықтандыру (ЭКО) мәселесіне көпшіліктің көңілін аударып, бір ер азаматтан алынған аталық ұрықты тек екі болашақ анаға ғана пайдалану жайлы, егер олай болмаса бірте-бірте келер ұрпақтың «қаны бұзылып», генетикалық конфликтіге ұшырайтыны, туа біткен аурулар және ауру-дімкәс балалар саны күрт өсетіні жайлы хабардар етіп, бұл мәселеге көз жұмып қарауға, жүрдім-бардым, енжарлыққа ұрынуға болмайтынын мәселе етіп қойған еді. Мұны дер кезінде, орынды көтерілген мәселе деп қабылдағанымыз жөн. Өйткені, бір ер азаматтан алынған аталық ұрық көптеген әйелдерге енгізілсе, олардан жарық дүниеге келген жас сәбилер генетикалық жағынан туыс, жақын ағайын болмай ма? Егер ертең олар өсе келе бірімен-бірі некеге тұрса, олардың балалары кембағал, ауру болып тумасына кім кепіл? Осы жерде әлгі «Артық етеміз деп, тыртық етіп алмайық» деген қазақтың сөзі еріксіз еске түседі. Сондықтан, бүгіндері ЭКО саласында қызмет етіп жүрген мамандар бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, келер ұрпаққа аса жауапкершілікпен қарағаны жөн. Ойланатын, ой елегінен өткізетін дүние. Тектілік – ананың сүтімен, әкенің қанымен келетін ерекше асыл қасиет. Генетик-ғалымдарымыз осы бағытта ғылыми ізденістер жүргізіп, болашақ ұрпағымыздың дендері сау, тектілік пен зерделілік қасиеттері жоғары болуына ерекше көңіл бөлуде. Әрине, бұл тек ғалымдарымыздың қолында тұрған іс емес, ол бізге яғни, көпшілікке байланысты дүние. Лайым, ұлтымыз аман, ел-жұртымызда тыныштық, келер ұрпағымыз текті де саналы, зерделі болғай!  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар