Миралиевтер отбасы

Миралиевтер отбасы
ашық дереккөз
Миралиевтер отбасы
Меркі ауданына танымал, сыйлы шаңырақтың қатарында Миралиевтер отбасы бар. Отағасы Бақыт Миралиев жоғары білімді инженер- механик. Жігіт шағында Алматы ауыл шаруашылығы институтында оқып, өзіне талай дос тапқан. Еңбек жолын Меркі аудандық ауылшаруашылық мекемесінде инженер болып бастаған. 1985-1995 жылдары аудан аумағындағы Жданов ұжымшарында бас инженер болып қызмет етті. Ал, техникалардың тоқтамай жүріп тұруы бас инженерге тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда Бақыт өзінің нағыз маман екенін танытты. 1995 жылдан жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. «Күншуақ» атты жекеменшік балабақшасы бар, «Күншуақ» атты жекеменшік медициналық орталық ашқан. Бәкең бұл күнде ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүр. Отанасы Махатова Раушан Бексейітқызы–Алматы медициналық институтын 1980 жылы аяқтаған. Қырық бес жылдан бері медицина с а ласында білікті дәрігер ретінде танылып келеді. 2018- 2020 жылдары Меркі аудандық ауруханасында бас дәрігердің орынбасары болып қызмет атқарған. Денсаулық сақтау саласының үздігі. Әр жылдары ҚР Президентінің Алғыс хатын иеленсе, «Гиппократ» орденімен, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Қыздары Лаура анасының жолын қуып, дәрігерлік мамандықты таңдапты. Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық университетті кардиолог дәрігер мамандығы бойынша бітіріп, Тараз қаласындағы «Жүрек» кардиоорталығында он жыл еңбек еткен. 2021 жылдан бастап «Күншуақ» медициналық орталығының кардиолог, реабилитологы, жалпы практикалық дәрігері болып қызмет атқарады. Ұлдары Ахан Алматы қаласындағы теміржол колледжін бітірген. Қазіргі таңда кәсіпкер. Миралиевтер отбасында да балдай тәтті немерелер өмірге келіп, тәрбиеленіп жатыр. Олардың тілін қызықтаған атасы мен апасы барлық шаршағандарын ұмытып, өздерін бақытты сезінеді. «Осы Меркіде еңбек еттік. Өмір жолымызды туған жерге арнадық. Еңбегіміз елеусіз қалған жоқ. Қазіргі таңда кәсіпкерлігіміз де мемлекет тарапынан үлкен қолдау тапты. Ұл-қыздарымыз да туған жерге еңбектерін арнап отыр. Елдің кішкентай бүлдіршіндері тәлім алсын деп балабақша аштық. Тұрғындар емделіп, денсаулықтарына шипа тапсын деп медициналық орталық ашып отырмыз. Мұның бәрін аудан экономикасының дамуына қосылған үлес деп есептеймін. Өзімнің перзенттеріме, немерелеріме тек адалдықты үлгі етемін. Адал еңбекпен жүріңдер, адалдықты ту етіңдер деп айтып отырамын. Жалпы, ұлағатты отбасылардың қатарындамыз деп білемін. Жаратушыға шүкіршілік етемін», дейді отағасы Бақыт Миралиев.  

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар